Читать книгу Ақын мен Әкім. Пьесалар (Қайыркелдi Руспаев) онлайн бесплатно на Bookz
bannerbanner
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Оценить:
Ақын мен Әкім. Пьесалар

4

Полная версия:

Ақын мен Әкім. Пьесалар

Ақын мен Әкім

Пьесалар


Қайыркелдi Зейноллаұлы

© Қайыркелдi Зейноллаұлы, 2025


ISBN 978-5-4483-7802-7

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

АҚЫН МЕН ӘКІМ

Драма

Кейіпкерлер:


Қалкен – журналист, ақын.

Басар Базарұлы – аудан әкімі.

Жұмағали – әкімнің орынбасары.

Мерген – мәдениент бөлімінің меңгерушісі.

Мақпал – аудан әкімшілігі газетінің редакторы.

Жазира – жеке-меншік газетінің иесі.

Сергей Андреевич – оқу бөлімінің меңгерушісі.

Шолпан – әкімнің хатшысы.

Самал – Қалкеннің жұбайы.

Алма – Қалкеннің қызы.

Қайрат – Қалкеннің ұлы.

Васильев – кәсіпкер.

Имам.

Ақынжан – ақын бала.


Аудармашы, продюсер, полиция тобының басшысы, презентацияға қатысушылар.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Әкімнің кабинеті. Бастықтың үстеліне жалғасқан ұзын үстел. Әкім өзінің орнында. Ұзын үстелдің екі жағында Жұмағали, Мерген, Қалкен, Мақпал, Жазира, Сергей Андреевич және аудан әкімшілігінің бір-екі қызметкері отыр.


Әкім. Әкім болып тағайындалысымен менің көзіме мемлекет тілінің нашар жағдайы түсті. Ауыл қазақ мектептерінің саны тоқсан пайызға жуықтап қалыпты; бұл көрсеткіш жаман емес. Алайда, аудан орталығында жағдай нашар – қазақ тілінде сабақ беретін мектептер саны небары алпыс пайызды құрайды.

Жолдастар! Біз қазақ мектептерінің санын арттырмай мемлекет тілін тиісті деңгейге көтере алмаймыз. Сондықтан, жедел түрде аудан мектептерінің барлығын мемлекет тіліне көшіруіміз керек. Бұл жөнінде аудан әкімшілігінің қаулысының жобасын дайындап, келесі маслихаттың сессиясына ұсыну керек. Кәне, не дейсіңдер? (отырғандар үндемейді, сондықтан оларды көзімен шолып өтіп) Сергей Андрейұлы, бұл мәселе жөнінде айтарың бар ма?


Сергей Андреевич елең етіп басын көтеріп әкімге қарайды. Бірдеңе деу керегін түсініп сөзін бастайды.


Сергей Андреевич. (орыс тілінде айтылған сөздердің қазақша аудармасы динамиктен беріледі) Басар Базарович, в текущем году наш отдел образования проделал определенную работу по повышению роли государственного языка…

Әкім. Тоқтай тұр! Сергей Андрейұлы, егер бастықтың өзі қазақша сөйлемесе, қалай ол қарамағындағы мектептерде мемлекет тілінің жағдайын жақсартпақ?!


Сергей Андреевич түсінбегенін білдіріп Жұмағалиға қарайды.


Жұмағали. Сергей Андреевич, Басар Базарович спрашивает: как вы сможете повысить роль государственного языка в школах, если сами на нем не говорите?

Сергей Андреевич. Но, мы изучаем казахский язык.

Әкім. (түсінбегенсіп) Не дейді?

Жұмағали. Қазақ тілін оқып жатырмыз, дейді.

Әкім. Бәрекелді! (Сергей Андреевичке) Онда айтар сөзіңді қазақша айт.

Сергей Андреевич. Һм! Биз… биз… мем… мим… мемликет тилин… тилин… это… тилин… (алдында жатқан папкасын алып шығып кетеді).

Әкім. (көзімен оны шығарып салып) Міне – білім беру бөлімі меңгерушісінің түрі мынау. Жұмағали, бұның орнына қазақты қою керек. Оқу бөлімінде қазақ қызметкер бар ма?

Жұмағали. Бар. Меңгерушінің орынбасары қазақ. Сәкен деген жас жігіт.

Әкім. Жастығы айып емес. Тек еті тірі болсын.

Қалкен. Сергей Андреевич білім беру саласында қырық жылдан астам еңбек етіп келеді. Зейнеткерлікке шығуына үш жыл қалғанда, аяқ астында қазақша сөйлеп кетпедің деп жұмыстан шығарып тастауға бола ма!

Әкім. Әй! Бұл қайдан шыққан аққұлақтардың адвокаты?!

Қалкен. (атып тұрып) Сіз сөзіңізді бағып сөйлеңіз! Әкім екенмін деп ауызға келгенді шатуға бола ма?! Ал сіздің бүкіл орыс мектептерін қазақшаға аударамызға жол болсын! Ия, мемлекет тілінің жағдайы тиісті дәрежеде емес. Бірақ сіз ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістісіз. Қаламыздың тұрғындарының қырық пайызы орыс тілде сөйлейтін ұлттар өкілі. Сондықтан мектептердің қырық пайызы орыс тілінде білім береді. Бұл мәселеге абайлықпен кіріспесе…

Әкім. Тоқтат! (орнынан тұрып ерсілі-қарсылы жүріп кетіп, қалтасынан темекі алып тұтатады. Сосын орнына келіп, темекі қыстырған екі саусағын Қалкенге кезеп) Сен сияқты орысқұлдардың кесірінен қазақ орысқа тәуелді болды. Өз тілінен айырыла жаздады.

Қалкен. (жанында отырған Мерген оның жеңін тартып бірдеңе деп сыбырлайды. Қалкен қолын жұлып алып) Қазақтың орыстарға тәуелді болғаны жөнінде тарихта нақты деректер бар. Егер білмесеңіз, мен айтайын, ең әуелі Тәуке хан, содан кейін Әбілхайыр…

Әкім. Хандарда нең бар ей! Өткенді қопармай қазіргі жағдайды ойла. Қазақстан тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты, ал біз әлі орыстардың ықпалынан шыға алмай жүрміз. Неліктен?! Қорқамыз. Неден?! (Қалкеннің сөзін мазақтап қайталап) Ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістіміз, бұл мәселеге үлкен абайлықпен кірісу керек. Қашанға абайлай бермекпіз! Ә?! Кезінде орыс империясы бізді жаппай орысшаландырумен құртпақшы болды. Ендігі кезек біздікі. Енді біз жаппай қазақшаландыруға кірісеміз. Кімге ұнамаса – кетсін Ресейіне, жол ашық.

Қалкен. Сонда не?! Біздің демократиялы мемлекетіміз империалистік саясат жүргізбекші ме?! Орыс империалистері мен шовинистерінің жолына түспекпіз бе?! Онда олардан біздің қандай айырмашылығымыз болмақшы? Сіз мынаны айтыңыз – бұл жоғарыдан түскен нұсқау ма, әлде өзіңіздің ойыңыздан шығарып алған бірдеңе ме?

Әкім. (Жұмағалиға) Жұмағали-ау, айтшы, мынауың кім өзі?! Қызметі не – әкімге әкіреңдейтін?!


Жұмағали Мақпалға қарайды.


Мақпал. (орынан тұрып) Қалкен біздің газетіміздің тілшісі. Бірақ оның мына жеке пікірімен біздің ұжым келіспейді.

Қалкен. Мақпал, сіз қалай бүкіл ұжымның атынан сөйлейсіз! Сіз өзіңіздің пікіріңізді айтыңыз.

Мерген. Қалкен-әй, қойсаңшы енді! Қалай сен үп-үлкен адаммен тайталасасың! Мына Мақпал да, жақсы болсын, жаман болсын, бастығың емес пе! Және де бастық бола тұра ұжым атынан сөйлемей қайтпекші?!

Әкім. (өзінің орнына отырған) Мерген! Тоқтай тұр! (Мақпалға) Мақпал, мына немені жұмыстан босатасың. Дәл қазір, осыннан шығысымен. Басқарып отырған газетің – әкімшіліктің газеті, сондықтан мұны бұйрық деп ұқ.

Мақпал. Жақсы, Басар Базарови… Базарұлы. Тек қана…

Әкім. Не?! Орнына тілші таба алмаймын дейсің бе? Табамыз! Мұндай орысқұлмен қызметтес болғанша, мүлдем газет шығарамай-ақ қояйық.

Қалкен. (блокноты мен қаламын қалтасына салып, кетуге ыңғайланып) Жарайды… екі қолға бір жұмыс табылар. Осымен менің аузымды жабамын деп ойламаңыз. Әкімшілік газетінен басқа да басылымдар бар. (кетеді)

Әкім. Кет, жоғал көзімнен! Ол басылымдарды да көреміз. Әкімге көнбейтіні қайдан кепті.

Жазира. (орнынан тұрып) Осы сөзіңізді дұрыс деп айтып тұрсыз ғой, иә? Менің қоластымдағы басылым – менің жеке меншік газетім. Мен қазір Қалкенді жұмысқа қабылдап аламын. Сосын көреміз сіздің билігіңізді. Қандай әкім болсаңыз да заңға қарсы шыға алмассыз. (ол да кетеді)

Әкім. Өй, өңкей жаман неме! Көрсек көрерміз! (алдында жатқан қағаздарды ерсілі-қарсылы бір қозғап қойып, Жұмағалиға) Сонымен, білім беру бөлімінің бастығын орнынан түсіріп, орнына әлгі Сәкенді тағайындау жөнінде бұйрық дайында. (Мақпалға) Ал жаңағы неме бүгіннен қалмай жұмыстан босатылсын. Түсінікті ме?

Мақпал. Иә, түсінікті.

Әкім. Сосын орнына біреуді табармын – журфак бітіріп жатқан жастар жеткілікті. (отырғандарды бір шолып өтіп) Ал, тағы сұрақтар бар ма?

Мерген. Басеке, менде бір сұрақ бар.

Әкім. Айта бер.

Мерген. Жаңа маған Барқыт Жүсіпованың продюсері келді.

Әкім. Не дейді! Кәдімгі әнші Барқыт Жүсіпованың ба?

Мерген. Иә, Барқыт Жүсіпованың продюсері.

Әкім. (мырс етіп күліп) Ол мұнда нәғып адасып жүр?

Мерген. (ыржиып) Бұл қызық нәрсе, Басеке. О заманда қай заман бізге Алматының әртістері келмегені. Алматы түгілі, облыстық филармонияның өзі жоламайды, ал енді Барқыт Жүсіпованың өзі гастрольмен келмекші.

Әкім. Жақсы. Келсін. Ал сонда оның продюсері не қыл дейді?

Мерген. Мәдениет сарайының концерттік залын сұрайды.

Әкім. Е, сұраса бер. Осы-ақ па сұрағың?

Мерген. Иә, алайда ол залды тегін бер дейді.

Әкім. Тегін?! Әй, ендігі тегін дегенді ұмытыңдар. О несі ей?!

Мерген. Соның есесіне концертті тегін қоямыз дейді.

Әкім. Міне қызық! Сонда не? Барқыт Жүсіпова сонау Алматыдан бізге тегін концерт қою үшін келгені ме?

Мерген. Жалғыз бізге емес, бүкіл республикамызды аралап келеміз дейді. Берейін бе залды?

Әкім. Һм… мұнда бір гәп болып жүрмесін.

Мерген. Қандай гәп?

Әкім. Қайдан білейін! Неліктен Барқыттай әйгілі әнші, эстрада жұлдызы, қаншама шығындалып, әр ауылға тегін концерт қойып жүреді? Ә?

Мерген. Білмеймін. Алайда ол онша шығындалған да жоқ шығар. Міне, концерттік залды тегін сұрап отыр.

Әкім. (біраз уақыт ойланып қалады) Жә! (екі алақанымен үстелді соғып қалып) Берейік мәдениет үйін Барқытқа. Ол бізге күнде келіп жатқан жоқ. Тек байқа – әлгі продюсерің алдап кетпесін. Концертті тегін қоямын деп, сосын билетті шытырлатып сатып жатпасын. Келісім-шартқа отыр, соған концерт тегін қойылады деген шарт енгіз. Түсіндің бе?

Мерген. Түсіндім.

Әкім. Ал онда басқа сұрақтар болмаса бүгінше осы – Жұмағалидан басқаларың боссыңдар.


Жұмағали орнында қалады да өзгелері кетеді.


Әкім. Әлгі тілші… ол кім өзі? Жергілікті тұрғын ба, әлде келімсек пе?

Жұмағали. Негізі біздің ауданның тұрғыны.

Әкім. Ал жаңағы маған қыр көрсеткен қатын кім?

Жұмағали. Жазира ма? Ол кезінде КазГудың журфакын бітірісімен жолдамамен келген. Біздің бір тентекке тұрмысқа шығып еді, ол тентегіміз бір бомжды өлтірем деп сотталып кетті. Оны ұстап берген өзінің әйелі, деседі жұрт. Яғни жаңағы Жазира. Бірақ сол сөздің, не шын, не өтірік екенін мен білмеймін – сотында болған жоқпын.

Әкім. Өзі жеке меншік газетім бар дей ме?

Жұмағали. Иә. Бұл қатын бай, газеттен басқа да меншік сән салоны бар. Әкесі Алматыда дөкөй бастық болған деседі. Ал қазір бір банк ұстап отырған көрінеді.

Әкім. М-м… жарайды… біз де осал емеспіз, арқамыздан демеп тұрған дөкөй банкир болмаса да баршылық… тәубә… шүкір. (пауза) Әлгі жігіт… тілші… Қалкен бе еді?

Жұмағали. Иә, Қалкен.

Әкім. Соның қатыны бар ма?

Жұмағали. Бар. Мұғалім болып істейді. Және де бес пе, алты ма – әйтеуір бірсыпыра баласы бар.

Әкім. Ал жаңағы сұлу, Жазира… сонымен қандай қатынаста? Әлде жақындығы бар ма?

Жұмағали. Ешқандай жақындығы жоқ. Екеуі… қалай деп айтсам екен…

Әкім. Турасын айтсей! (оң қолының алақанымен сол қолының жұдырығын уқалап) Мынадай жақындықта ма?

Жұмағали. Түсінбедім…

Әкім. Өй! Ойнастары бар ма, деймін!

Жұмағали. (күліп жібереді) Қайдан білейін, төсекте жатқан жерінде майшам ұстап тұрғам жоқ. Тек біреулердің, екеуі бір-бірімен тәуір дегенін естігем.

Әкім. (екі қолының саусақтарын айқастырып орынбасарына жақындай түсіп) Иә, иә, айта бер…

Жұмағали. Бітті, бар білетінім осы-ақ.

Әкім. Шамалы екен. (шалқалай түсіп) Мен білсем, ал мен мұндайлардың талайын көргем, мен білсем, сол екеуі сау сиырдың боғы емес. Қай жерде байы жоқ қатын болса, әсіресе сол қатын сұлу болса, және де қалтасы толық болса – сол жерде ойнассыз болмайды. (Жұмағалиға жақындай түсіп) Енді жақсылап тыңдап ал – маған сол қатынды бірдеңе қылып қолға түсіру керек.

Жұмағали. Қалай… сіз Жазираны ұнатып қалдыңыз ба?

Әкім. (қарқылдап күледі) Өй! Сен өзі қызық жігіт екенсің! Жо-жоқ, ештеңе айта алмаймын – қатын өте көрікті, дидары көз тойдырады. Бірақ маған оның өзі керек емес… һм… жоқ, мүмкін керек те боп қалар. Тек дәл қазір маған оның ойнасының үстінен түсіп, қылмысын әшкерелеу керек. Маған ол қатынды жанды жерінен шап беріп ұстап алу керек. Сосын менің жетегіме көнбегенін көрейін. Өзің естідің ғой, не деп кеткенін! Өзің ойлашы – егер мен бір жаман қатынды бағындыра алмасам, қалай мен бүкіл ауданды бағындырмақпын! Сондықтан саған тапсырма беремін – сол екеуінің былығын анықтап, ойнастарының үстінен түсіп ұстап аласың.

Жұмағали. Сонда не – маған оларды аңду керек пе?

Әкім. Тү-ү! Ештеңе түсінбейсің бе? Сенің міндетің – соларды аңдып компромат жинайтын адамды тауып алу. Әлгі жеке детектив дегендер бар емес пе? Түсіндің бе енді?

Жұмағали. Түсіндім. Бірақ сол детективты қайдан алмақпын?! Біздің ауданда ондайлар жоқ. РОВД-ның оперлеріне тапсырма бермесек.

Әкім. Өй, қой оныңды! Астанаға бар да жалдап әкел. Қашан бара аласың о жаққа?

Жұмағали. Білмеймін.

Әкім. Саспа – сен онда әкімнің арнайы тапсырмасымен, әкімшіліктің жұмысымен барасың. Командировочный да төленеді. Детектив жалдауға ақшаны мен өзім беремін.

Жұмағали. Онда мен бүгін де аттануға дайынмын.

Әкім. Жақсы. Есіңде болсын – бұл іс жөнінде ешкімге тіс жарушы болма! Үйіңдегі замандасқа да айтушы болма, білдің бе! Сенің келіншегіңді айтам. Түсіндің бе?

Жұмағали. Түсіндім.

Әкім. (қағаздарын ерсілі-қарсылы қозғап қойып селекторды басып хатшысымен сөйлеседі) Шолпан! Тағы біреу бар ма? (селекторды пайдалануға мүмкіндік болмаса, хатшысын қоңыраудың түймешесін басып шақырады)

Шолпан. (селектор арқылы сөйлесуге мүмкіндік болмаса өзі келеді) Қабылдау бөлмеде екі адам отыр.

Әкім. Ол екеуің кім?

Шолпан. Біреуі имам. Екіншісі Васильев.

Әкім. (Жұмағалиға) Онысы тағы кім еді?

Жұмағали. Осы қаланың ірі кәсіпкерлерінің бірі.

Әкім. (хатшыға) Жақсы, имам кірсін.


Имам келеді.


Имам. Ассаламу ғалайкүм!

Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғарлатыңыз. (имам отырады)

Жұмағали. Сіз не – тағы да сол баяғы мешіттің мәселесімен келдіңіз бе?

Имам. Иә. Мешіттің мәселесі шешілмей маған жарық күн жоқ.

Әкім. Молдеке, сіздің мәселеңіздің шет жағасымен таныстым. Менің алдымдағы әкімдер де сол мәселені шеше алмай кетіпті. Бірақ дін саласындағы жұмыстарды әкімге міндет қылып қойған дұрыс емес. Ата заң бойынша мемлекет пен дін жекеленген. Мешіттерге мен бюджеттен бір тиын да жұмсай алмаймын.

Имам. Оны білеміз ғой. Мен сізге мұсылман баласы шығар деп келіп отырмын.

Әкім. Әрине, мұсылманмын! Ал, мен сияқты өздерін мұсылманмын дейтін қазақ аз ба. Осы қаланың алпыс пайызы қазақ, яғни мұсылман. (Жұмағалиға) Қала тұрғындарының жалпы саны неше мың?

Жұмағали. Алпыс мыңға жуық.

Әкім. Алпыс мыңның алпыс пайызы қанша болады?

Жұмағали. М-м… (сәл ойланып) Отыз алты мың.

Әкім. Мінеки – қалада отыз алты мың мұсылман тұрады, ал бір жалғыз мешітті жылдар бойы іске қоса алмайды. Бұл қалай?

Имам. Сол отыз алты мыңның мешітке баратынының саны жүзге де жетпейді.

Әкім. Ол сіздің жұмысыңыздың олқылығы. Яғни, халықтың арасында үгіт-насихат жүргізбейсіз. Уағыз айтпайсыз, дінге тартпайсыз. Алайда, сізді көп кіналай беруге де болмайды. Бұл елдің қазағы орыс болып кете жаздапты. Мектептердің басым саны орысша болғасын өзгесін айтпай-ақ қояйық!

Имам. Бізге мектептерде дін уағыздауға рұқсат жоқ. Ал медресеге орын жоқ. Міне жаңа мешітті іске қоссақ, сонда мұсылмандарға дәріс беретін арнайы сынып болушы еді.

Әкім. Жақсы, сонымен мәселе мешітке тіреліп тұр ғой?

Имам. Иә, солай.

Әкім. М-м… Өзі зекет деген болмаушы меді?

Имам. Болады ғой. Бірақ сол зекетті ешкім төлегісі келмейді.

Әкім. Әрине, оны ешкім өз еркімен төлемейді. Еріксіз төлеттіру керек. Меніңше сіз сол жұмыспен де айналыспайсыз.

Имам. Ойбай-ау, мен кімді еріксіз зекет төлеткізе аламын?! Кім мені тыңдайды?

Әкім. Жақсы имамды кез-келген мұсылман тыңдайды.

Имам. Жақсы имам болуға тырысып-ақ бағып едім, болмады. Осы қаланың бүкіл қалталы қазақтарының алдына бәлен рет бардым. Біреуі де мойнын бұрмады. Не істей аламын мен оларға?!

Жұмағали. Молдеке, кәсіпкерлерді де кінәлауға болмайды. Кезінде солардың барлығы ақшаны төкті ғой сол мешіттің құрылысына. Ал сол қаражат қайда кетті?!

Әкім. Әй, сіздердің өздеріңізде екен ғой бәленің бәрі!

Имам. Өз басым сол ақшадан бір де теңге алған жоқпын. Алсам – Алла оңдыртпасын. Және сол кезде мен имам емес – қатардағы мұсылман едім.

Жұмағали. Осы қаланың қай мұсылманынан сұрамасаң, сол ақшадан бір тиын да алмадым, дейді.

Әкім. Жә! Қояйық бос әңгімені. Мешітке қаржы қандай көлемде керек?

Имам. Нақты қанша керек екенін білмеймін. Жұмысы көп. Күмбезін қаңылтырмен қаптау керек, ішкі жұмыстарын бітіру керек, жылу жүйесін тарту керек, сыртына қоршау орнатып есік алдына бірдеңе төсеу керек.

Әкім. Ойбой, молдеке, керекті көбейтіп жібердіңіз ғой!

Жұмағали. Меніңше мешітке жұмсайтын қаржының көлемін анықтау үшін комиссия құру керек. Комиссияға прораб пен экономист кіргізу керек. Сосын сол мамандар смета жазып нақты қаржының сомасын айтады.

Әкім. Онда, Жұмағали, сол жұмысты өз мойныңа ал.

Жұмағали. Кешіріңіз бастық, менің уақытым жоқ. Өзіңіз білесіз – маған командировкаға кету керек. (әкім түсіндім дегендей басын изейді) Бұл жұмысты горкомстройдың бастығына жүктеңіз. Оның қоластында мамандар да бар. Солар зерттеп смета жазып береді.

Әкім. Жақсы. Онда оған менің атымнан тапсырма бер. (имамға) Молдеке, қаржының көзін мен табамын. Осы қаланың бүкіл саудагері мен кәсіпкеріне зекет төлетемін. Бірақ сізге қоятын бір шартым бар.

Имам. Ол не шарт? Айтыңыз. Қолымнан келсе орындайын.

Әкім. Сол саударгерлер мен кәсіпкерледің қайсы-біреуі зекет төлеуден бас тартса, не сіз өзіңіз, не ешбір молда сол антұрғанға бармасын. Мәселен, әкесін, шешесін, немесе басқа туысын жерлеуге шақырса, әлде біреуіне ас бергісі келсе де. Тіпті өзі өліп қалса да жаназасын атқармайсыз. Келістік пе соған?

Имам. (орнынан тұра бере) Қалай мен қайтыс болған мұсылманның жаназасын атқармайын?! Ол менің бірінші міндетім емес пе!

Әкім. Зекет беруден бас тартқан адам мұсылман ба? Мұсылман болмаса оған жаназа не керек? Экскаватор жалдап көр қазсын да көме салсын!


Имам сылқ етіп отыра кетеді де үндемей қалады.


Әкім. Неге ойланып қалдыңыз? Мен бір айдың ішінде мешітке тиісті қаражат тауып беремін. Алайда сіздің қарап отырғаныңыз дұрыс болмас. Жалғыз қалталы мұсылман емес, бүкіл мұсылмандардың алдына бұл сұрақты қырымен қойу керек. (алақанын қырымен қойып әр сөйлем сайын үстелді соғып отырып) Мұсылман атанғың келе ме? Өзің өлсең, немесе үйіңде біреу өлсе жаназа атқарылсын дейсің бе? Қайтқан әке-шешеңнің, ағайын-туысыңның асын беруге молданы шақырасың ба? Құран бағыштатасың ба? Балаңды сүндетке отырғызасың ба? Сол балаң ер жетіп үйленсе некесін қиясың ба? Одан туған немереңе азан шақырып ат қойғың келе ме? – Келеді! – Онда зекет төле! Міне, осылай сөйлесу керек. Ал сіз қолыңызды созып, ақырғы бейшарадай қайыр сұрап жүргеніңіз. Кім қайыршыны адам құрлы санап сөйлеседі?

Имам. Мен мұсылмандар алқасымен және ауыл молдаларымен ақылдасып көрейін.

Әкім. Ақылдасыңыз, ақылдасыңыз! Егер сіздер, молдалар, бір ауыздан мені қолдасаңыздар, мен сол зекетті жинау жұмысын қолға алайын. Келісім осылай болсын.

Имам. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Иә-иә, мен ақылдасайын.

Әкім. Жарайды, содан кейін тағы кездесерміз. Ал біз оған дейін мешітті зерттеп смета дайындап қоямыз.

Имам. Сау болыңыздар.

Әкім. Сау болыңыз.


Имам кетісімен орынбасарына қарап жымияды.


Әкім. Қалай? Менің жаңағы сөзім дұрыс па?

Жұмағали. Жүз пайызға дұрыс! Мұсылман болғың келе ме – төле!

Әкім. Дәл солай! (селекторды басып) Шолпан, жібер енді әлгі орысыңды.


Кабинетке Васильев кіреді.


Васильев. (орысша айтылған сөздердің аудармасы динамиктен беріледі) Здравствуйте.

Әкім. (қағаздардан бас көтерместен) Сәлем. Отыр.

Васильев. (отырысымен) Я бизнесмен. У меня строительно-монтажное предприятие. Я хочу…

Әкім. (басын шайқап) Түсінбеймін. Қазақша сөйле – мен орысша түсінбеймін.

Васильев. (Жұмағалиға) Что он сказал?

Жұмағали. Говорите по-казахски – он по-русски не понимает.

Васильев. Но, я не умею по-казахски.

Жұмағали. (әкімге) Қазақша сөйлей алмаймын дейді.

Әкім. Ол оның мәселесі. Сөйлей алмаса аудармашы әкелсін.

Жұмағали. (Васильевке) Тогда приведите переводчика.

Васильев. Переводчика? Где я его возьму? (пауза) А вы не могли бы нам переводить?

Жұмағали. Не знаю. (әкімге) Маған аудармашы бол дейді.

Әкім. Әй мынауың мықты ғой! Білдей бір аудан әкімінің орынбасарын тілмәш қылмақшы! Жоқ, болмайды!

Жұмағали. Я не могу переводить. Аким не разрешает. Сходите в отдел государственного языка – там вам кого-нибудь дадут.


Васильев кетеді. Әкім тағы да көмекшісіне қарап жымияды.


Әкім. Мен бұл аққұлақтарды әлі иттей қыламын. Не қазақша сөйлетемін, не қаладан кетіремін.


Васильев аудармашы ертіп келеді.


Васильев. Вот, привел переводчика. (аудармашы екеуі отырады) Я бизнесмен. У меня строительно-монтажное предприятие.

Аудармашы. Мен кәсіпкермін. Менде құрылыс мекемесі бар.

Васильев. И я хочу купить у вас пустующее пятиэтажное здание в аварийном состоянии. Оно находится на улице Ауэзова.

Аудармашы. Мен…

Әкім. Тоқта! Мен бұл кісімен оңаша сөйлесемін. (Жұмағали мен аудармашыға) Сен екеуің боссыңдар.


Жұмағали мен аудармашы бір-біріне таңырқай қарайды да шығып кетеді.


Әкім. Итак, вы хотите купить ту пятиэтажку?

Васильев. (күліп жібереді) Ну-у, вы и шутник! А ведь я подумал, что вы и впрямь не понимаете по-русски.

Әкім. Давайте ближе к делу! У меня мало времени. Итак, вы хотите купить ту пятиэтажку?

Васильев. То здание пустует вот уже десять лет. Скоро оно совершенно разрушится. А я, если вы его мне продадите, восстановлю в два счета. Будет польза для жителей, да и внешний облик города только выиграет.

Әкім. В первую очередь выиграете вы, лично вы! И пользу из этого здания, опять-таки, извлечете вы. Не правда ли?

Васильев. Ну да, конечно, кто же это отрицает.

Әкім. Тогда оставим патетику в покое и приступим к делу. За сколько вы хотите купить то здание?

Васильев. Ну я, то есть мои спецы, подсчитали его остаточную стоимость…

123...7
bannerbanner