Читать книгу Ақын мен Әкім. Пьесалар (Қайыркелдi Руспаев) онлайн бесплатно на Bookz (3-ая страница книги)
bannerbanner
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Оценить:
Ақын мен Әкім. Пьесалар

4

Полная версия:

Ақын мен Әкім. Пьесалар

Жазира. (күл талқан болған камераны көрсетіп) Әне, біз, өртке қарсы сигнализация деп жүргеніміз, шпиондық бейнекамера болып шықты.

Қалкен. Мұны кім істеп жүр өзі?

Жазира. Әлі де түсінбедің бе? Ойланшы… кімге керек мұның бәрі?

Қалкен. Әкім бе?

Жазира. Дәл өзі! Жаңа, сенің алдыңда, Жұмағали келіп кетті.

Қалкен. Жұмағали не қыл дейді?

Жазира. (төмен қарап) Белгілі ғой не дейтіні.

Қалкен. Қалкенді жұмыстан босат, мақалаларын газетте жариялама, дейтін шығар.

Жазира. Иә… жоқ, сені жұмыстан босат деген жоқ. Тек қана әкімге тиісуін қойсын дейді.

Қалкен. Оған тиісейін деп тиістік пе?! Өзі ғой, келісімен бәрімізге қырғидай тигені! (Жазираға қарайды, бірақ ол үндемейді) Сен не дедің? Не істемекшісің?

Жазира. Білмей отырмын. Шынын айтсам – бас қатты. Бір де бір дұрыс ой келмей тұр. Бір жағынан – мен не істей аламын?! Көнбесең видеоны желіге тастаймыз дейді. Министрге жібереміз, лицензияңнан айырыласың дейді. Ұлымның көзіне түссе не болмақпын деген ой миымды шағып отыр. (тітіркеніп дір етеді) Масқараның әкесі сонда болады! Мынаны көргесін… арғы жағын ойлағым да келмейді. Сенің жараң жеңілдеу, сен еркексің. Сенің үлкен қызың мен ұлың бірдеңе түсінетін шаққа жетті, ал қалғандары кішкентай, әлі ештеңе түсінбейді. Соның өзінде Самал сені кешірмес. Отбасыңнан айырыласың – бір. Журналисттік карьерамен қоштасасың – екі. Шығарайын деп отырған кітабыңды шығара алмайсың – үш.

Қалкен. Сонда не – екеуміздің махаббатымыздың болашағы жоқ деймісің?

Жазира. Неге жоқ, бар! Сен, не мені, не Самалды таңдауың керек. Егер маған деген махаббатың шын болса – ажырас Самалмен. Сосын кетеміз – осы қалаға жабысып қалған жоқпыз. Кетеміз Алматыға, бір іспен айналысармыз сонда. Сауда жасаймыз – журналистикасыз да көреміз күнімізді.

Қалкен. (біраз уақыт Жазираға қарап отырып) Мәселе жалғыз Самалда емес. Балаларымды қайтем? Бес бірдей баланы тастап қайда кетемін?

Жазира. Сен оларды тастамайсың. Оларға деген қаражатты аямаймын. Ол үшін қам жеме.

Қалкен. Жоқ, мен ақша жағын айтып тұрған жоқпын. Бәлен жыл бірге тұрып, бала кезінен, сәби кезінен қолымда әлпештеп өсіріп, енді қазір тастап кеткенім адамгершілікке жата ма?

Жазира. Ой, Қалкен! Бастамашы ондай түбі жоқ әңгімені! Онсыз да басым мең-зең. Ер адам өзінің мәселелерін өзі шешуге тиісті. Мені сүйем, менсіз өмір сүре алмаймын десең – ажырас Самалмен. Балаларыңды қимаймысың – онда қал отбасыңда! Бірақ, мен білсем, сен оларды емес – Самалды қимай отырсың.

Қалкен. Әрине, қимаймын! Бәлен жыл бірге тұрып, бес бала сүйіп, енді бір сәтте қалай тастап кетпекпін?!

Жазира. Онда тастама! Қимайсың ба Самалды – ажыраспа! Мен саған ондай шарт қойып тұрған жоқпын. Ешкім де ондай шарт қойып тұрған жоқ. Ана әкім Жұмағалидан айтып жіберіпті, менің сендердің қатынастарыңда жұмысым жоқ, тек мені қаралауды қойсаңдар болды, депті.

Қалкен. Кім оны қаралап отыр?! Ол өзін өзі қаралап отыр! Міне, тыңдашы – имам әкімнен жаңа мешітті іске қосуға көмек сұрап барған екен. Ал әкім оған, мен қаланың бүкіл қазақтарынан зекет жинап беремін. Тек сіз және бүкіл молдалар, зекет төлеуден бас тартқандардың үйлеріне аяқ баспайсыңдар, депті. Сол үйде біреу қайтыс болса да жаназасын атқармайсыңдар, депті. Өзің ойлашы, бұл сұмдық қой! Енді әне – имам мен молдалар отыр не істерін білмей. Мешіт те керек, мұсылмандардың зекет төлеуі де заңды сияқты, ал қалай қайтыс болған адамның жаназасын атқармайды?! Зекет төлемеген мұсылман емес, экскаватормен көр қазсын да көме салсын, депті әкім. Осындай сөзді естіп қалай үндемей қалуға болады? Үндемесең ауызың қисаяр!

Жазира. Мен сенікі қате – әкімдікі дұрыс деп отырған жоқпын. Ол бізді, мені ең жанды жерімнен мықтап ұстап алды. Енді мен ешқайда кетпеймін. Түсінесің бе?! Оған бағынбасам газетімнен айырылам, ар-ұятым тапталып, масқара боп кетемін осыннан. Ал бұл газетке қанша күш-қайратымды жұмсадым! Сен оның бәрін білмейсің. Саған бәрі оңай сияқты көрінеді. Ал ана ұлым, мына мысқараны көргенсоң өзіне қол салса – мен ешқашан өзімді кешірмеспін. Одан Алла сақтасын!

Қалкен. Жазира, тыңдашы мені! Мен соның бәрін оңай деп отырған жоқпын. Бірақ біз екеуміз сол қиындыққа төтеп беруіміз керек. Маған да оңай болмас – мүмкін отбасымнан айырылармын. Бірақ біз бір нәрсені жоғалтпаймыз – біздің шынайы махаббатымызды. Біз енді еш нәрседен тайынбай күресуіміз керек. Мүмкін, сол күресіміздің нәтижесінде біз бүкілімізден айрылармыз. Мүмкін, жеңіске жетерміз. Сен лицензияңнан айырылмассың, министр да адам баласы, пенде ғой, оған бәрін түсіндіру керек – мүмкін түсінер. Оқырмандарымызға да соны айтамыз – оқырман түсінеді, менің ол жөнінде күмәнім жоқ. Самалға да, балаларыма да бәрін ашық айтып беремін. Сен де ұлыңмен сөйлес – ол енді бала емес, түсінуге тиісті. Қалай да болғанда ақиқатты айту керек. Алайда, күресіміз еш нәтиже бермесе де, бәрінен айырылсақ та райымыздан қайтпайық – не болса да, біздің махаббатымыз, бір-бірімізге деген сыйластық қалады. Ал күреспей, екі қолымызды жоғары көтергенде не табамыз?! Оқырман түгіл біз өзімізді сыйлаудан қаламыз. Содан кейін өмір сүрудің не қажеті бар? Махаббатсыз, достықсыз, сыйластықсыз – ол өмір емес, тек итшілеп күн көру болады.

Жазира. Жоқ, Қалкен, бұл сенің тағы бір қиялың. Бізге күресуге еш мүмкіндік берілмейді. Газеттен айырыламыз; басқа басылымдар біздің бір де бір мақаламызды қабылдамайды. Өйткені екеуміздің маңдайымызға ойнасшы зинақорлар деген таңба басылады. Содан кейін бізбен ешкім сөйлеспейді, бізді ешкім тыңдамайды. Біз бұл әкімге ештеңе істей алмаймыз. Біз оның торына оңдап тұрып түстік. Әсіресе мен… мен енді оның айтқанынан шыға алмаймын.


Екеуі біраз уақыт үндемей қалады.


Қалкен. (ұнжырғасы түсіп) Енді не істейін мен? Өз еркіммен жұмыстан босаймын, деп өтініш жазайын ба?

Жазира. Жоқ, қажет емес. Қалкенді жұмыстан босат деп талап етпеймін, істей берсін – бала-шағасы бар ғой, тек маған тиіспесе болды, депті әлгі әкім. Амал жоқ, соған көнуге тура келеді. Шынында да, Қалкен, біз неге соншама шүйілдік сол әкімге? Басқа мәселелер жоқ па ауданда? Иә, иә, білемін – ол тым қатты кетті. Ал бірақ, бастапқы кезде қай басшы қатты кетпейді?! Халық, жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады, деп тегін айтпайды ғой. Сыпырсын біраз, жыны басылғанша. Сосын түсер ақырын сабасына.

Қалкен. Оның жыны басылғанша ауданнан не қалмақ?! Уыздай ұйып тұрған қоғамымызды астан-кестен қылады ғой. Жоқ, мен бұл іске жайбырақат қарап отыра алмаймын! (үстелдың жәшігінен бір парақ қағаз алып бірдеңе жазады да Жазираға береді) Міне өтінішім, бастық. Мені жұмыстан босатыңыз.

Жазира. Қалкен, мен сені босата алмаймын. (өтінішін жыртып тастайды)

Қалкен. (Үстелдың жәшіктерінен өзінің ұсақ-түйек заттарын алып пакетке салып жатып) Сен де таңдау жасауың керек, Жазира. Не мені, не әкімді. Кіммен боласың, кімді қолдайсың? Оны өзің шеш.

Жазира. Мен сені қолдағым келеді. Бірақ мен сен сияқты күрескер емеспін, және де мемлекеттік басқару жүйесімен күресудің өзі…

Қалкен. Мен сені мемлекеттік басқару жүйесімен күресуге шақырып тұрған жоқпын. Мен тек біздің жаңа әкіммен күресуге шақырып тұрмын.

Жазира. Ал сол әкімің мемлекеттік басқару жүйесінің бір бағаны емес пе!

Қалкен. Жоқ, ол тек қана бір адам.


Жазира үндемей қалады.


Қалкен. (папкасы мен пакетін алып есікке қарай беттейді. Босаға алдында тоқтап, Жазираға бұрылып) Қош, Жазира! Ұмытпа мені – мен сені шын жүрекпен сүйдім.

Жазира. (жүгіріп келіп Қалкеннің мойынына асылады) Мен де сені сүйемін! Мен сенен айрылғым келмейді. (жылап жібереді)

Қалкен. Жоқ Жазира, сен менен айырылып қалдың. Жаңа ғана өз таңдауыңды жасадың.


Жазираның қолдарын мойынынан алып тастап, оны өзінен итеріп жібереді де шығып кетеді)


Жазира. (екі қолын басына қойып жылайды) О-о! О-о! Құрысын! Құрысын бәрі! Не керек?! Не керек мұның бәрі? Қандай мағына қалды енді өмірде? Қан-дай?!

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Қалкеннің пәтері. Самал ас даярлаумен айналысып жүр. Қайрат келеді.


Самал. Ә, келіп қалдың ба! Тест қалай өтті?

Қайрат. Нашар. Жетпіс-ақ ұпай алдым.

Самал. Жетпіс ұпай?! Бұл қалай? Мұғалімің, Қайрат кем дегенде жүз ұпай алады, дегені қайда?

Қайрат. Мұғалім емес қой тест тапсырған!

Самал. Енді не болды саған?

Қайрат. Маған ештеңе болған жоқ. Бүгінгі тестте мүлдем түсініксіз сұрақтар болды.

Самал. Ол қалай?

Қайрат. Қайдан білейін! Мұғалімдер бірдеңені шатастырып алған шығар. Әлде әдейі істеді ме.

Самал. Кім әдейі істейді дейсің! Ұлттық тесттің сұрақтарын алдын-ала ешкім біле алмайды. Ол құпия.

Қайрат. Түсінікті ғой. Ал бүгінгі сұрақтар мүлдем қисынсыз болды. Абылайханның атының тістерінің санын сұрады ма керек.

Самал. Абылайханның атының тістерін?!

Қайрат. Иә. Тарихтан сондай сұрақ болды. Абылайханның аты түгіл мен жәй жылқының ауызын ашып көріп пе едім!

Самал. Жарайды, текке күйінбейік. Болған іс болды. Жетпіс балл да жаман емес.

Қайрат. Аһа! Жетпіс баллмен грантқа алмайды.

Самал. Алмаса не істейміз – ақылы оқуға түсесің. Әкең келгесін ақылдасамыз. Ол әлгі кітабын шығарам деп жүрген. Гонорар алады, соны оқуыңа төлейміз.


Қалкен келеді де, креслоға сылқ етіп отыра кетеді.


Самал. Саған не болған? Қайдан келдің өзің?

Қалкен. Қаладан.

Самал. Бұл не жауап! Мен сені ауылдан келдің деп тұрмын ба?! Жұмысың әдетте ерте бітпеуші еді ғой.

Қалкен. Мен жұмыстан шығып қалдым.

Самал. Кет әрі! Енді әлгі Жазира да қуып шықты ма? Айттым ғой соны оңбаған деп!

Қалкен. Ол оңбаған емес. Мен өз еркіммен өтініш жазып шықтым.

Самал. Өз еркіңмен?! Неге?

Қалкен. Солай керек болды.

Самал. Кімге керек?

Қалкен. Самал! Сұрамашы менен ештеңе!

Самал. Жарайды, сұрамайын. Бірақ екі аптаның ішінде екі жұмыстан айрылғаның дұрыс па? Мына балаң ұлттық тесттен құлап келді. Енді грантты атама. Ақшаға оқыту керек. Ал сен жәйдан-жәй, оп-оңды жұмысыңнан айырылып отырғаның мынау.

Қалкен. (Қайратқа) Тесттен қалай құлап жүрсің? Қырық та ұпай ала алмадың ба?

Қайрат. Неге?! Жетпіс ұпай алдым.

Қалкен. (Самалға) Сен жаңа ұлттық тесттен құлап келді дегенің қайда?

Самал. Енді құламағанда несі қалды жетпіс ұпаймен!

Қалкен. (Қайратқа) Неге аз ұпай алдың?

Қайрат. (әкесінің дауысын келтіріп, кекете) Солай керек болды.

Қалкен. Кімге керек?

Қайрат. Әке! Сұрамашы менен ештеңе!


Қалкен Самалға қарайды, ол, саған со керек деген сыңай танытады.


Самал. Немене қарайсың? Мына балаңа ақша тап – отырғызып қоймай оқуға жіберу керек. Әлгі кітабың не болды? Шығуға дайын деп жүр едің ғой.

Қалкен. Дайын деген Мерген… қазір білейін. (телефон шалады) Сәләматсыз ба? Мен, Қалкенмін ғой. Мерген өзінде ме? Келгесін маған телефон шалсыншы. Жоқ, мен үйдемін. (телефонның тұтқасын қояды да Қайратқа бұрылады) Қандай оқуға түсейін деп едің?

Қайрат. Экономисттың оқуына.

Қалкен. Журфакқа барамын дегенің қайда?

Самал. Журфакта не іздейді? Сен сияқты итшілеп жүрсін бе! Жетеді, бір үйге бір журналист. Баламның баласына айтармын, журналист пен мұғалім болма, деп. Оңбаған кәсіптер! Бәлен жыл жұмыс істеп неге жарыдық? Не өзіміздің баспанамыз жоқ. Не қалтамызда артық ақша жоқ. Егер мен де сен сияқты бастығыммен қастасып жұмысымнан айрылсам, сонда әбден келісерміз. Ал менің де көкірегімде директордың бетіне басатын ауыр-ауыр сөздер бар. Бірақ мен оларды тіс жарып сыртқа шығара алмаймын. Ішімнен қайнап-қайнап тынамын. Неге? Үйді ойлауым керек, балаларды, бәріміздің жағдайымызды ойлауым керек. Ал сен неге ойлағың келмейді?!


Пәтердің есігінің қоңырауы шырылдайды. Қайрат барып есік ашады. Мерген келеді.


Мерген. Ассаламу ғалайкүм!

Қалкен. (орнынан тұрып қолын беріп амандасады) Уағаләйкүм ассалам! Жоғарлатыңыз, міне, креслоға отырыңыз. (Самалға) Самал, асың дайын болды ма?

Мерген. (креслоға жайғасып жатып) Жә, текке әуре болмаңдар – ас-шәйға уақытым жоқ. Рахмет. Бір әңгіме бар, телефонмен сөйлесуге келмеді.

Қалкен. Самал, сен…

Мерген. Жо-жоқ, Самалды қума. Мен өзі үйіңе келген себебім де осы – екеуіңмен сөйлесейін деп едім.

Қалкен. (Самалдың жанына диванға отыра беріп) Ал, онда… жақсы… айта беріңіз.

Мерген. Мені неге іздегеніңді сезіп тұрмын… әлгі кітабың жөнінде шығар. Солай ма?

Қалкен. Солай.

Мерген. Солай болса мені мұқият тыңдап ал. Қалкен, мен сені түсінбеймін… оп-оңды жұмыс істеп жаттың. Ең үздік журналист саналып жүрдің. Әне – өлеңдеріңнің жинағын шығаратын болдық. Астанаға конференцияға жібереміз деп жүрдік. Сосын, бәрі жақсы болып тұрғанда, бац! Жаңа ғана келген әкімге тиісемін деп барлығынан айырылдың. Бұл қалай? Мен сені түсінбеймін.

Самал. Иә, мен де…

Қалкен. (Самалға) Тоқтай тұршы-ей! (Мергенге бұрылып) Түсінбейтін ештеңе жоқ. Жаңа әкім өкіметтің ішкі саясатын бұрмалап отыр. Біздің демократиялық принциптерімізге сәйкес келмейтін саясат қолданып, ұлтаралық жағдайды ушықтырып жіберетін қауіп төндіріп тұр. Осының бәрін көре тұра мен қалай үнсіз қалмақпын? Мұндайға кез келген азамат қарсы шығуға тиісті – мен де, сіз де, мына Самал да!

Мерген. Жоқ, Қалкен! Мына сөзің – баланың сөзі. Тіпті жынды адамның сөзі деуші едім – ренжіскім келмейді. Мен сені ақыл-есі бар жігіт деп санайтынмын.

Самал. Мен де бұған күнде осы сөзді айтам. Жұмыс – жұмыспен, бірақ бір мезгіл өзіңнің де, отбасыңның да жағдайын ойлауың керек қой деп. Тыңдамайды!

Қалкен. Менің жаңағы айтқан қай сөзім балалық, қай сөзім жындылық?!

Мерген. Бүкіл сөзің! Әй, сен өзі кімсің?! Мемлекет басқаратын адамсың ба? Әкім, жақсы болсын, жаман болсын, бір ауданды басқарып отыр! Ал демократия-семократия – ол бізге, қарапайым адамдарға не керек?! Біз өзіміздің жұмысымызды білуіміз керек.

Қалкен. Қоғамда не болып жатпасын, қандай кемшілік, зұлымдық болып жатпасын – біздің, журналисттердің, басты міндетіміз – сол кемшіліктерді көпшілікке көрсетіп, әшкерелеп отыру. Мен тек өзімнің жұмысымды жақсы атқаруға тырысып жүрмін.

Мерген. Жоқ, Қалкен, сенімен дені дұрыс сөйлесуге болмайды екен! Келін, сен ренжіме, өзің көріп тұрсың ғой – мен Қалкенге бар ақылымды айтып бақтым. Түсінбейді. Тіпті түсінгісі келмейді!

Қалкен. Неге түсінбейін! Сіздердің айтып жүргендеріңіз бір – әкім бастық, сондықтан оның бүкіл ісі дұрыс. Бұрыс болса да дұрыс! Және, біз кішкентай адамбыз, мемлекеттің саясатын, қоғамның жағдайын ойлайтын дөкөйлер-көкейлер бар – міне солар басын қатырсын. Ал біз өзіміздің қамымызды, отбасымыздың, бала-шағамыздың қамын ойлауымыз керек. Солай ғой?

Мерген. Әй қарағым! Сенің отбасыңның қамын мен ойлауым керек пе?! Менің өз отбасым, өз балаларым бар!

Самал. Бұл біздің отбасымыздың қамын менің мойныма артты да өзі басқа, мүлдем бізге қатысы жоқ мәселелермен айналысып жүр.

Қалкен. Қателесесің, Самал! Мен қоғамда болып жатқан процестерді ойлағанда біздің де отбасымыздың жағдайын ойлап отырмын. Өйткені сол процестер әр отбасына қатысы бар. Әр отбасына әсер етеді.

Мерген. Менің бір нәрсеге көзім жетті, – сені сөз таластырып жеңе алмаймын. Мен сені сөзбен жеңейін деп келген жоқпын. Жағдай былай – кітабың баспадан шықсын десең біздің әкімді мақтап дастан жазасың. Сосын сол дастанды кітабыңа кіргізіп шығарамыз.

Қалкен. (орынан атып тұрып) Да-аста-ан?!

Мерген. Иә, дастан.

Қалкен. (бөлме бойымен жүріп кетіп басын шайқайды) Дастан! Тамағы қалған екен! (Мергеннің қарсысына тоқтап) Сонда сол дастанды не деп жазбақпын?

Мерген. Оны өзің білесің – менен несін сұрайсың! Сен ғой ақын. Қисынын келтіріп, Басекеңнің біздің ауданға келгеннен бергі қысқа мерзімнің ішінде тындырған істерін атап көрсетіп жаз.

Қалкен. Басекеңнің тындырған істеріне фельетоннан басқа ештеңе жазуға келмейді. (тағы да басын шайқап) Дастан!

Мерген. Жақсы, дастан жазғың келмесе бір-екі өлең жаз. Ода жаз. Сосын Басекеңнің саған қоятын бір шарты бар – өткен аптада жазған мақалаңдағы фактілер жалған болып шықты деп, Жазираның газеті арқылы әкімнен кешірім сұрайсың. Міне, содан кейін жұмысыңа да қайтып кірісесің, кітабың да шығады, сол кітабыңа да жақсы ставкамен гонорар аласың. Басекең айтады – егер соған арнап жазған дастан оған ұнаса, кітабыңды мемлекет сыйлығына ұсынуға көмек көрсетемін дейді.

Қалкен. Әкімнің ұяты жоқ екен. Жо-жоқ! Мен ондай сатқындыққа бара алмаймын! Бұл бос сөз.

Мерген. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Менің міндетім – саған бастықтың талабын жеткізу. Ал арғы жағын өзің біл. Егер тиісті шешімге келсең – мен әрқашан көмекке келуге дайынмын. Тек телефон шалсаң болды. (Самалға) Ал, Самал, сау бол. Мына Қалкенге ақылыңды айт. (шығып кетеді)

Қалкен. (Мерген отырған креслоға отыра кетіп) Алла сақтасын! Не боп барамыз өзі! Көрдің бе енді әкімнің сиқын? Жаңағы сөзді естігесін де сен соны жақтайсың ба?

Самал. Менің жақтаған-жақтамағанымда бірдеңе бар ма?! Мәселе менде ме? Мәселе қазір саған тіреліп тұр.

Қалкен. Жоқ, сен айтшы – сен кімді, өзіңнің күйеуіңді қолдайсың ба? Әлде…

Самал. Қалкен! Менің қолдауымда не тұр? Саған ап-анық ультиматум қойылды – не сен әкімге көнесің, басыңды иесің, не ол сені құртады. Бітті! Сенде екі-ақ жол бар – енді біреуін таңда. Бірақ, ақиқатына келсек, бізде барлығы жоғы бір-ақ жол қалды. Басқа жолмен кетсең… қысқасы, мен сенімен ол жолмен жүрмеймін.


Қалкен тесірейіп Самалға қарап отырып қалады.


Самал. Немене соншама тесірейдің? Тесірейме! Мен өз сөзімді айттым. Арғы жағын өзің біл. Егер саған мен керек болсам, егер балаларың керек болса, егер саған отбасың керек болса, онда көлденең, бізге қатысы жоқ жәйттерді таста да, отбасымыздың жағдайын ойла. Ана ұлыңның оқуын ойла, болашағын ойла!


Қалкен үнсіз қалады. Самал да үндемейді. Осы кезде есіктің қоңырауы шырылдайды.


Самал. (орынан тұрып ауыз үйге беттеп бара жатып) Тағы қайсысы екен? (есік ашылған дыбыс, сосын біреу Самалмен амандасады) Сәлеметсіз бе? Жоғарлатыңыз.

Бейтаныс дауыс. Жоқ, рахмет. Мына хабарландыруды сізге апарып бер деді. Мына жерге, хабарландыруды алдым, таныстым деп қол қойыңыз. Сау болыңыз.

Самал. Сау болыңыз. (хабарландыруды оқып келеді де бөлменің ортасында кілт тоқтайды) Міне, енді пәтерге де кезек жетті.

Қалкен. Қай пәтер? Бұл не қағаз өзі?

Самал. Мә, оқы. (қолындағы қағазды Қалкенге береді де орнына отырады)

Қалкен. (хабарландыруды оқиды) Самал Арынқызы, сіздің отбасыңыз әлеуметтік қолдау көрсететін отбасы қатарынан шығып қалды. Сіздің үш оқушы балаңыз бар, өзіңіз де, жолдасыңыз да, қызыңыз да жұмыс істейді. Ұлыңыз мектеп бітіріп жұмыс істеуге жарап қалды. Сондықтан осы аптаның аяғына дейін тұрып жатқан пәтерді босатыңыз. Ол пәтер әлеуметтік баспанаға мұқтаж көп балалы отбасылардың біріне беріледі.

Самал. Ал, енді не дейсің?

Қалкен. Не деуші ем? Шынында да, біздің енді әлеуметтік пәтерде тұратын құқығымыз жоқ.

Самал. Мүмкін бізде жалпы ешқандай пәтерде тұруға құқығымыз жоқ шығар?

Қалкен. Жалға беретін пәтер қарастыру керек. Бүгінгі газет қайда? Әкел, оқиын, мүмкін бірдеңе табылар.


Самал басқа бөлмеге барып газет әкеліп береді.


Самал. Жалға беретін пәтердің ақысы жанып тұр. Оған ақша қайда?


Қалкен газетті көзімен шолып жатып бірдеңе деп міңгірлейді. Сыртқы есік ашылғаны естіледі, пәтерге біреу кіреді.


Қалкен. (елең етіп) Тағы кімді жіберді екен Басеке?

Самал. Алма шығар, бөтен адам есікті қалай ашпақ.

Алма. (келеді, көзінде жас) Мен ғой. (сыртқы киімін шешпестен шешесінің жанына отыра кетеді)

Самал. Ойбай, саған не болған?! Біреу ренжітті ме?

Алма. Ешкім ренжіткен жоқ. Тауарымнан айырылдым.

Самал. Қалай… айырылдым? Контейнеріңе ұры түсті ме?

Алма. Жоқ. Прокуратура мен санэпидстанциядан кісілер келіп бүкіл тауарымды актылап, контейнерге мөр басып кетті.

Самал. Иә, оларға не керек?

Алма. Білмеймін… (көз жасын сүртіп жатып) Тауарларыңның құрамында улы қоспалар бар, халықты уландырып жүрсің, деп акт салды. Мен бұл тауарларды істеп шығарған жоқпын ғой. Әне – бүкіл базардағы саудагерлердің тауарлары осындай. Сонда мен ғана қылмыскер болғанмын ба, деп едім, прокуратурадан келген кісі, басқаларда нең бар, өзіңнің жағдайыңды ойла. Әкеңнен көр, соның кесірі тиіп тұр саған, деді. Мен түк түсінбедім – менің тауарларыма әкемнің қандай қатысы бар?

Қалкен. (газетті үстелге тастай беріп) Ох, оңбаға-ан!

Самал. Сенің тауарларыңа әкеңнің қатысы жоқ. Сенің әкең жәй жүрмей әкімнің өзімен жауласып жүр, әлгі прокуратураң соның әмірін орындап отыр. (Қалкенге) Енді не істемексің?

Алма. (сұрақ өзіне қойылды деп ойлап) Білмеймін. Міне, ертеңгі сағат тоғызға повестка беріп кетті. Егер тауарларыңда улы қоспалар табылса, үстіңнен қылмысты іс қозғаймыз, деп кетті прокуратураның қызметкері.

Самал. Әрине, улы қоспалар табылады. Қазіргі тауарлардың құрамында не жоқ дейсің! (Қалкенге) Не істемексің деймін? Мына қызыңды соттатып жібермексің бе? Неге үндемейсің?

Қалкен. Соттай алмайды! Жәй, қорқытып отыр да. (Алмаға) Сен қорықпа. Мен ертең сенімен бірге барамын. Тапқан екен қорқытатын адамды. Біз заң білмейді деп ойлайды ма өздері?!

Самал. (айғайға басып) Әй! Заңның не қатысы бар! Табады олар қолданатын заңды. Сотталып түрмеге түспесе де, бұл қыз бүкіл тауарынан айырылады. Және бәлен мың теңге айыппұл төлеткізеді. Қайдан аласың ақшаны?


Бірер уақыт бәрі үндемей қалады.


Алма. Әке, шынында бізге әкім өшігіп жүр ме? Әлгі прокуратураның қызметкері соны меңзеп тұр ғой. Ол әкім бізге неге тиіседі?

Самал. Кім тиісті бізге! Әкең өзі тиіскен сол әкімге! Әй, оның да кеудесінде жаны бар шығар! Қалай деп ойлайсың – бір ауданды басқарып тұрып, қалай ол өзінің беделін қорғамайды? Оның орнында кез келген адам сөйтеді! Қолындағы бар билікті пайдаланып бағады. Ал, енді істеп көр оған! Сотқа бар, заңға жүгін – не бітіресің? Кімді жақтайды сол сот? Сені ме? Әлде ауданның әкімін бе? Неге сен төрт аяғын тіреп алған есектей тұғырланып алдың? Неге сен айдай анық нәрсені түсінгің келмейді? Түсініп тұрсың сен бәрін, кім болсаң да сен ақымақ емессің. Тек тәкәппарлығың, кеудең жібермей тұр. Сол тәкәппарлығыңның құрбандығына біздің бәрімізді шалайын деп тұрсың. Қызыңды да, ұлыңды да. Өзім жөнінде сөз де қозғамайын.

Алма. Әке, егер мамамның айтқаны шын болса… бірдеңе ғып… келісіп сол әкіммен… қайтарып берші тауарымды. Мен жаңа-жаңа кредитімді төлеп болып, енді өзім шет елге, Қытай мен Түркияға шығып тауар әкелем деп армандап жүргем. Бүгін сол арманымның күл-талқаны шыққандай болды. Үш жыл бойы бір де теңге өзіме жұмсамай еңбектендім, тезірек кредитімнен құтылайын, тезірек шет елге баратын қаражат жинап алайын деп. Енді тауарымнан да, біраз жиған ақшамнан да айырылайын деп тұрмын. Егер сотты болсам не қалады сол ақшадан?

bannerbanner