Читать книгу Ақын мен Әкім. Пьесалар (Қайыркелдi Руспаев) онлайн бесплатно на Bookz (6-ая страница книги)
bannerbanner
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Оценить:
Ақын мен Әкім. Пьесалар

4

Полная версия:

Ақын мен Әкім. Пьесалар

Жамал. Барма. Ол сені тыңдамайды… ол енді ешкімді тыңдамайды. Ол тым қатты кетті… көрмейсің бе не болып жатқанын! Одан да отыр, ақылдасайық. Біз не істейміз, соны анықтап алайық.

Асқар. Сен нені айтып отырсың? Маған Ғабдуррахманға барып бүлікті тоқтату керек.

Жамал. Сен оған енді ештеңе істей алмайсың. Сен әлі түсінбедің бе – ол сені алдап соқты. Менің ойымша, бізге кету керек. Бүгін кету керек – ертең кеш қаламыз.

Асқар. Кету керек?! Қайда?

Жамал. Білмеймін. Ең әуелі, жолдарды жауып тастамай тұрғанда, қаладан шығып кету керек. Ал сосын табармыз қайда баруды… мәселен, біздің ауылға барайық. Бір-екі апта әкейдің үйінде бола тұрармыз, мүмкін, оған дейін бұл бүлік те басылар. Өкімет, президент қарап отырмас.

Асқар. Жоқ, Жамал, болмайды. Дәл қазір мен кете алмаймын. Қалай халықты, жамағатты тастап қашып кетпекпін! Мен олардың имамы емеспін бе! Және қашатындай бізге қауіп төніп тұрған жоқ. Дәл біздің отбасымызға қауіп төніп тұрған жоқ.

Жамал. Оны қайдан білесің?! Мына бүлікшілерден не хайыр күтуге болады? Ертең мені, не қызыңды пәренже кимедің деп дүреге жықса не істейсің?!

Асқар. Енді киініңдер адам сияқты! Ешкім «пәренже ки» деп тұрған жоқ, хиджап, кимешек, ұзын етек көйлек киіңдер! Неше жыл мен саған қақсап келемін – сенің мына киім кисіңмен менің көзімді шұқып бітті ғой ақсақалдар! Ана қыз да киінсін, бұл киім мәселесі жөнінде мен Ғабдуррахманды жүз пайыз қолдаймын. Өздеріңді мұсылманмын деп санасаңдар, мұсылманға тән киім киіңдер, намазға жығылыңдар – Ғабдуррахманның бұл талаптары орынды. Бұл оның да талабы емес – бұл Алланың талаптары. Менің тек шейхпен келісе алмайтыным – басқа ұлттар мен басқа дін ұстанушыларға қаладан кетесіңдер, дегені. Және біртұтас мемлекетімізді бөлшектеп автономия құрамын дегені. Президент ешқашан оған келісім бермейді. Мұның бәрі үлкен қантөгіске апарып соғады.

Осы мезетте телефон шыр етеді. Асқар тұтқаны көтереді.

Асқар. Алло, бұл кім?

Ғабдуррахман. (оның дауысы динамик арқылы естіліп тұрады) Ассаламу ғалайкүм! Мен ғой, Ғабдуррахман. Асеке, сіз тезірек «Ақ үйге» жетіңіз, менің жұмыс орыным енді сонда, бұрынғы әкімнің кабинетінде. Шариғат сотын ұйымдастыру керек. Сол мәселе жөнінде ақылдасайық.

Асқар. Ғабдуррахман! Бұл не?! Біз бұлай келіспеген едік. (Жамал күйеуінің жанына келіп әңгімеге құлағын тосады)

Ғабдуррахман. Асеке, екеуміздің арамызда ешқандай келісім болған жоқ.

Асқар. Сіз мені алдап соқтыңыз! Сіз төңкерісті жүзеге асырып отырсыз, ал мен мүлдем бейхабар отырмын. Бұл қалай?! Партияның минимум-жоспарында ешқандай төңкеріс жөнінде, ешқандай автономия жөнінде бірде-бір сөз жоқ еді ғой. Кеше ғана өткен жиналыста бұл сұрақ күн тәртібінде…

Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп қатал үнмен) Имам! Сіз әлі біздің партиямыздың мүшесі емессіз. Менен жауап талап ететін құқығыңыз жоқ. Төңкеріс – партияның ішкі ісі.

Асқар. Қателесесіз, шейх! Бұл сұмдық, бұл авантюра – біздің қаламыздың тұрғындарына, бүкіл республикамыздың халқына тікелей қатысы бар. Мен сізді дәл осындай авантюризмге баратын ақымақ деп санамап едім.

Ғабдуррахман. Бұл ақымақтық емес. Авантюризм де емес. Бұл…

Асқар. Енді не?! Президент сіздің мына заңсыз әрекеттеріңізге жайбырақат қарап отырады дейсіз бе?! Менде ақпарат жоқ, сонда да – мүмкін дәл қазір біздің қалаға қарай әскери бөлімшелер аттанып жатқан болар. Қара да тұрыңыз – бүгін-ертең біздің қала қоршауға алынады. Содан кейін сіздің алдыңызға президенттің ультиматумы тарс етіп түспесе маған келіңіз.

Ғабдуррахман. (қарқылдап күледі) Тоқтай тұрыңыз, Асеке! Мені ақымақтар санатына қосуға асықпаңыз. Президент маған емес, мен өзім оның алдына ультиматумды тарс еткіземін!

Асқар ашуланып телефон тұтқасын тастай береді.

Асқар. (Жамалға бұрылып) Мен кеттім. Өзімен көзбе-көз сөйлесу керек.

Жамал. Асқар! Меніңше бұл есуаспен сөйлесудің өзі бекер. Естіген жоқсың ба – президентке ультиматум қоямын дейді.

Асқар. Иә, оның есі дұрыс емес. Сонда да оны бірдеңе қылып тоқтату керек.

Жамал. Асқар, сен оны енді тоқтата алмайсың. Мүмкін, кеше ондай мүмкіндік болған да шығар. Ал бүгін тым кеш қалдың. Енді сен өзіміздің қамымызды ойла. Машинаңда бензин бар ма? Не ғып тұрсың? Бар, Берікті мектептен алып кел, Гүлнәрға телефон соғамын.

Асқар. Жамал… Жамал, тыңдашы – мен қаладан кетпеймін… мен кете алмаймын. Дәл қазір, біздің қалаға қауіп төніп тұрғанда, кете алмаймын. Өзің ойлашы – қалай мен, бас имам бола тұрып, бәрін тастап, бас сауғалап қашып кетпекпін?! Жоқ, мен олай істей алмаймын. Сен де кетпейсің… ешкім ешқайда кетпейді. Мен қазір Берікті әкеліп тастаймын. Сосын қыз бен ұлға ие болып үйде отыра тұр. Меніңше, ұзақ отырмассыңдар. Бұл бүлік көпке созыла қоймас. (шығып кетеді)

Жамал. Әй, қайдам. Жүрегім бір жамандықты, бір сұмдықты сезіп тұрған сияқты. Кетпей, қалып қойғанымыз үшін әлі өкінеміз бе, Алла біледі. Әлгі қыз қайда жүр? (қызына қоңырау шалады) Гүлнәр! Сен қайдасың? Қалай алаңдамайын, қалай алаңдамайын?! Көрмейсің бе не болып жатқанын! Әй! Әңгімені доғар! Үйге қайт! Кетеміз. Көшеде байқап жүр, абайла.

Ол сыпырғыш пен қалақ алып келіп әйнек сынықтарын сыпырып жинайды да балконның ішкі есігін жабады. Берік пен Мария келеді. Беріктің басы бинтпен таңулы.

Берік. (шешесінің жанына жүгіріп келеді, Жамал оны құшақтай алады) Мама! Біз не көрдік – білесің бе?

Жамал. (баласының таңулы басын қолымен ұстап зерттей қарайды) Не болды, Берік? Қатты жарақаттандың ба?

Берік. (шешесінің қолын басынан алып тастайды) Ә! Ештеңе емес! Танк гүрілдеп біздің мектептің жанына келгенде біз терезеден қарап тұрғанбыз, сосын зеңбірегінен гүрс еткізіп атқанда әйнектер күл болып ұшты да кетті. Сонда бір шынының сынығы маңдайыма тиіп кетті.

Мария. (Жамалға жақындап келіп Беріктің иығына қолын қояды) Жарасы терең емес, сәл ғана сызып өтті. Құдай сақтады.

Берік. Иә, жәй тек сызып өтті. Ештеңе емес. Мен басымды таңбайын деп едім, Мария Петровна болмады. (Марияға қарайды)

Жамал. Жарайды, ештеңе етпес. Әйтеуір аман-есен үйге жеткеніңе тәубе. Ал ана қыз қашан келеді екен? Берік, сен бар, жинал. Біз жол жүреміз. Джинсың мен бір-екі көйлек ал, тіс щеткаң мен пастаңды рюкзағыңа сал. (баласын бөлмесіне қарай итеріп жібереді де Марияға бұрылады) Маша, кел, отыр, шай ішіп алайық. Мына оқиғалар ауыз кептірді (екеуі шайға отырысымен қонағына шай құйып берісімен) Мә, печеньеден ал.

Мария. (шайдан бір-екі ұрттап алып) Жоқ, тамақтан ас өтпейді. Не істерімді білмей отырмын. Ал сендер не – кететін болдыңдар ма?

Жамал. Мен кеткім келеді – бірақ Асқар көнбей тұр. Ол кете алмаймын дейді, жамағатымды тастап қайда барамын дейді. Мүмкін оған қарамай, балаларды алып тайып отырам ба. Ал сендерге кету керек.

Мария. Иә, мен де соны ойлап отырмын. Бірақ, Ваня… ол… сен ештеңе білмейсің бе?

Жамал. Не жөнінде?

Мария. Ол «Әл-хизб» партиясының мүшелігіне кіріп кетіпті. Мына аласапыран басталысымен оған қоңырау шалып, қаладан кетейік, деп едім, ол мен ешқайда кетпеймін, мен партия мүшесімін, біз ислами автономия құрып шариғат заңын орнатамыз, демесін бе. Сол жерде құлай жаздадым! Біз ешқайда кетпейміз, бізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, дейді. Енді міне – не істерімді білмей отырмын.

Жамал. Әй қайдам, дәл осындай сөзді жаңа Асқар да айтып еді. Ал мен бір сұмдық боларын сезіп тұрмын. Менің саған беретін кеңесім – мүмкіндік барында қаладан шығып кет. Ертең әлгі шейх ислам дінін қабылда деп бұйырса не істейсің? Ларисаны ал да кет! Ал Ваня – ол өзі білсін. Ол енді бала емес, өзінің ақылымен өзінің тағдырын өзі шешкені дұрыс шығар. Тек қана бұлардың барлығы өз ақылымен жүргенге ұқсамайды. Әлгі шейх Ғабдуррахманның ықпалына түсіп кеткенге ұқсайды. Ал ол ше – ол адамдарды алдап-арбап алған. Әне, Асқарды да алдап соқты. Асқар оның төңкеріс дайындап жүргенін біліпті. Иә, Ваня да оны білді. Бірақ жап-жас жігіттен не сұрайсың! Және де ол Асқардың соңынан еріп жүр. Ол өзі ислам дінін Асқар үшін қабылдаған жоқ па.

Мария. Жоқ, ол ислам дінін Гүлнәр үшін қабылдаған. Және де Асқар сол партияға мүше болмаған көрінеді.

Жамал. Иә, Асқар партия қатарына кірген жоқ. Бірақ ол солардың құпия жоспарларын біліп жүріпті. Жиналыстарына қатысып жүріпті. Ал шейх ше – ол Асқардың мұсылмандар арасындағы беделін пайдаланып, жастарды, гарнизонның офицерлерін өзінің ықпалына түсіріп алғанға ұқсайды. Олардың барлығы Асқар мен Ғабдуррахманның ісі бір деп жүрген ғой.

Мария. Сонда олардың ісі бір емес пе?

Жамал. Иә, Асқардың айтуынша, екеуінің жоспары бір. Алайда, Асқар сол жоспарды төңкеріс арқылы жүзеге асыруға қарсы болыпты.

Мария. Енді Асқар не істемекші?

Жамал. Ол енді не істей алады?! Ол енді ештеңе істей алмайды! Шейх енді оған құлақ та аспайды, ол өзінің дегеніне жетті. Жоқ, кету керек! Жол ашықта кетіп үлгеру керек! Асқар жамағатын тастай алмаймын дейді. Мүмкін соған қарамай, балаларды алып кетіп отырсам қайтеді, ә?

Мария. Білмеймін. Әрине, балалардың жағдайын ойлау керек. Бірақ, сендерге қауіп төніп тұрған жоқ тәрізді.

Жамал. Әй, қайдам! Кімге қандай қауіп төніп тұрғанын кім біледі? Мен…

Осы жерде Гүлнәр мен Иван кіреді. Иванның үстінде «Әл-хизб» жасақтарының униформасы. Белбеуінде тапаншаның сауыты.

Гүлнәр. Сәлеметсіз бе, Мария тәте.

Мария. Сәлеметсің бе, Гүлнәр.

Иван. Сәлеметсіз бе, Жамал тәте.

Жамал. (жігітке тесірейіп қарап тұрып) Сәлеметпіз… Ваня. Сені тану қиын, үстіңдегі киімің бір түрлі.

Гүлнәр. (жігітінің абыржыңқырап тұрғанын сезіп алға шығады) Қалада не болғанынан хабардарсыздар ма?

Жамал. (қатал үнмен) Сен қайда жүрсің?!

Гүлнәр. Біз бе? Біз орталықта болдық. Онда…

Жамал. (сөзін бөліп жіберіп) Онда соғыс болды! Сен өзіңе қандай қауіп төніп тұрғанын білдің бе?!

Гүлнәр. Мен Ваняның жанында болдым.

Иван. Жамал тәте, сіз ол үшін алаңдамаңыз. Бізге ешқандай қауіп төнген жоқ. Біз…

Жамал. Сен не – путчист болып кеткенбісің?!

Иван. Жоқ, біз путчист емеспіз.

Жамал. Сонда кімсіңдер? Сендер емес пе заңды өкімет орындарын құлатқан!

Иван. Жамал тәте, олай демеңіз. Бізде болған өкімет заңды емес еді. Ал біз енді нағыз заңды өкімет құрамыз.

Мария. (Жамалға) Бұларға енді бірдеңе деудің өзі бекер! Бұлар тек шейхтің ауыздарына салып берген сөздерін қайталаумен әлек.

Иван. Олай емес, мама! Мен өз еркіммен «Әл-хизб» партиясының мүшесі болдым, өз еркіммен біздің заңсыз билікті құлатуға шешім қабылдадым. Хазіреті шейхтің басшылығымен біз қоғамды Алланың тура жолына жетелейміз. Біз…

Жамал. Тозаққа жетелейді сенің хазіреті шейхың! Отқа түсіреді!

Гүлнәр. Ана! Не болды сонша Ваняға шүйіліп!

Жамал. Енді не істе дейсің? Өлтір, өрте, қыр, жой, дейін бе?!

Гүлнәр. Кім қырып-жойып жатыр?!

Жамал. Қырып-жоймағанда не қалды?! (терезе жақты нұсқап) Әне, қара өзің, полиция бөлімшесінің не болғанын. Сонда біреу тірі қалды деймісің? Танктің зеңбірегімен талқандалған үйде кім тірі қалушы еді!

Гүлнәр терезеге беттей бергенде даладан бірдеңе гүрс ете түседі де, енді балконның ішкі есігі шалқасынан ашылып, әйнектері күл-талқаны шығып шашылады. Қыз шыңғырып жібереді де кері шегініп кетеді. Иван оны құшақтай алып денесімен қорғалайды. Жамал мен Мария бұғып қалады.

Берік. (жүгіріп келіп терезе арқылы көшеге қарайды) О! Қараңдар – Абылайханның күл-паршасы шығыпты.

Жамал. Берік! (баланың жанына жетіп барып оны кері тартып алады) Өле алмай жүрмісің, сорлы бала?!

Берік. Қорықпа, бітті, енді ештеңе болмайды.

Жамал. (баласын өзіне қысып көшеге көз тастайды) Иә! Енді Абылайханның ескерткіші кімге бөгет болды екен?

Мария. Басталды! Енді қаладағы бүкіл ескерткіштер құлатылады. Бюсттер мен барельефтер талқандалады. Мекемелер мен мұражайдағы суреттер де жойылады. Өйткені, жануар мен адамды суретке салу ислам дінінде харам.

Жамал. Е-е! Бұл есуастар тек қана ескерткіш пен суреттерді құртумен шектелсе жарар еді. Сурет пен мүсіндерден кейін адамдардың өздерін құрта бастамаса. (Иванға қарайды)

Иван. (Гүлнәрды қолынан тартып есікке қарай беттейді) Ал, біз кеттік.

Жамал. Бар, бар! Қыр, жой, жар, құлат! Өлтір! Тек қана Гүлнәрда жұмысың болмасын. Ол енді саған жоқ.

Гүлнәр. (Иванмен кетуге ыңғайланып) Мен қазір келемін.

Жамал. (қызының жанына жетіп барып оның қолын жігіттің қолынан жұлып алып) Жоқ, сен ешқайда бармайсың! (басқа бөлменің есігіне қарай итермелеп) Бар, киіміңді жина, біз кетеміз.

Гүлнәр. Кетеміз?! Қайда?

Жамал. Әзірше білмеймін, әйтеуір осы қаладан шығып кетсек болғаны.

Гүлнәр. Әкем да кете ме?

Жамал. Кетпегенде не?! Оны осында, мына есуастардың арасына қалдырып кетпекпісің?

Гүлнәр. Білмеймін. Әкем имам емес пе.

Жамал. Имам болса не?!

Иван. Жоқ, Асқар аға ешқайда кетпеуге тиісті.

Жамал. Иван! Отбасымыздың мәселесін өзімізге шешуге рұқсат беретін шығарсың?!

Иван. Ә, иә… кешіріңіз. Ал, мен кеттім… (кетіп бара жатып есік алдында бөгеледі, Гүлнәр да келесі бөлменің есігінің алдында тоқтап, екеуі бір мезгіл бір-біріне үнсіз қарап тұрады да шығып кетеді)

Мария. (ұлын көзімен шығарып салып Жамалға бұрылады) Иә, бұларды тез арада тоқтатпаса, бүлдіреді талай істі!

Жамал. Тоқтататын шығар. Президент бұл бүлікке жай қарап отырады деймісің. Тиісті шара қолданар.

Мария. Иә, өкімет қарап отырмайды. Жарайды, мен кеттім. Әлгі Лариса қайда жүр екен? Соны аламын да кетемін. Облыстағы ағама барып уақытша паналармыз. Ал Ваня қалса – қалсын. Ол енді бала емес.

Жамал. (құрбысын шығарып салып) Аман-сау кездескенше, Маша. Жолдарың болсын.

Мария. Сау бол. Сендерге де оң сапар тілеймін. Мүмкін, жақын арада қайтып келіп кездесерміз.

Жамал. Мүмкін… (Марияның соңынан есік жабылысымен) мүмкін, біз ешқашан бір-бірімізді көрмеспіз. Алла біледі, енді не болатынын.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Сахнаның артқы қабырғасында әкімшіліктің ғимараты суреттелген декорация. Ғимараттың маңдайшасында ислам дінінің жасыл туы желбіреп тұр. Декорацияның бергі жағында мұсылманша киінген жігіттер мен қыз-келіншектер, ағайлар мен жеңгейлер, ақсақалдар мен әжейлер тұр. Сахнаның ортасында адамға дүре соққанда кісендеп қоятын баған. Жұмысшылар ағаштың діңін әкеліп қояды. Тағы бір жұмысшы қасапшының балтасын әкеліп діңге қадайды. Дің мен балтаны көрген жұрт шуласып кетеді. (немесе осының бәрі сахна көлемінде жоқ, тек қана адамдардың сөздерінен анықтауға болады)

Бірінші адам. Бағанды не үшін орнатқан?

Екінші адам. Қылмыскерлерді дүре соғарда кісендеп байлап қояды.

Бірінші адам. Ал мына балта мен дің не үшін керек?

Екінші адам. Қылмыскерлердің басын алу үшін!

Бірінші адам. Кет әрі!

Екінші адам. Иә! Бұлар сені әке-көке демейді. Қылмысты болдың ба, күнәға баттың ба – қолма қол басыңды алады.

Үшінші адам. Әй! Түк білмесең жұртты бекер дүрліктірмей жәй тұр. Балта мен дің ұрылардың қолын шабуға керек.

Бірінші дауыс. Бәсе! Басын алады дегені…

Сахнаның бір жағына «Әл-хизб» партиясының қарулы жасақтары келіп сап құрады. Олардың белбеулерінде тапаншаның сауыты, қолдарында резеңке шоқпар. Сахнаның бергі бетінде, көрермендерге қырын беріңкіреп үстел тұр, оның бір жағында үш орындық тұр. Қази келіп ортаңғы орындыққа жайғасады. Оның соңынан, қолында қалың дәптері бар хатшы келеді де қазидың сол қолындағы орындыққа отырып, дәптерін ашып, қаламын алып бірдеңе жаза бастайды. Олардың соңынан, жендеттер мен көмекшілерін ертіп Ғабдуррахман келеді. Шейх униформа киген, басында сәлде, қолында қамшы, аяғында етік.

Ғабдуррахман. (оң қолын қамшысымен бірге кеудесіне басып) Ассаламу ғаләйкүм!

Топтан бір-екі дауыс. Уа ғаләйкүм ассалам!

Ғабдуррахман. Мұсылмандар! Бүгінгі күн тарихқа кіретін күн. Өйткені қазір, біздің жерімізде бірінші рет, шариғат соты өтпек. Біз көп уақыт заңсыз өмір сүрдік. Өйткені бұрынғы заң-сымақтарды адамдар ойлап шығарған. Ал шариғат заңы – ол Аллаһтың заңы! (қазиды нұсқап) Мына мұсылманды мен өзімнің әмірімен қази етіп тағайындадым. Қази, бұрынғы сот-сымақтарға қарағанда өте әділ, заңның бұрмалауына жол бермейді, пара алмайды, өйткені ондай қылмыс үшін Аллаһтың алдында жауап береді. Әрине, бұрынғы сот-сымақтар да Жаратқанның алдына барады, бірақ олар оны білмеді, олар оған сенбеді. Олар өздерінің қылмыстарын жұртқа білдірмей бақты. Алайда, Аллаһтан еш нәрсені жасыра алмайтынын ойламады. Ал, енді көп сөзге бармай, Аллаһтың атымен бастайық. Бисмиллә!

Қази. Бисмиллә!

Ғабдуррахман. (көмекшілеріне) Кәне, әкеліңдер қылмыскерлерді.

Көмекшілері екі қызды алып келеді. Бірінші қыздың бұтында денесімен бір болып жабысқан, арғы жағынан бүкіл бөксесі айқын көрініп тұрған дамбал тәрізді бірдеңе. Екіншісі тым жас, бұтында джинсы, джинсы мен үстіндегі топик деген қысқа киімнің арасы ашық, қыздың кіндігі көрініп тұр. Толық қыз ашулы, ал жас қыздың жүзі үрейлі.

Ғабдуррахман. Бұл не деген батпан құйрық, ен далада жатқан құйрық! (қыздың артқы жағынан қамшымен тартып жібереді – қыз шыңғырып ілгері жылжып кетеді, бірақ шейхтың екі көмекшісі оны орнына қайтарады)

Бірінші қыз. А-ай! Неге ұрасыз?!

Ғабдуррахман. Ұрмағанда не істейін? Сипа деймісің?

Бірінші қыз. Жоқ, сипамай-ақ қойыңыз. Бірақ неге ұрасыз, мына қамшыңыз жаман тиді ғой. И-и…

Ғабдуррахман. Ендеше неге арт жағыңды ашып жүресің?

Бірінші қыз. Ашып жүрген жоқпын.

Ғабдуррахман. Әй! Ашпағанда не қалды? Арт жағың тырсиып анадайдан менмендеп айқайлап тұрған жоқ па! (халыққа қарап) Бұл баланың ата-анасы бар ма? Анасы кім екен өзі?

Топтан бір әйел шығып шейхтің жанына келіп тоқтайды.

Қыздың анасы. (көз жасын сүртіп) Мен… мен бұл байғұстың шешесі.

Ғабдуррахман. Қызыңызды қалай тәрбиелегенсіз? Қалай ғана мына түрімен көшеге жібергенсіз?

Қыздың анасы. Е-е… бұлар қазір бізді тыңдай ма! Мода солай дейді. Көйлек кисеңші десем, арт жағыңды жапсаңшы десем, менің арт жағым әдемі, оны жауып қайтемін, дейді. Бәрі өзімнің байлығым – ешкімнен ұрлап алған жоқпын, дейді.

Ғабдуррахман. О Аллаһ! Ақыр заманың жақын болар. Қыздарымызда мынадай былқылдаған батпан құйрықтан басқа байлық қалмаса, ақыр заманның келмесі не?! Ақыл, инабат, ұят, – бәрі әдірем қалды. Қазақтың қызына тән ажарлы келбет, сұлу дидар, бота көз, қалам қас, оймақ ерін, сымбатты бейне – мұның бәрінің қажеті болмай қалды. Мақтан тұтатын бір-ақ байлық қалды – тек мынадай, майдан тырсылдап жарылайын деп тұрған көт! (тағы да қыздың арт жағынан қамшымен салып қалады; қыз тағы да шыңғырып бұлқынады)

Ғабдуррахман. (Қазиден) Хазіреті қази, мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?

Қази. Жиырма дүре берілсін.

Ғабдуррахман. Дұрыс. (қызды ұстап тұрған көмекшілеріне) Кәнеки, апарыңдар, беріңдер тиісті дүресін. Айтқан ақыл құлақ арқылы қонбаса – арт жағынан қонатын шығар.

Шейхтың көмекшілері қызды дүре соғатын бағанға апарып қолдарын кісендейді. Жендет қызды қамшының астына алады. Қыз айғайға басып алаңды басына көтерді, оған қарайтын жендет жоқ, дүренің санын жария санап тұр. Халық гу-гу, кейбіреуі күліп жатыр, кейбіреулері қызды кекетіп бірдеңе деп жатыр, кейбіреулері жендетпен бірге дүре санап тұр. (немесе осының бәрі сахнада көрсетілмейді, көрермен тиесілі дыбыстар арқылы хабардар болады) Дүре соғылып болғасын жендеттер қызды босатады, ол арт жағын ұстап, ақсаңдап жәйіне кетеді. Ол жылап барады, топтың ішінен қызды кекетіп-мұқатып жатыр, қыз оларға бірдеңе деп жауап қатып барады.

Ғабдуррахман. (Қазидың жанына оралып келіп, екінші қызға) Кіндігің неге ашық, ә?! (қыздың кіндік тұсын көздеп қамшысын сермейді, қыз шыңғырып жіберіп, ішін екі қолымен басып, бұғып қалады, оның жанында тұрған шейхтің көмекшілері еріксіз тұрғызады)

Екінші қыз. Ағатай! Ұрмаңызшы! Кешіріңіз, мен енді кіндігімді ашпаймын. Кешіріңіз, ағатай, кешіріңіз, мен енді дұрыс киініп жүремін! (жылап жібереді)

Ғабдуррахман. Киінесің, әрине киінесің! Енді жалғыз сен емес, барлық қыз-келіншек адам сияқты киініп жүретін болады. (Қазиға) Мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?

Қази. Бала тым жас екен. Сондықтан бірінші ретке кешірсек қайтеді?

Ғабдуррахман. Менен несін сұрайсыз – бұл жерде қази сіз емес пе! Шариғат заңы бойынша жаза беріңіз. Тағайындаған жазаңыз тым жеңіл болса, немесе орынсыз кешірім жасасаңыз Аллаһтың алдында жауап бересіз.

Қази. Иә, иә, әрине. Ал бұл балаға он дүре берілсін.

Ғабдуррахман. (көмекшілеріне) Апарыңдар бағанға, соғыңдар он дүре!

Халық шуласып кетеді. «Аясаңдаршы, қаршадай баланы қалай сабайсыңдар!» «Мүлдем жас әлі, қалай ғана қолдарың көтеріледі?!» деп жатыр.

Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Бұл не шу? Он дүреден ешкім өлмейді. Қайта жақсы сабақ болады. Өзіне де, басқа қыз балаларға да. Жандарың ашыса бұрын қайда болдыңдар! Неге жалаңаш жүргізіп қойдыңдар балаларыңды?! Осылардың бәрі сендердің алдарыңда жүрмеп пе еді! Жалаңаштанып, күнәға белуарынан батып жүргенде аямадыңдар, ал енді әділ жаза аларында аяп қалыпсыңдар. (көмекшілеріне) Неғып тұрсыңдар? Апарыңдар, байлаңдар бағанға.

Қызметшілер қызды бағанға кісендейді де, жендет қыздың жалынып-жалпайғанына, көз жасына қарамастан дүре соғады. (немесе бұның бәрі сахнадан тыс жерде болып жатқанын көрермен тиесілі дыбыстардың көмегімен түсінеді) Халық гу-гу. Сосын бұл қыз да босатылып жәйіне кетеді.

Қази. Енді кім бар?

Ғабдуррахман. Келесі қылмыскерді әкеліңдер.

Шейхтың көмекшілері бір жас жігітті алып келеді.

Қази. Бұл жігіттің қылмысы неде?

Ғабдуррахман. Бұл ұры. Қалта қағып тазартатын ұры, қолының жылбысқасы бар. Бір мұсылманның күмәжнігін ұрлап жатқан жерінде ұсталыпты.

Қази. Куәгерлер бар ма?

Ғабдуррахман. Бар. Куәгерлер, жақындаңдар. (екі куәгер келеді)

Қази. Бұл куәгерлер сенімді ме?

Ғабдуррахман. Әлбетте! Бұл мұсылмандарды біздің хазіреті имам сенімді адамдар деп сипаттаған. Екеуі де бұрыннан намазхан екен.

Қази. Жақсы. (бірінші куәгерге) Мына жігіттің ұрлық жасағанын өз көзіңізбен көрдіңіз бе?

Тоналған адам. (топтың ішінен шығып қазидің жанына келеді) Әрине! Бұл ұрының қолынан мен өзім ұстап алдым. Мен бұл жігітті қатал түрде жазалауыңызды сұраймын. (шейхке) Мен сізді жүз пайызға қолдаймын. Бұл ұрылар мен қылмыскерлер әбден құтырып алды. Осылай қатал жаза қолданып тыймаса болмайды.

Ғабдуррахман. Тыямыз, біз енді бүкіл қылмысты тыямыз. Ол жөнінде ешкім күмәнданбасын. Ал сіз орныңызға барыңыз, шариғат сотының жұмысына кедергі жасамаңыз.

Тоналған адам. Жақсы, хазіреті шейх. (кетеді)

Қази. (бірінші куәгерге) Мына жігіттің ана кісінің күмәжнігін ұрлағаны жөнінде куәлік етесің бе?

Бірінші куәгер. Иә! Бұ жігіттің ана кісінің күмәжнігін қалтасынан алып шыққанын мен өз көзіммен көрдім.

Қази. Күмәжнігін ұрлады ма, әлде қалтасынан алып шықты ма?

bannerbanner