Читать книгу Ақын мен Әкім. Пьесалар (Қайыркелдi Руспаев) онлайн бесплатно на Bookz (7-ая страница книги)
bannerbanner
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Ақын мен Әкім. Пьесалар
Оценить:
Ақын мен Әкім. Пьесалар

4

Полная версия:

Ақын мен Әкім. Пьесалар

Бірінші куәгер. (таңырқай қарайды) Сіз қызық екенсіз. Осы екі сөздің қандай айырмашылығы бар?

Қази. Айырмашылық бар. Егер бұл жігіт күмәжнікті ұрласа, әшһәду – бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады, деп куәлік ет. Ал егер ол күмәжнікті жәй қалтадан алып шықса, онда мәселе басқа.

Бірінші куәгер. (мырс етіп күледі, топтағылар да оған қосылады) Ұры күмәжнікті жәй ала ма?

Ғабдуррахман. Куәгер, сіз мысқылдамай қазидың сұрағына дұрыс жауап беріңіз.

Бірінші куәгер. (күлкі пышақ кескендей тиылады) Жарайды. Әшһәду, куәлік етемін – бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады.

Қази. Жақсы. (екінші куәгерге) Ал сіз не дейсіз?

Екінші куәгер. Иә, әшһәду, куәлік етемін – бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады. Мен базарда сауда жасаймын, ал бұл жігіт әрдайым сонда жүреді, және жәй жүрмейді, сатушыларды да, сатып алушыларды да қан қақсатып жүреді. Қолынан шап беріп ұсталған күнде де құтылып жүрді. Бұның ұрлығы жөнінде бүкіл базар біледі, тек мына екумізден басқа ешкім куәгер болғысы келмеді. Иллаһи, осы жігіт ұры! Баукеспе ұры!

Ғабдуррахман. Мінеки, біз ұрыларды әшкерелеп жазалаудың орнына қылмысын жасырып бағамыз. Содан кейін, қылмыскерлер саны күннен күнге артып бара жатыр деп байбалам саламыз. Жақсы, сіздер боссыздар. (куәгерлер кетеді)

Қази. (ұрыға) Ал, жігітім, сен не дейсің?

Ұры. Кешіріңіз, мен ендігәрі ештеңе ұрламаймын.

Ғабдуррахман. Сен өзі неге ұрлықпен айналысасың? Ұрламасаң аштан қатасың ба?

Ұры. Жоқ. Қатпаймын…

Ғабдуррахман. Әлде жұмыс істей алмайтын мүгедекпісің?

Ұры. Жоқ, мен құрылыста жұмыс істеймін.

Ғабдуррахман. Жалақың аз ба? Отбасыңды асырауға жетпей ме?

Ұры. Жетеді. Отбасым жоқ. Әлі үйленген жоқпын.

Ғабдуррахман. Онда не керек саған?! Не жетпейді?

Ұры. Білмеймін. (оң қолын көтеріп) Менің ұрлығыма мына қолым кінәлі. Осы қолымнан көретін болдым! Көлік ішінде, базарда, әйтеуір көпшілік ішінде жүрсем болды – дуылдап қышиды-ай кеп. Содан бірдеңе жымқырмағанымша қышуы басылмайды! Не істерімді білмеймін!

Ғабдуррахман. Не істеуіңді сен білмесең біз білеміз. (қазиға) Қандай жаза тағайындайсыз?

Қази. Бұл жігіттің қолын білезіктен шауып тастаңдар. Содан кейін ұрлауын қоймаса екінші қолынан да айрылады.

Ғабдуррахман. Дұрыс! (ұрыға) Жүр, жазайық қолыңның ауруын. Қандырайық қышуын.

Ұры. Ағай! Шаппаңызшы қолымды! Мен енді ештеңе ұрламаймын.

Ғабдуррахман. Иә, иә, мен бұл сөзіңе әбден сенемін. Жалғыз сен емес – қолыңнан айырылғаныңды көрген кез келген адамның енді ұрлыққа баруы екіталай. Сол үшін біз шариғат сотын енгізіп отырмыз. (көмекшілеріне) Неғып тұрсыңдар? Орындаңдар қазидың үкімін.

Көмекшілері жігітті ойбайлатып апарады да қолын діңге қояды. Жендет балтаны көтеріп, қай жерден шабатынын көздеп біраз тұрады. Жігіт аппақ қудай болып қарап тұр. Жендет балтасын тарс еткізіп түсіргенде, демін ішіне тартып тұрған жігіт айқайлап жіберіп орнынан атып тұрады да, шабылған қолын екінші қолымен қысып алып зытып береді. (немесе осының бәрі сахнадан тыс жерде болады, көрермен тиесілі дыбыстар арқылы түсінеді. Ұры жігіт шабылған қолын екінші қолымен қысып сахнада тұрған халықтың алдынан жүгіріп өтеді) Халық шулап жатыр.

Бірінші адам. Әй! Тоқтатыңдар әлгіні! Қансырап өледі ғой! Қуып жетіп қолын таңу керек! (бір-екі жігіт ұрының соңынан кетеді)

Екінші адам. Оңбағандар! Қанішерлер!

Үшінші адам. Қанпезерлер! Хайуандар!

Ғабдуррахман. Ей! Сендер не білесіңдер?! Бұл жігітті біз жазалады деймісіңдер? Жоқ! Оны Аллаһ тағала жазалады! Және бұл жаза Жаратқанның рақымы. Бұл жігіт қолынан айрылды, ал оның есесіне шайтанның азғыруынан құтылды. Ол енді ұрлық жасамайды, күнәсін өзінің қанымен жуып-шайып адал өмір сүруге мүмкіндік алды. Иншалла, Аллаһ енді мұның қылмыстарын кешіреді. Өйткені Аллаһ адамды екі рет жазаламайды. Түсіндіңдер ме енді? (көмекшілеріне) Кәні, әкеліңдер келесі қылмыскерді

Қази. Осымен доғарсақ қайтеді, хазіреті шейх? Бүгінгіге жетер…

Ғабдуррахман. О не дегеніңіз! Халқымыз қылмыс пен күнаға белуарынан батып жүр. Жергілікті түрме істі болған қылмыскерлерге лық толы, қазір онда аяқ басар жер жоқ. Арақ істеп сататындар мен ішетіндер, есірткі тарататындар мен нашақорлар, жезөкшелер мен зинақорлар, құмар ойын ұйымдастырушылар мен ойнаушылар, пара алушылар мен пара берушілер, ақшаны өсімге берушілер мен аңқау еңбекшілдерді алдап жүрген алаяқтар, адам өлтірушілер мен зорлаушылар, ұрылар мен адам тонаушылар, еркек пен еркек жынысты қатынасқа түсушілер, әйел мен әйел қосылып отбасын құрушылар және сол сияқты түрлі-түрлі азғындар өздерінің сотын тосып отыр. Осындай қылмыскерлер мен азғындардан арылмай біз нағыз ислами мемлекет құра алмаймыз. Сондықтан ерінбей, шаршамай, білегімізді түріп алып іске кірісейік.

Қази. Жарайды, әкеліңдер келесі қылмыскерді.

Шейхтің көмекшілері бір жас келіншекті алып келеді. Осы жерде Асқар келеді.

Ғабдуррахман. (қазидың жанындағы бос орынды нұсқап) Хазіреті имам, келіңіз, міне сіздің орныңыз. (Асқар отырады, оның екі көзі қылмыскерде)

Қази. Бұл келіншектің қылмысы неде?

Асқар. Не бүлдіре қойды екен бұл бала?

Ғабдуррахман. Е-е, хазіреті имам! Сіз адамның сыртқы пішініне қарамаңыз. Осындай, түк білмегенсіп, үлбіреп тұрғандардың ішінде өлген ит жатады. Бұл оңбаған жаңа туған нәрестесін перзенханада тастап кетіпті.

Асқар. (не дерін білмей қалып) М-м… кеткен екен бір қателік… жас қой…

Қази. Куәгерлер бар ма?

Ғабдуррахман. Бар. Бір дәрігер және екі медбике.

Куәгерлер жақындайды. Дәрігер ер адам.

Қази. (дәрігерге) Сіз мына келіншектің өз нәрестесін перзентханада тастап кеткенін растап куәлік етесіз бе?

Дәрігер. Иә, әшһәду, куәлік етемін – осы келіншек өз баласын перзентханада тастап кетті.

Қази. Жақсы. (медбикелерге) Ал сіздер ше?

Екі медбике. (бірлесіп) Әшһәду, куәлік етеміз – осы келіншек бала табысымен одан бас тартты да тастап кетті.

Қази. Жақсы, сіздер кете беріңіздер. (келіншекке) Балаңды неге тастап кеттің? Күйеуің қайда?

Келіншек. Күйеуім жоқ. Мені бір жігіт алдап, үйленемін деді де екіқабат болып қалғанда тастап кетті. Сосын, баланы асырай алмайтын болғасын, оны тастауға мәжбүр болдым.

Ғабдуррахман. Бұл себеп емес. Айналаңа қарашы – не?! Жұрт балаларын асырай алмай аштан қырылып жатыр ма? Бұл не сандырағың?! Неке қиыспай еркекпен неге төсекке жаттың? (келіншек үндемейді) Ал, жарайды, шайтанның азғыруына ұшыраған екенсің, некесіз бір азғынмен төсектес болған екенсің, екі қабатты болып қалған екенсің, бала тапқан екенсің – не болмай жатыр қазіргі заманда?! Неге сен өзіңнің сәбиіңді, бейкүнә, титтей нәрестеңді тастап кеттің? Содан кейін қалай жер бетін басып жүремін деп ойладың?! (келіншек төмен қарап үндемейді, шейх қазиға бұрылады) Қандай жаза тағайындайсыз?

Қази. Жүз дүре!

Асқар. Мен мұндай жазамен келіспеймін. Жүз дүре дегеніңіз – ол өлім жазасымен пара-пар! Елу дүренің өзі жетіп жатыр.

Ғабдуррахман. Жоқ, хазіреті имам! Бұл жерде аяушылық дегенді қою керек. Қылмыскерлерді аяп біз қоғамды дұрыс жолға бастай алмаймыз.

Асқар. Қылмыскер қылмысына сай жаза алуға тиісті. Баланы тастап кеткені үшін өлім жазасына қиюға бола ма?

Ғабдуррахман. Ал мұның некесіз еркекпен төсектес болғанын қайда қоясыз? Ол қылмыс емес пе?! Бұл жазамен біз бала тастап кететіндерге қоса зинақорларға да сабақ бермекпіз. Әлде сіз зинақорлықты қолдайсыз ба?

Асқар. Жоқ, қолдамаймын. Бұл қызды алдаған жігіт қайда екен? Оны да жауапқа тартып осы жүз дүрені екеуіне бөліп беру керек.

Ғабдуррахман. Ол сабазың ісін тындырып ізін суытыпты. Оңай құтылдым деп жүр ғой, сірә. Алланың жазасынан құтыла алмасын білмейді ғой ол сорлы. (көмекшілеріне) Сонымен, қази жүз дүре тағайындады. Апарыңдар, беріңдер қылмыскердің тиісті жазасын!

Халық тағы шуласып кетеді.

Бірінші адам. Ойбай-ау! Жүз дүреге бұл бейшара шыдай ма?! Өліп кетпей ме!

Екінші адам. Иә, қайдан шыдасын! Бұлар оны әдейі өлтірейін деп тұр!

Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Егер ажалы келсе – өлер. Ал егер сызығына жетпесе – тірі қалады, өмірін жаңадан бастайтын мүмкіндік алады. Не болса да бұл бейбаққа хайыр – жаңа айтқан жоқпын ба, Алла тағала қылмыскерді екі рет жазаламайды деп!

Келіншек. (өзін не тосып тұрғанын жаңа ғана түсінгендей тізерлеп отыра кетіп) Ағатай! Көкетай! Кешіріңіз! Мен жүз дүреге шыдай алмаймын. Өліп кетемін!

Ғабдуррахман. Өлсең – өрем қап! Сенің жер бетінде жүргеніңнен не пайда?! Егер сен өз ішіңнен шыққан балаңды аямасаң – біз сенен не қайыр күтпекпіз? Өзің ойлашы – кімге сенің өмірің қажет?! Біздің жаңа қоғамымызда сендей көкектерге орын жоқ!

Келіншек. (еңіреп жылап жібереді) Кешіріңізші! Мен баламды қайтып аламын! Бүгін барып аламын! Қазір барамын! Түсіндім қателігімді, түсіндім!

Ғабдуррахман. Әй, қарағым! Кім енді о баланы саған береді?! Бір рет тастап кеткен қарабетке баланы сеніп беруге бола ма?! (топқа бұрылып) Біздің ислами автономиямызда балалар үйі деген, тастанды бала деген болмайды. Балалар үйіндегі бүкіл балаларды біз, «Әл-хизб» партиясының мүшелері, өзара таратып алдық. Мен өзім бір ер бала мен бір қыз баланы асырап алдым. Біз сол балаларды нағыз мұсылман етіп тәрбиелейміз. (көмекшілеріне) Әй, неғып тұрсыңдар?! Апарыңдар, байлаңдар бағанға! Беріңдер әділ жазасын!

Қызметшілер келіншекті сүйреп бағанға апарып байлайды. Екі жендет екі жағынан сабай бастайды. Келіншек жылайды, шыңғырып айғайлайды, біраздан соң тек ыңқылдап ыңырсығаны ғана естіледі, аяқтарында тұра алмай, кісендерде асылып салбырап қалады, біраздан кейін мүлдем үні өшіп қозғалыссыз қалады. Халық толқып, кейбіреулері: «Жетер! Тоқтатыңдар! Хайуандар! Жауыздар!», деп жатыр.

Ғабдуррахман. Кім бұл жерде жауыз?! Сендер не білесіңдер?! Осы сөзді айтқан адам кезінде тастанды бала болды мекен?! Шырылдап осы дүниеге келе сала, туған анасы оны тәрк етіп тастап кетті мекен?! Сосын, есейіп жігіт болғанша, анам келіп мені алып кететін шығар, деген үмітпен қатар, жоқ, ол келмейді! Мен оған керек емеспін, мен бұл дүниеде ешкімге керек емеспін, деген қасыреттің арасында дел-сал болып жүрді мекен?! Ә?! (халық үндемейді) Үндемейсіңдер, иә! Ал мына алдарыңда тұрған адам, (өзін қамшы ұстаған қолымен нұсқайды) жауыз деп жазғырған адам, кезінде сондай тастанды бала болған! Сол адам есейіп, өзін туған анасы… анасы емес-ау! Өзін туған азғынның ендігі келмейтініне, ендігі алып кетпейтініне көзі жеткенде, оған жауыз деген. Сосын сондай жауздарды тудырған, сондай азғындарға жол беріп қойған қоғамға соғыс жариялаған. Өзінен туған баласын тастап кететін жауыздарға жиһад жариялаған! Міне, бүгін сол жиһадтың да уақыты келді.

Осыны айтып ол айналып кетеді. Жұртта үн жоқ. Өзінің дауысын ретке келтіріп Ғабдуррахман сөзін жалғастырады.

Ғабдуррахман. Біз бұл қылмысты жазаламай, тастанды балалардың саны азаймайды. Сендерге сол керек пе?! Ә?! Неге үндемей қалдыңдар?! Ендеше қараңдар – ойнас жасап бала тауып, бейкүнә сәбиді тастап кеткендерге біздің ислами мемлекетімізде аяушылық болмайды!

Халық үндемейді. Жүз дүре беріп жендеттер тоқтайды. Қызметшілер келіншектің қолдарындағы кісенді ағытады – ол сылқ етіп құлап түседі. (немесе осының бәрі сахнадан тыс жерде болады)

Ғабдуррахман. Дәрігерді шақырыңдар! (носилка ұстаған екі санитар ертіп дәрігер келеді де әйелдің пульсын байқайды, кеудесіне құлағын тосады да орнынан тұрады) Не?

Дәрігер. Өтіп кетті. (алақандарымен бетін сипайды)

Ғабдуррахман. (бетін сипайды) Аллаһу акбар!

Сахнадағы барлық жұрт беттерін сипап «Аллаһу акбар» дейді. Топтың ішінде күбір-күбір, гу-гу әңгіме басталып кетеді. Санитарлар келіншектің мәйітін носилкаға салып алып кетеді. Ғабдуррахман үсті-басын қағып орнына қайтып келеді.

Жамал. (топты жарып шығып шейхтың алдына келіп тоқтайды) Қанпезер! Қанішер! Тойдың ба қанға, құзғын? Осыдан кейін кім сені мұсылман, момын дейді?!

Ғабдуррахман. Өшір үніңді, арсыз қатын! (қамшыны сермеп қалады да, лезде есін жиып, көтерген қолын төмен түсіреді)

Жамал. (шейхке ұмтыла) Ұр! Ұр! Жық дүреге! Саба! Неге тоқтап қалдың?! Ұр, қыр, өлтір, жендет! Қорықпаймын сенен! (шейх теріс айналып кетеді, Жамал өзін сабырға шақыру мақсатымен жақындаған Асқарды итеріп жібереді) Осы сұмдықтың бәрі сенің мойныңда! Сен бәріне кінәлісің! Сен осының бәріне жол ашқан. Сенімен бір отбасылық болғанша мүлдем байсыз өткенім артық. (Ғабдуррахманға) Мен бұл қаладан кетемін. Балаларымды да қалдырмаймын. Бұл қала жын-шайтанның ордасына айналды, бұл жерде есі дұрыс адамға орын жоқ.

Конец ознакомительного фрагмента.

Текст предоставлен ООО «Литрес».

Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на Литрес.

Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.

Вы ознакомились с фрагментом книги.

Для бесплатного чтения открыта только часть текста.

Приобретайте полный текст книги у нашего партнера:


Полная версия книги

Всего 10 форматов

1...567
bannerbanner