
Полная версия:
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Самал. Айт, айт бәрін әкеңе! Мүмкін жететін шығар санасына. Осының бәрі ол үшін сөзге тұрмайтын ұсақ-түйек бірдеңе сияқты.
Қалкен. Кім ұсақ-түйек деп тұр?! Мен бәрін түсініп тұрмын. Әкім қолындағы бар тетіктерді пайдаланып, қоластындағы қызметкерлердің барлығын маған айдап салып тұр. Оның мақсаты мені талқандау. Өйткені дәл қазір біздің ауданда оған қарсылық білдіріп отырған бір-ақ адам қалды – ол мен. Жұрт біздің шайқасымыз немен тынады екен деп, демін ішіне тартып отыр. Кім жеңеді? Жоқ! Олай емес! Мәселе тіпті әкім екеумізде емес! Не жеңеді?! Міне, қандай сұрақ халықты толғандырып тұр! Не жеңеді? Ақиқат па? Әділеттік пе? Сөз бостандығы ма? Адамдар арасындағы теңдік пе? Ұлттар арасындағы теңдік пе? – Әлде жалған ба? Әділетсіздік пе? Теңсіздік пе? Біздің қоғам қандай? Шынында да, жоғарыдан радио, теледидар, газет-журнал арқылы айтылып жатқандай ашық, демократиялық, прогресстік қоғам ба, әлде теңдік жоқ, сөз бостандығы жоқ, қатыгездік пен өтірік, сыбайластық пен жемқорлық билеген қоғам ба? Міне мәселе қайда! Мәселе менде емес, мен тек біздің адамдардың, жүздеген жерлестеріміздің ақырғы үмітімін. Енді мен басымды исем, егер айтқан сөзімді қайтып алсам… арғы жағын ойлағым да келмейді.
Алма. Әке, мүмкін мен сондай қараңғы шығармын. Бірақ жаңағы айтқаныңның бірін де түсінбеймін. Меніңше, ешкім жаңағы айтқан мәселелер жөнінде бастарын қатырып жатқан жоқ. Мен білетін қарапайым адамдар, жанымдағы құрбыларым – солардың неден бастары қатып жүр? Қандай мәселелер оларды толғандырып тұр? Күнделікті күн көріс, табыс, балаларының киетін киімі, ішетін асы. Біреуінің күйеуі арақ ішіп маскүнемдікке салынып барады, соған қандай ем табуға болады? Екіншісінің байы басқа әйелді ұнатып жүр, соған кетіп қалмасы үшін не істеу керек? Үшіншісінің қызы бір ұрымен қосылып, сол күйеу баласы ұрлықпен ұсталып сотталайын деп отыр, оны қалай алып қалуға болады? Және алып қалу керек пе, әлде күйеуінен айырып алған жөн бе? Төртіншісінің ер баласы бұзақы жігіттердің бандасына кіріп үйден безіп кетті, қалай оны сол достарынан ажыратып үйге қайтарып алуға болады? Бесіншісі… тағы-тағысы, сол сияқты толып жатқан шешуін күтіп тұрған сұрақтар бастарын қатырып жүр менің жанымдағы құрбыларымның. Ертең менімен бірге базарға барып сөйлесші солармен, сендерге сөз бостандығы керек пе, деп сұрашы, ол не, дейді. Өйткені олар, онсыз да ауздарына келгенін шатады. Демократия керек пе, десең, басты қатырмашы дер. Одан да сорақы сөзді бетіңе былш еткізбесе. Меніңше, біздің халыққа жаңағы айтылған сөздердің бірі керек емес! Міне, менің пікірім. Ал қалғанын өздерің біліңдер, мен сендердің ұрыс-керістеріңе араласқым келмейді. (ауыр күрсініп орнынан тұрады) Кеттім, жатамын – шаршадым. (кетеді)
Қалкен Самалға қарайды. Самал екі қолын екі жаққа жаяды. Қалкен төмен қарап, біраз уақыт үнсіз отырады. Сосын телефонның тұтқасын алып кнопкаларын басады.
Қалкен. Алло… Жазира?
Жазира. Қалкен?! Сен… сен…
Қалкен. Мен сенің газетің арқылы, өткен жолғы мақаламдағы фактілерді жалған деп мойындап, әкімнен кешірім сұрайын деп едім. Қашан келуге болады?
Жазира үндемейді.
Қалкен. Жазира! Естіп тұрсың ба?
Жазира. Естіп тұрмын. (жылап жатқаны естіледі)
Қалкен. Ертең тоғызға қарай келемін, орныңда боласың ба?
Жазира. (сөздерін өксікпен араластыра) Е-ей, есіл арысым-ай! Бір сен едің соққан дүлей дауылды керек қылмай төтеп тұрған алып емендей. Сені де құлатты ма? Енді не болдық!
Қалкен. (телефонның тетігін басады да тағы біреудің нөмірін теріп алады) Алло! Мен, Қалкенмін. Ертең жаңа өлең… ода әкелемін. Орныңызда боласыз ба?
Мерген. Бәрекелді! Міне нағыз ақылды жігіттің шешімі! Әкел, әкел, мен тосамын. Сен үшін есік ашық, сені тосып түні бойы отыруға дайынмын.
Қалкен тұтқаны тастай береді. Екі алақанымен бетін басып төмен қарап қатып қалады. Самал аяқтарын ақырын басып бөлмеден шығып кетеді.
Қалкен. (басын көтеріп, көрермендерге) Міне, өмір прозасы деген осы. Бұл проза басталысымен поэзиямен қоштасуға тура келеді. Көпшілік поэзияны ұйқас сөйлемдер жинағы деп біледі. Жоқ, олай емес. Ұйқас сөйлемдерден құралған шумақтар – ол поэзияның сыртқы пішіні. Ал нағыз поэзия, нағыз ақындық – ол өміріңді өзің ойлағандай, өзің жоспарлағандай, өзіңнің еркіңмен бағдарлап сүруіңде. Ондай өмір тек нағыз ақындардың еншісіне беріледі. Және де сол ақындар поэзияның биік шыңына қымбат баға төлеп шығады. Мен сол биік поэзияның шыңына шыға алмадым. Мен төменде жер бауырлап қалдым. Сондықтан… сондықтан мен енді өзімді ақын деп санай алмаймын. Өлеңдер жинағым да жарық көрер… мүмкін, сыйлықтарға да ие болар. Бірақ, мен ақын емеспін. Енді ақын емеспін. Мен енді тек ұйқас сөйлемдер құрастырушымын.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Қалкеннің жаңа кітабының презентациясы. Бергі планда түрлі жеміс және газдалған сусын тұрған үстел. Екінші планда, тағы бір үстелдің жанында Алма кітап сатып тұр. Самал соның жанында еденде тұрған бумалардан кітаптарды алып Алманың алдына қойып жатыр. Қайрат сол бумаларды сырттан әкеліп жүр. Тағы бір үстелдің жанында Қалкен өзінің кітабын сатып алғандарға автограф жазып отыр. Әр үстелдің жанында кезекте қатар-қатар тұрған адамдар. Артқы планда мінбер тұр, президиумға дайындалған, үстіне бір-екі шоқ гүл қойылған, үстел. Залда музыка ойнап тұр, халық гу-гу әңгімеде.
Бергі планда тұрған үстелдің жанына қолтықтарына бір-бір кітап қысып алған ер адам мен әйел келіп, жемістен ауыз тиіп тұрып әңгімелеседі.
Ер адам. Кітап қалай? Бірдеңе оқып үлгердің бе?
Әйел. Иә, біздің жаңа әкімге арналған оданы оқып шықтым.
Ер адам. Қалай екен?
Әйел. Не деуге болады? Әкім ұлттық батырдай мадақталыпты.
Ер адам. Оның бізге келгеніне бір-ақ ай болған жоқ па? Бір айдың ішінде не тындырыпты сонша ода арнайтындай?
Әйел. (мырс етіп күліп) Сол ода болмаса бұл кітап та жарық көрмеуші еді. Аудан бюджетінен қаржыланыпты деген сыбыс бар.
Ер адам. Е, онда түсінікті! Қазіргі заманда кітап басып шығарғың келсе, не биліктегі біреуді, не қалталы біреуді мадақтау керек.
Екеуі үстелге жақындаған Мерген мен Мақпалды көріп, әңгімелерін жалғастырып кете барады.
Мерген. (екі стаканға сусын құйып, біреуін Мақпалға ұсынады) Ода қалай?
Мақпал. Жарап-ақ тұр. Алайда…
Мерген. (мырс етіп) Алайда, басқа өлеңдерге қарағанда, нашарлау дейсің ғой.
Мақпал. Иә, дәл өзі! (ол да күледі)
Мерген. Әрине, ол заңды. Еріксіз жазылған өлең қандай, жүрек жарып шыққан сөз қандай!
Мақпал. Иә. Әсіресе маған, Қош, қайран ғашығым, деген өлең ұнады. Қандай түбсіз мұң! Кімге арналған сол өлең?
Мерген. Сен шынында да ештеңе білмейсің бе?
Мақпал. Жоқ, не білуім керек еді?
Мерген. Мен саған бір нәрсе айтайын. Саған өтірік – маған шын.
Мақпал. Жоға! Мен саған сенемін ғой.
Мерген. Сен шынында Қалкен мен Жазира туралы ештеңе естімедің бе?
Мақпал. Ә, онда түсінікті! Арғы жағын айтпасаң да болады.
Мерген. Ал сен сол Жазираның біздің басекеңнің тоқалы болғанын да білетін шығарсың?
Мақпал. (Мергенді көкірегінен итеріп жіберіп) Кет әрі! Не дейд?! (күледі, оған Мерген қосылады)
Мерген. Ол өзі бір дастанға лайық оқиға. Оқиғаның басын өзің де білесің – әкімнің бірінші жиналысында басталған… (Самал мен Алманың жақындап келе жатқандарын көріп, Мақпалды қолтықтап алып кетеді)
Самал мен Алма Қайраттың жеткізген кітаптары бітіп қалғандықтан сусын ішіп, жемістерден ауыз тиюге үстелге жақындайды. Олардың соңынан бір жігіт пен қыз келеді.
Жігіт. Енді кітап сатылмай ма?
Алма. Кітап таусылып қалды.
Қыз. (күледі) Осы мен дегенде бәрі таусылып қалатын несі бар екен?
Алма. Жоқ, кітап бар, жететін. Қазір інім әкеледі.
Самал. Кешіріңіздер, біз осыншама көп сұраныс болады деп ойламап едік. Сәл тоса тұрыңыздар, қазір балам жеткізеді.
Жігіт пен қыз кетеді.
Алма. Әкем нағыз ақын екен! Мен оның өлеңдерін оқырман дәл осындай ынтамен қарсы алады деп ойламағам. Қарашы, презентацияға келген халықты – құмырсқадай құжынайды!
Самал. (сусын ұрттап жатып, күліп жібереді) Осылардың бәрі әкеңнің поэзиясына құштар деп ойлайсың ба?
Алма. (шешесіне таңырқай қарап) Поэзияға құштар емес адам мұнда келе ме?
Самал. Баламысың деген осы! Мұнда келгендердің көбін әкімшілік жинап отыр. Әкімнің атынан әр мекемеге, мәселен, біздің мектепке, бәлен кісі презентацияға барсын деген үкім келді. Сосын біздің директор мұғалімдерді жинап алып, Қалкеннің презентациясына барасыңдар деп бұйырды. Жәй барып қоймай, әрқайсың бір-бір кітап сатып аласыңдар, дүйсенбі күні өзім тексерем, кімде кітап болмаса, кім презентацияға қатыспаса – менен жақсылық күтпеңдер, деді. Қандай шаралардың арқасында мына зал халыққа толғанын, неліктен әкеңнің кітабына осындай сұраныс туып отырғанын түсіндің бе?!
Алма. (жүзіндегі қуаныш арайы су сепкендей басылып) Ә, солай ма?! Сонда не үшін әкім әкеме мұндай құрмет көрсетіп отыр?
Самал. (күліп) Әкім сенің әкеңді қайтсын! Ол өзінің қамын ойлап отыр. Кітаптың бірінші бетіндегі соған арналған, соны мадақтап жазылған оданы көрген жоқсың ба?! Әкім бұл презентациямен өзінің беделін тағы бір биік дәрежеге көтерейін деп тұр. Республикалық газеттің тілшісі де келіпті!
Алма. Ода әкімге арналған ба? Басеке деген кісі туралы емес пе.
Самал. Басеке – сол әкімнің өзі! Басар Базарұлы! Атын атасаң да Басеке, бастық десең де басеке! Осы күнге дейін әкімнің есімін білмей қайда жүргенсің?!
Алма. Жоқ, әкемнің әкімді мақтап ода жазатынына сену қиын.
Самал. Енді не істемек?! Сол ода болмаса кітап басылымнан шықпайды. Ода болмаса оған мұндай презентация қайда?! Мына құмырсқадай құжынаған халықты қалай жинап алушы едік? Мына залды бізге кім береді?
Алма. Залды берсе несі бар?! Әкемдей ақынға бермегенде, кімге береді?
Самал. Әкеңдей ақын?! Кім оны біліп жатыр? Ал Барқыт Жүсіпова қандай әйгілі әнші?! Эстрада жұлдызы емес пе! Ал соған осы залды бермеді ғой. Ол осында концерт қоя алмай кетті. Соның бәрін істеген біздің әкім. Ол бүкіл мекемелердің басшыларына, Барқыттың концертіне ешкім бармасын, деген бұйрық беріпті. Со жолы біздің директор, оқушыларыңа ие болыңдар, концертке біреуі барып қалса жауапты әкімнің алдында өздерің бересіңдер, деді. Сосын, Барқыт қаладан кетіпті деген хабар келгенше балаларды сыныптан шығармай ұстап отырдым. Тіпті әжетханаға да шығармадым. Ал Барқыт Жүсіпова кім, сенің әкең кім, өзің ойлашы.
Алма. (төмен қарап) Е-е… м-м…
Самал. Не? Не дедің?
Алма. Жәй… маған енді бұл презентация қызық болмай қалды. Кітап та сатқым келмейді.
Самал. О не дегенің?! Кітап өтіп тұрғанда сатып қалу керек. Әсіресе мынадай қымбат бағамен. Саудадан түскен ақшаның елу пайызы біздікі. Ертең, кітап дүкендеріне мұндай бағамен өткізе алмаймыз.
Алма. Бұл кітаптың бағасы мен үшін түсіп қалды. Кітаптың да, әкемнің де. Меніңше, әкем бекер осы оданы жазып, текке кітабын арзандатып алды.
Самал. Үйбай! Мына қызды қара! Сен не – ұмыттың ба?! Әкеңді көндірген сен емес пе! Сенің көз жасың әкең үшін ақырғы тамшы болған жоқ па! Әкім екеуіңнің қатынастарыңда жұмысым жоқ – тек тауарымды қайтартып берсең болды, Қытай мен Түркияға баруға армандап жүр едім! Сен емес пе осыны айтқан?!
Алма. (жылап жібереді) Иә! Мен, мен! Бірақ осындай сұмдық боларын, осндай масқараға әкемді батыратынымды білгенде, мен сол арманымнан бас тартар едім. (фартугін шешіп үстелдың үстіне тастай салып жүгіріп шығып кетеді)
Самал. (фартукты алып өзіне тағып жатып) Мынаны қарай гөр! Мен осы қызды түсінбеймін. (кетеді).
Кітап сатылысы тоқтап қалғасын Қалкеннің жанындағы кезек те бітіп, ол автограф жазудан босайды. Кезектің соңында тұрған Жазира кітабын оған ұсынады. Қалкен кітапті алмай, орнынан тұрып, бергі планда тұрған үстелге беттейді. Жазира соңынан еріп келеді.
Қалкен. (сусын құйып жатып) Кешір, Жазира, мен саған автограф жаза алмаймын.
Жазира. Неге?
Қалкен. Не деп жазайын?! Бір сатқын екінші сатқынға кітап арнайды, дейін бе? Бұл кітаптағы өлеңдерді мен саған арнап жазғам. Бірақ оның бәрі өткен өмірде қалды. Енді міне – бұл кітапты да сатып жібердім. Өте арзан бағаға саттым.
Жазира. (көзінің жасын сүртіп тастап) Сонымен біз сатқын атандық… иә, солай болды. Мен қазір өзімді жаман түс көріп жатқандай сезінем. Әне-міне оянып, осының бәрі түс екен ғой деп қуанып көкірегімді толтыра бір дем алсам ғой деп армандаймын. Әттең! Ояна алмаймын. Әрине, менің сатқындығым айқын. Мен сені… сенімен бірге өзімді де бірінші болып сатып кеттім. Ал сен ше? Сен қалай құладың? Есіңде ме – мені күреске шақырғаның?! Жарайды, менің затым әйел… қанша қауқарлансамда мен тек бір осал қатынмын. Ал сен неге күреспедің? Жаумен жалғыз қалып ойсырадың ба?
Қалкен. Жалғыз қалғаным шын. Бірақ, жалғыз да шайқасуға болар еді. Егер жау шайқас ережелерін ұстанса. Ал егер ол ережелерді өрескел бұзса ше?! Егер жау қарсыласын айналып кетіп, ту сыртындағы қорғансыз жатқан қатын-қалашты тұтқындап алып, бала-шағаң өлмесін десең қаруыңды таста десе не амал қалады?!
Жазира. Е-ей, адал арысым-ай! Сен мұның бәрін әуел бастан білмедің бе?! Өзің адал болғасын бұкіл жұртты да адал деп жүрдің ғой. Өзіңдей бүкіл жұрт өмірдің мағынасы адал еңбек пен биік нысаналар деп ойлап жүр дедің бе?! Жо-оқ! Егер солай болса адамзат баяғыда жерұйықты тауып алушы еді. Биік нысаналар тек асыл даралардың еншісі. Еншісі де, соры да! Сен сол даралардың бірісің, сондықтан да әрдайым жалғыз боласың. Және де өмірдің бүкіл ауыртпалығы сенің, сен сияқты ардақтылардың басына түспекші. Бүкіл қиянаты, қатыгездігі мен әділетсіздігі, бүкіл зұлымдығы мен енжарлығы сенің еншіңе тимек.
Қалкен. Жоқ Жазира, мен дара емеспін. Мен сол ардақтылардың қатарына ене алмадым. Мен соларға сай бола алмадым. Мен, өкінішке орай, сол төніп келген зұлымдық пен қатыгездіктен басымды сауғалап алып кеттім. Ең ақырғы мезетте бұғып қалдым. Сен өзіңді менің алдымда кінәлімін деп санап жүрсің, өзіңді менің деңгейіме, дәрежеме жете алмадым, сай бола алмадым деп жүрген боларсың. Жоқ, олай ойлама. Сен айтқандай – сенің затың әйел. Ал менің ер деген атым бар еді. Сол ер деген атағыма сай бола алмадым, ерлік жасай алмадым, жауға төтеп бере алмадым, оған айламды асыра алмадым. Өжет сарбазбын деп жүріп, биік нысананы аламын деп жүріп, күнделікті ұсақ-түйек, күйбең тіршіліктің, тұрмыстың алдында екі қолымды көтеріп жауға берілдім де кеттім. Мені құртқан сол тұрмыс деген түбі жоқ тұңғиық, мен соған белуарымнан баттым да қеттім. Өжет сарбаз қатын болып шыға келді…
Кітап сатылуы қайтадан басталады, енді Қайрат өзі әкелген бумаларды өзі ашып, Самал сауданы жалғастырды. Қалкеннің сөзін тағы бір автограф алғыш топ бөліп жібереді.
Топ. Қалкен аға, автограф жазып беріңізші! Маған да! Міне, менің кітабыма да! (Қалкенді қоршап алып Жазирадан алыстатып әкетеді)
Жазира солардың соңына біраз уақыт қарап тұрып, тұрып кетеді. Жұмағали келеді.
Жұмағали. (Асығыс жүріспен мінберге өтіп кетіп жұрттың назарын өзіне қаратпақшы болып алақандарымен мінберді соғады) Тыныштық! Тынышталыңдар! Әй, сөндір музыканы! (жұрт тынышталғасын) Астыртын хабар! Бүгін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аудан әкімі Басар Базарұлыны, бес миллион теңге пара алып жатқан жерінде тұтқындап, абақтыға қамады. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Обылыс әкімінің бұйрығы бойынша, біздің ауданға жаңа әкім тағайындалғанша, әкімнің қызметі уақытша маған міндеттелді. Әкімшілік қызметкерлерін әкімнің кабинетіне жиналысқа шақырамын. Ал, тараңыздар, презентация болмайды.
Топтың ішінен біреу. Қашан болады?
Жұмағали. Шынын айтсам – білмеймін. Қазіргі жағдайға қарағанда, мүлдем болмайытын шығар.
Тағы біреу. Енді мына сатып алған кітаптарды не істемекпіз?
Жұмағали. Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Менің бұл іс шараға еш қатысым жоқ. Бұл сұрақты кітап авторына қойған дұрыс болар. (кетеді)
Бірінші адам. Автор, мына кітапты қайтып алыңыз. Ақшамды қайтып беріңіз.
Екінші адам. Мен де соны талап етемін.
Үшінші адам. Мен де…
Самал. Жоқ! Болмайды! Сатылып кеткен тауар қайтып алынбайды! О несі ей!
Халық шуласып Қалкен тұрған үстелдің жанынынан өтіп жатыр. Қалкен алақандарымен бетін басып төмен қарап үнсіз отырып қалған. Кейбіреулері сатып алған кітаптарын сол үстелдің үстіне тастап кетіп жатыр. Самал өтпей қалған кітаптарын жинап, Қайрат екеуі кетеді. Олар кетісімен Қалкен жалғыз қалады. Оның жанына Ақынжан келеді. Оның қолында кітап.
Ақынжан. (Қалкенді түртіп) Аға, жұрттың бәрі қайда кетіп қалды?
Қалкен басын көтереді, оның көздерінен аққан жас бетін жуып кетіпті.
Ақынжан. Аға! Сіз неге жылап отырсыз? Үлкен кісі жылай ма?
Қалкен. (бетін алақанымен сүртіп жатып) Жоқ… жылаған жоқпын. Жәй… көзіме бірдеңе түсіп кеткен-ау деймін. Сен өзің қайдан келдің? (залда баланың ата-анасы бар ма дегендей жан-жағына қарайды) Сенің есімің кім?
Ақынжан. Ақынжан. Мен ақын боламын.
Қалкен. (жымиып) Есімің жақсы екен. Ал ақын бала Ақынжан, шығарған өлеңдерің бар ма?
Ақынжан. Иә, бар.
Қалкен. Кәне, оқып берші.
Ақынжан. Мен Ақынжан баламын
Ата-ана тілін аламын.
Үлкен ақын болғанда
Өз жолымды табамын.
Қалкен. Бәрекелді! Сен шынында да ақын бала екенсің. Ал мына кітапты саған кім берді?
Ақынжан. Ешкім берген жоқ. Тауып алдым. Ә-әнеу гүл тұрған үстелдің жанында жерде жатыр екен, сосын көтеріп алдым. Кітап жерде жатпау керек қой, иә?
Қалкен. Иә, дұрыс айтасың. Не жатса да кітап жатпауы керек еді. Ал осы кітапты оқыдың ба?
Ақынжан. Иә, оқыдым.
Қалкен. Ұнады ма?
Ақынжан. (кітаптың бетін ашады) Иә, ұнады. (бірінші бетін аттап өтіп) Жоқ, мына ода ұнаған жоқ. Ә! Мына өлең тамаша екен! Оқып берейін бе?
Қалкен. Оқышы.
Ақынжан. Болашақ ақындарға.
Келеді басқа заман, келеді әлі
Ақындар бас бостандық алар бәрі
Көкірегін еркін кернеп, бар дауыспен
Шырқатар ән-өлеңін жас пен кәрі.
Келеді әлі, келеді басқа дәуір
Адамдар бір-біріне болар бауыр
Сол дәуірге, шіркін-ай, жетер ме екен?
Өлеңімнің, тым құрғанда, бір шумағы.
Кім білсін, мүмкін жетер, мүмкін жетпес,
Жетсе де түсіне ме екен бір әріптес.
Ақынның қолын байлау, тілін кесу,
Ешқашан, еш заманда мүмкін емес!
Десе де көрінбейтін кісен қолда
Кесілмеген тілің де тіс қорғанда.
Сол қорғаннан байқаусызда шығып кетсе
Тіл түгілі алынар қу басың да!
Келер ме екен жаңа заман, келер ме екен?
Ақындар тіл бостандық алар ма екен?!
Қалкен. Кім жазғанын білмейсің бе?
Ақынжан. Жоқ. Бірақ, кім болса да жақсы ақын жазыпты. Нағыз ақын екен.
Қалкен. (балаға байқатпай көзіне келген жасын сүртіп) Иә, мүмкін… мүмкін солай да болар. (орнынан тұрып балаға қолын береді) Ал, Ақынжан, кеш болды ғой, кетейік.
Ақынжан. Иә, кетейік…
Шымылдық
ТӨҢКЕРІС
Трагедия
Кейіпкерлер:
Ғабдуррахман – шейх, «Әл-хизб» партиясының басшысы.
Асқар – имам.
Жамал – Асқардың зайыбы.
Гүлнәр – Асқардың қызы.
Берік – Асқардың ұлы.
Иван – Гүлнәрдың жігіті.
Мария – Иванның шешесі.
Лариса – Иванның қарындасы.
Халел – ҰҚК қызметкері.
Қази, оның хатшысы, сарбаздар, жендеттер, шейхтың көмекшілері және қылмыскерлер мен куәгерлер.
Қала тұрғындары, стадиондағы тұтқындар мен күзетшілер.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Қала саябағы. Ағаштар қызыл-сары жапырақтарға бөленген, яғни күн күз. Бір орындықтың жанында, тыныштық таба алмай, Иван ерсілі-қарсылы жүріп жүр. Ол қайта-қайта ағаш арасындағы соқпаққа көз тастап қояды. Со жақтан Лариса келеді.
Иван. (қарындасына ұмтыла) Лариса, сенбісің? Гүлнәр қайда?
Лариса. (орындыққа отыра кетіп) Ол келмейді.
Иван. Неге?
Лариса. Неге, неге! Келмеймін деді, бітті.
Иван. Неге келмейді? Қандай себеппен?
Лариса. Қолым тимейді дейді.
Иван. Қолы тимейтіндей не істеп жатыр?
Лариса. Демалып жатыр.
Иван. Демалып?! О не деген сөз өзі?!
Лариса. Білмейсің бе?! Демалып жатыр дегені – дем алып жатқаны!
Иван. (ашулана бастап) Әй, Лариса! Қылжақты қойсаң. Жөніңді айт – Гүлнәр қайда?
Лариса. Кім қылжақатап тұр? Келмеймін деді, қолым тимейді деді, дем аламын деді. Ал саған ол…
Иван. Не деді? (пауза) Айтсаңшы енді! Не деді ол маған?
Гүлнәр. (ағаш тасасынан шыға келіп) Ол саған да демалсын деді.
Иван. Гүлнәр! (құшақтай алып сүйгісі келеді)
Гүлнәр. (жігіттің көкірегіне қолдарын тіреп сүйгізбейді) Сабыр, сабыр! (құшағынан сытылып босап орындыққа отырады, Иван да соның жанына жайғасады) Ұмытпа, біз мұнда жалғыз емеспіз.
Иван. (Ларисаға) Лариса, үйге қайт!
Лариса. Кетпеймін.
Иван. Бар дедім ғой!
Лариса. (одан алыстап отырып, басын шайқайды) Жооқ! Кетпеймін.
Иван. (орнынан тұра беріп) Әй! Мен саған не дедім!
Гүлнәр. Тиме, отыра берсін. Ол бізге бөгет болмайды.
Иван. (қарындасына біраз қарап тұрады, сосын оның қозғалмасына көзі жеткесін, орнына отырады да Гүлнәрға бұрылады) Гүлнәр, меніңше…
Гүлнәр. Ваня, жанарларыңды сондай қайғылы қылмашы. Бұлай қарайтындай еш себеп жоқ.
Иван. Неге себеп жоқ?! Меніңше… меніңше, біздің екеуміздің болашағымыз… меніңше, біздің болашағымыз бұлыңғыр.
Гүлнәр. Неге?
Иван. Сен Асқар ағамен сөйлестің бе?
Гүлнәр. Әкеммен бе? Не жөнінде?
Иван. Екеуміз жөнінде.
Гүлнәр. (күліп жібереді, оған Лариса қосылады) Сен де қайдағыны айтады екенсің. Қалай мен әкеммен ондай сөз қозғамақпын?
Иван. Жарайды. Ал Жамал апаймен сөйлестің бе?
Гүлнәр. Анам бәрін біледі.
Иван. Сонда ол кісі не дейді? Қарсы емес пе?
Гүлнәр. Қалай деп айтсам екен… өзің білесің, әкем де, анам да сені жақсы көреді. Алайда, бұл жәй мәселе емес.
Иван. Неге? Бұл сенің пікірің бе?
Гүлнәр. Жоқ. Бұл анамның сөзі. Мәселе әкемнің имам болғанында.
Иван. Түк түсінсем бұйырмасын! Имам болса ше?
Гүлнәр. Тү-ү! Түсінбейтін не бар! Өзің ойлашы – имамның қызы мұсылман емес адамға тұрмысқа шықса не болғаны?!
Иван. Иә, не болғаны?! Гүлнәр, сен Асқар ағамен сөйлесуің керек еді. Мен білемін – ол қарсы болмайды. (пауза) Жоқ! Мен ол кісімен өзім сөйлесемін! Иә, мен өзім сөйлесемін. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланады)
Гүлнәр. (оның қолынан тартып орына отырғызады) Тоқтай тұр, Ваня. Иә, әкем қарсы болмас. Бірақ біз оның жағдайын да ойлаумыз керек.
Иван. Оның жағдайын?!