Читать книгу Ақын мен Әкім. Пьесалар (Қайыркелдi Руспаев) онлайн бесплатно на Bookz (2-ая страница книги)
bannerbanner
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Оценить:
Ақын мен Әкім. Пьесалар

4

Полная версия:

Ақын мен Әкім. Пьесалар

Әкім. Меня не интересуют выкладки ваших спецов. Меня интересует, сколько вы можете выложить за ту пятиэтажку.

Васильев. Ну, скажем так, милионов пять я бы дал.

Әкім. Пять миллионов?! Да вы что – издеваетесь?!

Васильев. Хорошо – назовите свою цену. Поторгуемся.

Әкім. (алдында жатқан қағаздарын көтеріп) Вчера здесь был начальник горкомстроя. Согласно его расчетам, сдача в аренду здания будет приносить двенадцать миллионов дохода в год. Двенадцать миллионов в год! А вы пять миллионов.

Васильев. Я сомневаюсь. Но, вы должны учесть и те средства, которые мне придется затратить на восстановление здания.

Әкім. Это само собой! По подсчетам спецов горкомстроя восстановительные работы обойдутся в десять миллионов. Грубо говоря, вы вернете затраченные деньги за десять месяцев. Десять месяцев! Это же фантастика! А вы – пять миллионов!

Васильев. Хорошо, я согласен с вами. Теперь скажите, за сколько вы продадите здание?

Әкім. Шестьдесят миллионов.

Васильев. Шестьдесят?! Вы с ума сошли! Да я не имею сейчас свободных средств в таком объеме.

Әкім. Так я не требую их все сейчас. Можно разделить эту сумму на несколько траншей. Вы можете выплатить их в течение восьми лет?

Васильев. (біраз уақыт ойланып) Пожалуй, что да. Да, такие условия приемлемые. Значит, вы готовы заключить со мной договор?

Әкім. Да. Только у меня есть одно условие. Это очень конфиденциальный разговор. Дело в том, что мы в договоре купли-продажи укажем остаточную стоимость в пять миллионов. И на специальный счет вы перегоните именно эту сумму. А остальные пятьдесят вы заплатите наличными. Мне. А пять миллионов я вам, так и быть, прощаю. Идет?

Васильев. (әкімге тесірейіп қарап алып) Идет.

Әкім. (орнынан тұрып қолын созады) Значит, договорились?

Васильев. (ол да тұрып әкімнің қолын қысып) Договорились! Когда и где мы подпишем договор?

Әкім. Здесь. Завтра.

Васильев. Отлично! Мне нравится ваша деловитость и оперативность, Басар Базарович.

Әкім. Тогда я приготовлю договор. До завтра.

Васильев. До завтра.


Васильев кетеді. Әкім үстелдің арғы жағына шығып, темекі тұтатып ерсілі-қарсылы жүреді де өзінің орына жақындап келеді.


Әкім. Елу миллион… иә, бұл жақсы келісім… өте жақсы келісім… (осы уақытта селектордан басқа телефон шыр етеді де әкім дереу тұтқаны алады) Әлө? (арғы жақтан сөйлеген адамның сөзін тыңдап тұрып темекісін күлсалғышқа езіп сөндіреді де, иә, иә, түсіндім, құп болады, деп жауап қатып тұрады. Әңгіме бітісімен, тұтқаны аппаратқа қойып, өңі бұзылып кетіп селекторды басады) Шолпан!

Шолпан. Иә, Басеке, тыңдап тұрмын.

Әкім. Дереу Мергенді тауып ал. Маған тез жетсін де!

Шолпан. Жақсы, Басеке.

Әкім. (тағы бір темекіні тұтатып кабинетте ерсілі-қарсылы жүріп кетеді) Бәсе! Айттым ғой – мұнда бір гәп бар деп. Нәғып эстрада жұлдызы тегін концерт қоюшы еді?!

Мерген. (келіп ұзын үстелдің шетіне тоқтайды) Басеке, шақырдыңыз ба?

Әкім. Әлгі продюсерің қайда?

Мерген. Продюсер?

Әкім. Иә, иә, продюсер!

Мерген. Кетіп қалды.

Әкім. Қайда? Сен онымен шартқа отырдың ба?

Мерген. Иә… отырдым… сіз рұқсат бердіңіз ғой.

Әкім. Міне көрдің бе! Осыдан кейін сеніп көр адам баласына! Ол қу бәрімізді алдап кетті. Сездім ғой мен бұл істе бір гәп барын! Айттым ғой!

Мерген. Не боп қалды, Басеке?

Әкім. Әлгі Барқытың жәй концертпен жүрмеген болып шықты. Жаңа ғана жоғарыдан бір көкей телефон шалды. Жолатпа Барқытты, дейді.

Мерген. Жолатпа?! Түк түсінсем бұйырмасын!

Әкім. Мәселе мынада – әлгі Барқыт жәй жүрмей саясатқа араласайын депті. Мына гостролінің мақсаты, байының депутаттыққа сайлануы үшін үгіт-насихат жүргізу.

Мерген. Үгіт-насихат? Байына?

Әкім. Иә! Өзің не – керең боп кеткенбісің?! Оның байы оппозициялық партия атынан мәжіліске депутат болып сайланбақ екен, ал Барқыт соны жарнамалау үшін гастрөлге шығыпты. Міне тегін концерттің құпиясы қайда!

Мерген. М-м… енді не істейміз?

Әкім. Әлгі продюсерді тауып алу керек. Қайда кеткенін айтқан жоқ па?

Мерген. Мәдениет сарайына барамын, концертке дайындық жүргіземін деді.

Әкім. (телефонның тұтқасын алып) Мәдениет сарайының нөмірі қандай еді?

Мерген. 28-10-57. (әкім телефон шалады) Қап! Келісім-шартқа қол қойып қойғанымды қарашы!

Әкім. Тсс! (телефонға) Мәдениет сарайы? Мен әкіммін. Барқыт Жүсіпованың продюсері бар ма? Ә, бер онда тұтқаны. Уағалайкүм ассалам. Тыныштық. Шүкір. Ә, жәй ғой. Бір сұрақ бар, маған келіп кетсеңіз. Иә, дәл қазір. Мен өзімдемін. Жәй, жаңағы мәдениет бөлімінде отырған келісім-шартқа тағы бір түзету енгізу қажет. Бұл телефон арқылы сөйлесетін әңгіме емес, маған келіңіз, осы жерде саспай әңгімелесеміз. (тұтқаны қоя салып) Мен саған көрсетем келісім-шарт өзгертілмейдіні! Қарашы өзін, өзінен басқаны ақымақ деп санайды! (Мергенге бұрылып) Сен де ендігәрі көрінгенге елпілдей бермей сақ бол. Әйтпесе қазіргі заманда су түбіне кетесің, басыңнан айрыласың.

Мерген. Қайдан білейін. Барқыт Жүсіпова келеді дегесін.

Әкім. (орнына отыра бере) Міне-міне! Барқыттың атын естісімен ақылымыздан айрыла жаздадық. Бұл оқиға бізге сабақ болсын.

Шолпан. (селектордан) Басеке, бір кісі келіп тұр, продюсермін дейді.

Әкім. Кірсін, жібер!

Продюсер. Ассаламу ғалайкүм!

Әкім. Уағалайкүм ассалам. Жоғарлатыңыз. (продюсер жанына келіп орындыққа жайғасқаннан кейін) Әлгі келісім-шартыңызды бере тұрыңызшы, оқып шығайын. Мына кісі бір қателік жіберіпті. Бір түзету енгізу қажет.

Продюсер. (папкасынан шартты алып әкімге беріп жатып) Ол қандай түзету?

Әкім. (шартты оқымастан жыртып тастайды да қоқыс шелегіне тастап жібердеі) Мынадай түзету!

Продюсер. (орынан атып тұрып) Бұл не?!

Әкім. Бұл – концерттік зал берілмейді деген сөз! Бұл – осы ауданда концерт қоймайсың деген сөз!

Продюсер. Сіз ештеңе білмейді екенсіз. Концертті кім қоятынын білесіз бе? Барқыт Жүсіпова!

Әкім. Енді қайтейін? Барқыт Жүсіповаң құдай ма еді?

Продюсер. Сіз не?! Барқыт Жүсіпованы білмейсіз бе? Ол…

Әкім. Түсіндірем деп әлек болма. Ол толған қатындардың бірі. Ал қатын болдың ба – бір жеріңді қысып жөніңмен жүр. Менің сенімен салғыласатын уақытым жоқ. Менің тірісімде бұл ауданда концерт қоя алмайсыңдар.

Продюсер. (не істерін білмей тұрып-тұрып, папкасын жауып, кетуге ыңғайланады) Жарайды. Көреміз – қоя аламыз ба, әлде қоя алмаймыз ба. Ал сіздің республика деңгейінде әйгілі әншіге концерт қоюға орын бермегеніңіз бүкіл халыққа аян болады. Сол кезде бармағыңызды шайнап қалмаңыз.

Әкім. Шайнамаймын! Мен үшін қам жеме. (продюсер кетеді; әкім селекторды басып Шолпанға) Жұмағалиді маған тауып бер. Дереу жетсін де.

Шолпан. Жақсы, бастық.

Әкім. (Мергенге) Сен нәғып тұрсың?

Мерген. Не істейін?

Әкім. Мәдениет сарайына бар. Барқыттың тобын продюсерімен қуып шық. Сосын бүкіл клуб меңгерушілерді ескерт – жаңағы суайтқа клубтарын беріп қоймасын. Бастарын жұлып аламын!

Мерген. Құп болады! (кетеді)


Мерген кетеді – Жұмағали кіреді.


Әкім. Ә, келдің бе! Мені мұқият тыңдап ал. Сен қазір бүкіл мекемелерге телефон шаласың да менің мына бұйрығымды жеткізесің. Егер де сол мекемелердің бір қызметшісі Барқыт Жүсіпованың концертіне барса – жұмысынан айрылады. Түсіндің бе?

Жұмағали. Т-түсіндім… ал бірақ…

Әкім. Бірағыңды қой! Ол Барқытың концерт қоя алмас, қойуға жер берілмейді, сонда да ескертіп қойған жөн. Бүкіл мектептер мен колледждерге де телефон шал – мұғалімдер не өздері бармасын, не оқушылары мен студенттерін жібермесін. Ол үішін бастарымен жауап береді. Түсіндің бе?

Жұмағали. Түсіндім!

Әкім. Түсінсең – бар! Орында тапсырманы. Қалғанын қайтып келген соң айтамын. (Жұмағали кетеді; ол кетісімен әкім тағы да орнынан тұрып темекі тартпақшы болады, бірақ үлгірмейді – телефон тағы шыр етіп әкім тұтқаға жармасады) Әлө? Иә! Иә, шара қолданып жатырмыз. Иә, дәл сіз айтқандай. Иә-иә! Құп болады!

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Саябақтағы концерт қоятын алаңқай. Ағаштан істелген қарапайым эстрадада тұрған музыканттар бір әуен бастап кетті. Үстінде әдемі концерттік көйлегі бар Барқыт шығып микрофон алдына келіп тоқтайды. Тақтай орындықтарға жайғасқан көрермендер әншіні қол шапалақтап қарсы алады. Көрермендердің басым саны зейнеткерлер, немерелерін ертіп келген апайлар мен әжейлер, бес-алты ақсақалдар да бар. Қалкен мен Жазира ең шеткі, ағаш тасасындағы орындыққа келіп жайғасады. Екеуінің назары сахнадағы әнші мен музыканттарда болғасын, өздерін аңдып жүрген детективты байқамайды. Детектив ағаш арасынан оларды бейнекамераға түсіріп түр. Барқыт бір әнді шырқап кетеді. Жазира мен Қалкеннің диалогы сол әннің фонында өтеді.


Жазира. Керемет! Бұл шынында Барқыт Жүсіпова ма?

Қалкен. (күліп) Өз көзіңе сенбей тұрмысың?

Жазира. Сенбейін десем – дәл өзі, сенейін десем – Барқыт осындай жұпыны сахнада шырқайтын әнші ме еді? Мәдениет сарайынан орын табылмағаны ма?

Қалкен. Иә, мен де соған таңырқап тұрмын. Мүмкін сарайда концертті кешке қояр, ал мынау жәй әншейін, дайындық ретінде шығар.

Жазира. Әй қайдам! Және көрермен де аз. Оның өзі кілең зейнеткерлер. Оқушылар қайда? Осындай концертке бірінші боп жетіп келетін студенттер қайда?!

Қалкен. Оқуда шығар. Бүгін демалыс емес, жұмыс күні ғой. Зейнеткерлерден басқасы жұмыста. Кешке көрерсің – мәдениет сарайы лық толып, ертеректеу қамданбасақ орынсыз қалармыз.

Жазира. Жақсы, солай-ақ болсын. Сонда неге бір де бір афиша жоқ? Сенің көзіңе бүгін афиша түсті ме?

Қалкен. Жоқ.

Жазира. Міне, көрдің бе.


Осы сәтте ағаш сахнаның жанына динамик-колонка, музыкалық орталықтары бар бір топ жігіт пен қыз келеді. Сосын батыстық ритмикалық әуен, әншінің де, музыка аспаптарының да дыбысын басып тастайды. Жігіттер мен қыздар билей жөнеледі. Барқыт әнін тоқтатып билеушелерге ашулана қарайды. Әншінің продюсері әлгі жастарға жақындап бірдеңе дейді, бір жігіт жапырақ қағазды продюсерге көрсетіп бірдеңе дейді. Продюсер музыкалық орталықты сөндіріп тастайды, әлгі жігіт оны қайтадан қосады. Продюсер қайтадан сөндірмек болып ұмтылған кезде, жігіт оны итеріп жібереді. Екеуі ұстасып қалады. Бұл жерге музыканттар мен билеп жүрген жастар кірісіп кетіп, нәтижесінде кішігірім алыс-жұлыс орын алады. Осы жерде полиция тобы келіп араға түседі. Музыканың үні өшеді.


Полиция. (продюсерге) Бұл не жанжал! Тәртіпті неге бұзасыңдар?

Продюсер. Біз емес – мына жастар тәртіпті бұзған! Біз концерт қойып жатырмыз, ал бұлар ше бізге бөгет жасап тұр.

Полиция. Бұл жерде концерт қоюға рұқсат алып па едіңдер?

Продюсер. Жоқ. Енді осы жерге де рұқсат керек пе еді?!

Полиция. Әрине! Ал рұқсат жоқ па – аспаптарыңды жинап тайып отырыңдар. Мына жастардың дискотека құруына рұқсат қағазы бар, яғни, олар сендеге емес, сендер оларға бөгет жасап тұрсыңдар.


Барқыт жылап жібереді. Алақандарын бетіне басып сахнадан шығып кетеді.


Қалкен. Әй, бұлары несі ей! (Полиция тобының басшысының жанына жетіп барады, Жазира оның соңында) Бұл не деген масқара?! Сіз өзі бұл әншінің кім екенін білесіз бе? Бұл Барқыт Жүсіпова!

Полиция. Е! Барқыт болса не – тәртіп бұзу керек пе?

Қалкен. Тәртіпті бұзған мына боқмұрындар! Ал Барқыт Жүсіповадай эстрада жұлдызы концерт қойғанына қуанудың орнына сіз оны қуып тұрсыз. Бұны қалай түсін дейсіз?

Полиция. Қалай түсінсең олай түсін! Жұлдыз болсын – болмасын, тәртіп барлығына бірдей. Барқытың түгілі Димаш келсе де мен оның тәртіп бұзуына жол бермеймін. Бітті әңгіме!

Жазира. (Қалкеннің жеңінен кері қарай тартып) Қалкен, кеттік, көрмеймісің – бұл кісімен сөйлесу бекер іс. Кеттік!

Полиция. Иә, иә, кет, жөніңмен жүр.

Қалкен. (Жазираның тартуымен шегініп жатып) Сіз бұл ісіңіз үшін әлі жауапқа тартыласыз. Мен бұл істі жәй қалдырмаймын.

Полиция. Бар, бар, қырып ал! Мен қызметтегі адаммын, бұйрық орындаушымын. (продюсер мен музыканттарға) Ал, енді тараңдар!


Көрермендер, олардан кейір Барқыттың тобы, сосын полиция қызметкерлері мен жастар кетеді.


Жазира. Мен бірдеңе түсіне бастадым. Мұның бәрі әлгі жаңадан келген әкімнің ісі. Жастар да, полиция қызметкері де соның бұйрығын орындап жүр.

Қалкен. Ол әкімнің Барқытта не жұмысы бар? Барқыттың репертуарында орыс әні жоқ, кілең қазақ әндері.

Жазира. Иә, әрине. Бірақ мұның бәрі сол әкімнен шығып тұрғанында менің күмәнім жоқ. Кім білсін, мүмкін Барқыт екеуінің арасында бір кикілжің болған шығар.

Қалкен. Әкім мен әнші арасында қандай кикілжің болуы мүмкін?

Жазира. Қайдан білейін. Қай заман болмасын, билік пен өнер адамының арасында бір қақтығыс орын алады. Міне, әкім келмей жатып ақын оған қарсы шыққан жоқ па!

Қалкен. Әкімге қарсы шыққан ақын емес – журналист.

Жазира. Жоқ, ақын! Мүмкін журналист, әсіресе әкімнің қоластындағы журналист, үндемей де қалушы еді, бірақ ақын ешқашан әділетсіздікке жол бермейді. Берсе – ол ақын емес.

Қалкен. Мен ең әуелі журналистпін. Ал ақынмын ба, жоқ па…

Жазира. Жоқ, Қалкен, сен ең әуелі ақынсың. Нағыз ақынсың. Мүмкін журналист жаңағы жерде жанжалға кіріспес еді, журналист әрі кетсе оқиғаның оқырманға айқын жетуін қамтамасыз етеді. Ал нағыз ақын мұндай әділетсіздіктің жанынан өте алмайды, ол үндемей қалмайды.

Қалкен. Сен шынында да мені нағыз ақын деп санайсың ба?

Жазира. (Қалкенді құшақтап бетінен сүйеді) Әрине! Сен нағыз ақынсың. Қалкен-ай, мен саған емес, ақынға ғашық болғам. Міне – енді сенсіз бір де күн сүре алмаймын. Менің газетіме жұмысқа кірсең біз әрдайым бірге болар едік. Неге сен келіспей тұрсың? Әлде мені сүймейсің бе? Мүмкін сенің махаббатың махаббат емес – жәй тек ақындық, серілік шығар? Ал, егер шын сүйсең – көрсетші махаббатыңды. (еріндерін тосады – Қалкен сүйеді, сосын екеуі құшақтасып сүйіседі – детектив олардың жанына жақын келіп камераға түсіріп тұр)

Қалкен. Білесің бе, Жазира, Самал бірдеңе сезіп жүрген сияқты. Ақырғы кезде өзі маған шүйіліп алды. Сенің редакцияңа кірмей-ақ газетің үшін мақала жазып жүре берcем болмай ма?

Жазира. Мен сені сағынамын. Мен енді сенсіз бір минут та отыра алмаймын. Не жазып, не қойғанымды білмеймін. Соның салдарынан өткен нөмірде бір ірі қателік жіберіп қойыппын.

Қалкен. Бір жақсы журналист қарастырсаңшы. Бәріне жалғыз өзің үлгірмейсің ғой.

Жазира. Ба-аяғыда қарастырып қойғанмын! Өте жақсы журналист. Оған жақсы жалақы да тағайындадым. Тек өзі келісімін бермей жүр.

Қалкен. Ол кім өзі? (пауза) Ә! Мені айтып тұрсың ба?

Жазира. (күледі) Жоқ, сенің артыңдағыны.

Қалкен. (артына бұрылып детективты көзі шалып қалады, детектив ағаштың артына жасырынады) Әй, анау кім өзі?!

Жазира. (ол да бірдеңені сезіп орнынан тұра беріп) Қалкен, бізді біреу аңдып жүр. Мен әлгі кісіні бағана, саябаққа кірерде көзім шалып қалған.

Қалкен. (тұра келіп) Аңдып жүр?!

Жазира. Иә, бізді бейнекамераға түсіріп жүргенге ұқсайды.

Қалкен. Қап бәлем, тоқтай тұр!


Қалкен детективтың соңынан қуып береді, детектив қаша жөнеледі. Жазира олардың соңынан қарап тұрады. Біраз уақыттан кейін бейнекамера ұстап Қалкен қайтып келеді.


Қалкен. (ентігіп сөйлейді) Қашып кетті. Міне, камерасын тартып алдым. Танымайтын біреу. Бұл кім болды екен, ә?

Жазира. (бейнекамераға қарап) Мынаны қара – су жаңа цифрлы камера! (Қалкенге) Танымаймын деймісің? Мен де бұрын көрген емеспін. Әлгі әкімнің адамы болмаса.


Екеуі камераға түскен видеоны қарап кете барады.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Редакция бөлмесі. Жазира бір компьютермен жұмыс істеп отыр. Қарама қарсы тағы бір үстел тұр. Оның да үстінде оргтехника. Қарсы қабырғаның тұсында диван тұр. Жұмағали келеді.


Жұмағали. Амансың ба, Жазира?

Жазира. Аманбыз. Сізді біздің жаққа қандай жел айдап келді?!

Жұмағали. (Өтірік күрсініп қойып) Е-е… жұмыс қой, Жазира, бітпейтін бір жұмыс. Шаруам бар.

Жазира. Мақала жазып біздің газеттің бетінде басып шығармақсыз ба? (Мырс етіп күліп) Жаңа әкім Мақпалдың газетін жаулап алған көрінеді, басқа ешкімге орын беретін емес.

Жұмағали. Ол Мақпалдың газеті емес. Ол газет – әкімшіліктің газеті.

Жазира. Қазір оны қолға алған оқырман газет әкімнің жеке меншігі деп қалар.

Жұмағали. Әй Жазира, сен неге сол кісіні күндеп біттің, ә? Қандай жамандық көрдің одан?

Жазира. Ешқандай жамандық көрген жоқпын. Ұнамайды ол маған!

Жұмағали. Ұнатқанда не қылайын деп едің? Есіңде болсын – оның басы бос емес.

Жазира. (Ашулана бастап) Сіз не – менімен қалжыңдайын деп келдіңіз бе?! Айтыңыз шаруаңызды – менде уақыт жоқ!

Жұмағали. Ашуланба, ашуланба, Жазира. Бетіңді бері қарай бұр. Мені саған Басар Базарович жіберді.

Жазира. Ол Базарұлы еді ғой. Неғып Базарович боп қалған?

Жұмағали. Жазира, қалжыңды қоялық. Өзің айтқан жоқсың ба – бос сөзге уақыт жоқ деп.

Жазира. Жақсы, екі құлағым сізде. Ол кісі маған не қыл дейді?

Жұмағали. Өзің білесің ғой.

Жазира. Білмеймін. Білгім де келмейді!

Жұмағали. Әй, Жазира, Жазира! Адам сияқты сөйлескің келмейді, иә? Онда басқаша сөйлесуге тура келеді.

Жазира. Кәне, сөйлесейік басқаша.

Жұмағали. Сөйлессек – сөйлесейік. (папкасынан диск алып Жазираға ұсынады) Ең әуелі мынаны көріп ал.

Жазира. Бұл не?

Жұмағали. Сал компьютеріңе – сосын өзің көресің не екенін.


Жазира дискті компьютерге салып мониторға қарап отыр. Жұмағали диванға қарап, басын шайқап езу тартады. Ал компьютерден Жазира мен Қалкеннің бір-біріне, сүйдім-күйдім, жаным, ғашығым, махаббатым, тағы сол сияқты сөздері естіледі, ақыры ыңқыл-сыңқылға айналып кеткесін, Жазира компьютерден дискіні алып Жұмағалиға лақтырып жібереді.


Жазира. Оһ, оңбағандар! (орнынан тұрып кетіп басқа бөлмеден швабра алып келіп, қабырғадағы құралды қағып соға бастайды) Бәсе! Қайтып біздің өрт сөндірушілер пысықсып кетті десем! Әй, аңқау басым ай!

Жұмағали. (швабраға жармасады) Өй, Жазира! Бұл өте қымбат бейнекамера! Мұндай камера КНБ да жоқ.

Жазира. (Жұмағалиға бой бермей камераны қағып түсіреді. Жұмағали аппаратты аламын деп еңкейе бергенде, оны итеріп жіберіп, күл парша қыла швабрамен соққылап, аяғымен таптап жатыр) Өртке қарсы сигнализация, деп орнатқан жоқ па! Тұра тұрыңдар, бәлем, мен сендерді сотқа беремін!

Жұмағали. (диванға отыра кетіп) Қой Жазира, сен ештеңе тындыра алмайсың! Ашуыңды бас. Отыр. Одан да асықпай сөйлесейік.

Жазира. Сөйлеспеймін мен сендердей оңбағандармен! (жерде жатқан дискіні алып, тағы да Жұмағалиға лақтырып жібереді. Мә, әкет мына бәлеңді!

Жұмағали. (Орнынан қозғалмастан) Өзіңде қалсын. Сыйға тартты бұны саған Басекең. Бізде мұндай дисктер жететін. Сен ашуыңды бас та құлағыңды түр. Егер де осы порнофильм желіге түссе… арғы жағын өзің де білесің. Бізді оңбаған деп айыптама – бәріне өзің кінәлісің. Жарайды – Қалкенді ұнатқаның айып емес. Онда біздің жұмысымыз жоқ. Бәріміз пендеміз, түсінеміз – сендей жас, көрікті келіншек еркексіз жүре алмайды. Және де Қалкендей жігіт аяқ астында жатпайды. Бірақ бастықпен жауласып нең бар еді?! Қалкенді жұмысқа алып нең бар еді? (Жазира бірдеңе айтқысы келеді, бірақ Жұмағали қолын көтеріп тежейді) Иә, иә! Сенің оған жаның ашиды. Ол түсінікті. Бірақ оның өткен нөмірдегі мақаласы бізді пышақсыз бауыздады ғой. Сондықтан айып қылма – Басеке мына дискімен тек қорғанып отыр. Сендерді осылай тоқтатпаса ол кісі бүкіл беделінен айырылайын деп тұр.

Жазира. (орнына оралып біраз уақыт үндемей отырып) Қалай мен Қалкенді жұмыстан шығарып тастамақпын? Ә?

Жұмағали. (Күлімсіреп) Е! Міне, енді сабаға түсейін дедің. Мен сені әрдайым ақылды келіншек деп санайтынмын. Басеке Қалкенді жұмыстан босат, деген жоқ. Істей берсін, бала-шағасы бар демекші. Тек қана бізге тисуін қойсын. Ол өзінің мақалаларымен әкімнің бүкіл жұмысын, бүкіл саясатын жоққа шығарып отыр. Басеке әбден ашуланғанда, осы ауданда не мен, не Қалкен қалады, деген. Алайда, егер Қалкен ақылға келіп оған тисуін қойса – жүре берсін. Немене, әкімнен басқа тақырып таба алмай ма?! Әбден ештеңе таба алмаса желіге кірсін, онда жүз газетке жететін материал бар.

Жазира. Мен оған, ананы жаз, мынаны жазба деп бұйыра алмаймын. Сосын оқырманымды да ойлауым керек. Қалкен келгеннен бері газеттің таралымы едәуір жоғарылады.

Жұмағали. Ештеңе етпейді. Мына дискті Қалкенге көрсет. Егер бұл порнофильм желіге түссе, саған тиген таяқтың бір ұшы оған да тиеді. Келіншегі лезде ажырасады. Отбасынан айрылады. Және де мұндай масқарадан кейін ол журналист болып істей алмайды. Оқырман екеуіңнің мына былықтарыңды ешқашан кешірмейді. Оны өзің де жақсы білесің. Және осындай диск министрдің қолына түссе, сен сол күні лицензияңмен қоштасасың. Сондықтан, Жазира, балалықты қойып, Қалкенмен бір шешімге келіңдер. Жо-жоқ, Жазира! Сен сондай қайғылы көзбен қарама! Бәрі жақсы болады. Ақырын жұмыс істей беріңдер. Басекең айтады… әй, ол кең пейілді адам ғой! Мен мүлдем сынға қарсы емеспін, дейді. Сынай берсін. Ақырын, байқап, баппен сынаса несі бар! Әрине, біздің жұмысымызда ұсақ-түйек кемшіліктер бар, жоқ демейміз. Кімде болмайды? Тек қана бекер қараламасаңдар болғаны. (Жазираға қарайды, бірақ ол монитордан көзін айыра алмай үнсіз отыр.)

Жұмағали. (Орнынан тұрып) Иә, Жазира, ойлан. Ойланбасқа болмайды. (кетеді)

Жазира. (есік жабылысымен екі жұдырығымен үстелді соғып жіберіп) Ах, оңбаған! Сұрқия! Азғын! (Жұмағалидың дауысын келтіріп) Әй, ол кең пейілді адам ғой! Пейіліне с-сиейін! (орнынан тұрып кетіп ерсілі-қарсылы жүріп) Енді не істесем екен? Ә! Не істесем екен. (компакт-дискіні көтереді де орнына қайтып оралады)


Қалкен келеді. Оның жүзі жайдарлы. Қолындағы папкасын үстелге қойып, өзінің орнына отыра кетеді. Жазира оған үндемей қарап отыр.


Қалкен. Әй, өмір сүре берсең неше түрліні көріп, естиді екенсің! Ана әкімді айтамын да. Жарайды, орыстармен шайқассын. Саудагерлерді қыссын. Ал дін саласына кірісіп несі бар екен?! Міне, тыңдашы – мен мешіттен, мұсылмандар алқасының отырысынан келдім. Мұндайды ешкім бұрын-соңды естімеген…

Жазира. Тоқта Қалкен. Компьютеріңді іске қосшы.

Қалкен. (Жазираға таңырқай қарайды) Жазира, саған не болған? Ауырып қалдың ба?

Жазира. Ауырарсың мұндайда! (Қалкенге дискіні беріп жатып) Мә, мынаны көрші… тек құлап қалма.

Қалкен. (бейнефильмды көріп алып) Мынаны қайдан алдың?! (қабырғадағы бейнекамера орнына көз тастап) Бізді қалай түсіріп алған?

bannerbanner