Читать книгу Империядағы туған күн кеші (Серік Асылбекұлы) онлайн бесплатно на Bookz (4-ая страница книги)
bannerbanner
Империядағы туған күн кеші
Империядағы туған күн кешіПолная версия
Оценить:
Империядағы туған күн кеші

5

Полная версия:

Империядағы туған күн кеші

Сұлтанбек Ертуғанұлы Айдарға қолын бір сілтейді де, жөнеледі. Оның артынан Тойболды, Нұрсұлу, Гүлден – үшеуі ілеседі. Ұлжалғас пен Берікбол бір сәт не істерін білмей, аңырып қалады.

Берікбол (Ұлжалғасқа!. Жеңеше, қонақтарды шығарып салуымыз керек шығар?.. Ең болмаса…

Ұлжалғас. А-а, солай ма?!. Ту-у, есім шығып, миым айналып қалды ғой!.. Шынында да, сүйткеніміз дұрыс шығар…

Берікбол. Жүріңіз онда…

Екеуі кетеді. Жападан-жалғыз қалған Айдар Сейтқалиұлы аяңдап үстелдің басына келеді де, бос рюмкалардың біріне лықылдатып арақ құя бастайды. Сонан соң түрегеліп тұрып оны түбіне дейін алып қояды. Не істеп, не қойғанын өзі де түсінбегендей бірер минут мең-зең күй кешеді. Қайтадан үстел басындағы бос қалып, жайрап жатқан иесіз орындықтардың біріне отырады. Одан кейін қалтасынан шылым алып, тұтатады. Ресторанның ішінен Сәния шығып, үстел үстіндегі ыдыс-аяқтарды жинастыра бастайды.

Пауза.

Айдар. Сәния, бері келш…

Сәния (бұрылып). О, не, ағай?..

Айдар (өзіне-өзі әзер келіп, сәл-пәл күлімсіреп). Бері кел дейм…

Сәния келеді.

Айдар (жанындағы орындықты нұсқап). Отыр мына жерге…

Сәния(отырып жатып). Ал отырдым, ағай.

Айдар. Өй-й, ағай деген даусыңнан айналдым сенің!..

Айдар алдыңдағы бөтелкіден екі рюмкеге шүмпілдете толтырып, арақ құяды да, оның біреуін даяшы қыздың алдына қарай жылжытады.

Ал, кәне, кеттік…

Сәния. Жұмыста жүрм, маған болмайды ғой, ағай.

Айдар. Ештеңе етпейд. Болат!.. Әлде сен менің айтқанымды істегің келмей отыр ма?

Сәния, (рюмкені қолына алып).Онда сіздің туған күніңіздің құрметіне бір рюмка алайын. Содан кейін қинамаңыз бірақ, жарай ма?

Айдар (тілі күрметіліп). Жарайт…

Екеуі рюмкелерін соғыстырып, алып қояды.

Өй, мына арақтың дәмі қайда кеткен-әй! Тура су сияқты…

Сәния (ашырқанып). Қойыңызшы, удай ащы ғой…

Айдар. Білмейім, маған су сияқты.

Сәния (сыңқ етіп). Көп ішіп қойған боларсыз. Көп ішкенде мұның дәмі білінбей кетеді.

Айдар. Өй, күлкіңнен айналдым сенің!..

Қолын Сәнияның иығына салып, оны сәл-пәл бауырына қарай тартады.

Сәния (көздерін төңкеріп, назданып). Ағай?!.

Айдар. Даусыңнан сенің!..

Сәния. Айдар Сейтқалиевич, қолыңызды алыңызшы!.. Ұлжалғас Көпбаевна көрсе, мені өлтіреді ғой!..

Айдар. Кәне, Ұлжалғас Көпбаевна? Жоқ қой ол… Жоқ.

Сәния. Кім білет, аяқ астынан кеп қалуы мүмкін. Күтпеген жерден…

Айдар. Не, содан… Ұлжалғастан қорқасың ба?

Сәния. Қорықпағанда!.. Жұмыстан шығарып жіберіп жүрсе…

Айдар. Сені ме?

Сәния. Иә, мені…

Айдар. Шырағым, осы ресторанның қожайыны, бас директоры кім өзі?

Сәния. Сіз…

Айдар. Ендеше Ұлжалғас сені қайтіп жұмыстан шығармақ? Мына мен тұрғанда… Мына көкең… Айдар Сейтқалиевич… тұрғанда.

Сәния. Дегенмен сіз бас директор болғанмен, ол сіздің әйеліңіз ғой. Ал отбасын әдетте әйелдер билейді. Өтірік пе?..

Айдар. Өтірік!.. Есіңде болсын, Айдар Сейтқалиұлы өзін әйелге билететін адам емес. Түсіндің бе? Айтпақшы, сен қыз бүгін мені туған күніммен құттықтаған жоқсың… между прочим…

Сәния (қуланып). Ағай, мен бүгін жұмыстамын ғой. Кейін өзім жеке құттықтаймын ғой. Жарай ма?!.

Айдар. Жарайт-жарайт… Жеке деген сөзің жақсы екен. Сонда, демек, мені оңашада… жеке құттықтайсың ғой?!.

Сәния. Иә-иә…

Айдар. Сәнияш, мен сені жақсы көрем. Сен соны білесің бе?

Сәния (сықақ етіп) Қойыңызшы?!.

Айдар. Шын айтам!..

Сәния. Бағана әнебір қыз ба, келіншек пе, біреуді қайта-қайта қиылып, биге шақырып жүр едіңіз ғой?!.

Айдар. Оны сен қыз қайдан көріп қойдың-әй?!.

Сәния. Біздің де көзіміз бар ғой, ағай…

Айдар. Өй, көзіңнен айналдық сенің!.. Әй, ол қыз жай… Ол манағы профессорсымақтың аспиранткасы. Мен жай…

Сәния. Қайдам?!.

Айдар. Шын айтам.

Сәния. Профессор деп отырғаныңыз әлгі… Манағы төрде отырған ақ бас кісі ме?

Айдар (жақтырмай қабағын кіржитіп, қолын сілтеп). Иә-иә, сол…

Сәния. Айдар Сейтқалиевич, Сіз маған жатақханадан бір орын алып беремін деп едіңіз ғой…

Айдар. Қай жатақханадан?..

Сәния. Анадағы айтқан ше?.. КазГУдегі…

Айдар. Ә-ә… Ол енді сенің тәртібіңе, поведениеңе байланысты.

Сәния (дауысын құбылтып). Тәртіпті, поведениені жөндейміз ғой, Айдар Сейтқалиевич!..

Айдар. Онда бітті! Комендантпен өзім сөйлесем. Беретінін береміз. Ақша болса, бәрі болат, Сәнияш! Түсіндің бе?!.

Сәния (Айдардың бетін шөп еткізіп бір сүйіп). Түсіндім. Рахмет, ағай!..

Айдар. Әй, осы сен қыз түбінде бір жерден шығасың!.. Ақылың бар.

Осы сәтте бұлардың үстіне Тойболды қайтып келеді. Айдар мен Сәния оған сәл-пәл таңырқап қарайды. Үшеуінің көздері түйіседі.

Пауза.

Сәния (орнынан тұрып жатып). Ағай, мен тұрайын. Ыдыстарды жинастыруым керек…

Айдар. Мейлің…

Сәния кетеді. Тойболды батылсыздау түрде, көздері жапақтап Айдарға қарама-қарсы орындықтардың біріне келіп отырады.

Айдар (ызбарланып).Ал, құлағым Сізде, мырза!..

Тойболды (қипақтап). Айдеке, сен мені кешір!..

Айдар. Не үшін?

Тойболды. Манағы… әлгі ана шалдың сөзін сөйлеп, сені біраз ренжітіп алғаным үшін. Бәрін таксиге отырғызып жібердім. Нұрсұлуды да. Сосын сені ренжітіп алғаным есіме түсіп… Өзіңнен кешірім өтінейін деп қайтып келіп отырмын. Кешір!..

Пауза.

Айдар міз бақпай, сұп-сұр болып, отыра береді.

Өзің білесің, менің күнім қазір соған, Сұлтанбекке қарап тұр ғой. Шіренетіндей ол секілді ғылым докторы, тіпті ғылым кандидаты да емеспін. Ал өйтіп-бүйтіп күн көру керек. Өзің білесің, менің әлгі «Жетісуда Совет өкіметін орнатудағы Коммунистік партияның рөлі» деген дайын диссертациямды енді-енді қорғайын деп тұрғанда, қасақана Совет үкіметі құлап қалды емес пе тоқсан бірінші жылы. Сүйтіп тақырып өзінің актуалдығын жойды, ал менің архивтерде, кітапханаларда сарылып өткізген он жылдық еңбегім еш кетті!.. Қазір «Алаш» партиясының тарихын зерттеп жүрім. Еңбектің 80-90 пайызы дайын. Енді қорғау керек. Ал, өзің білесің, ол жұмыс та Сұлтанбектің қолдауынсыз, қолпаштауынсыз бітпейді. Өйткені диссертациялық кеңестің төрағасы – сол. Өзің білесің ғой енді…

Айдар (сәл-пәл жібіп, үстелдің үстіндегі бөтелкелердің бірін нұсқап). Анадан құйш!..

Тойболды орнынан ұшып тұрып, жалма-жан екі рюмкеге ақ арақтан шүмпілдетіп құя бастайды.

Кел, кеттік!..

Екеуі де рюмкедегіні түбіне дейін төңкеріп қояды.

Тойболды (сәл-пәл көңілденіп). Айдеке, түсінгеніңе рахмет! Шіркін, сен ер жігітсің ғой! Баяғыда ана менің балдызым, Нұрсұлудың үлкен інісі істі болғанда жасаған жақсылығың әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Ерсің ғой!.. Жағдай айтып барғанымда, сейфіңнен сөзге келмей бақандай он мың долларды суырып бердің! Сүйтіп балдызым аман қалды. Сонда сен сүйтіп менің Нұрсұлудың алдындағы беделімді аспанға бір-ақ көтерген болатынсың. Оны мен өлсем де ұмытпайым!.. Рахмет саған сондағы ерлігің үшін!

Айдар. Мен оны саған қарызға бердім ғой.

Тойболды. Мейлі-мейлі! Сонда сен біле білсең менің жаным мұрнымның ұшында тұр еді ғой! Әлгі менің балдызыммен «разборка» жасаған бандиттер оған төтесінен: «Ақшаны бүгін кешке дейін таппасаң, бізге өкпелеме!..» депті. Сүйтіп ол жылап маған келді. Мен саған бардым. Сен болмасаң, маған ол ақшаны табан астына кім тауып бере қояр еді?! Жо-жоқ, мен сенің ол жақсылығыңды өлсем де ұмытпаймын!..

Айдар (бөтелкені көрсетіп). Жарайт, анадан тағы…

Тойболды. Айдеке, өтінем! Манағыны көңіліңе алмаш!.. Сұлтанбектің де адам сүйер қылығы жоқ, бірақ қайтесің… Қол – қысқа. Тікелей бастығың болған соң, амалсыз шыдайсың. Өй, соның несін айта берем… Ақылды жігітсің ғой… Бәрін өзің түсінесің ғой…

Тойболды сөзін аяқтар-аяқтамастан бірдеңе тысыр ете қалғандай болған соң, артына жалт қарайды да, анадай жерде өзіне жек көре қадалып тұрған Сұлтанбек Ертуғанұлын көріп, шошып кетеді. Сұлтанбектің өздеріне қарап тұрғанын Айдар да жаңа ғана байқайды. Тойболды орнынан қалбалақтап, ұшып түрегеледі.

Тойболды. Сұлтанбек Ертуғанович! Сұлтанбек Ертуғанович! Келіңіз! Келіңіз! Төрге шығыңыз!.. Міне , мына жаққа!.. Айдар, мен саған жаңа айттым ғой біздің Сұлтекеңнің ашуы жібек орамал кепкенше деп, кемеңгер деп!.. Сұлтеке, төрге шығыңыз, төрге!.. Сұлтанбек (зекіп) Әй, сен маған манағы портфелімді тауып бер! Оның ішінде кафедраның бір жылдық есебі бар болатын. Жаңа қара басып, ұмытып кетіппін. Сол үшін келдім, әйтпесе мен мына сенің сайраған бұлбұл үніңді естуге құмартып қайтып келгем жоқ! Түсіндің бе енді?!.

Тойболды. Қазір, Сұлтеке, қазір!.. Ол портфельді мен бір жерге дұрыстап тығып қойғам!..

Тойболды қайқаңдап, ресторанның ішіне қарай жүгіре жөнеледі портфельді әкелуге. Айдар мен Сұлтанбек екеуі екі жаққа қарап, бірін-бірі мүлде танымайтын, білмейтін жандарша меңірейісіп қалады. Сәлден соң Тойболды ентігіп, портфельді алып, Сұлтанбектің жанына жетеді. Ол былғары, әдемі портфельді алақанымен аялай сипап, осы бір іші қазынаға толы асыл затты иесіне бірден бере салуға қимағандай, сәл-пәл кідіреді.

Сұлтанбек (Тойболдының қолынан портфельді жұлып алып). Әкел бері!..

Содан соң ол шалт-шалт адымдай басып, сыртқа беттейді. Тойболды бірдеңеден құр қалып бара жатқан адамша оның соңынан жүгіреді.

Тойболды (Сұлтанбектің шалғайына оратылып). Сұлтанбек Ертуғанович!.. Сұлтеке дейім!.. Портфельді маған беріңізші! Мен алып жүрейінш…

Сұлтанбек (зекіп). Керегі жоқ! Портфельді, Құдайға шүкір мен сенсіз де көтеріп жүре алам!..

Тойболды (жалынышты үнмен). Сұлтанбек Ертуғанович! Сұлтеке!.. Сіз мені дұрыс түсінбей қалдыңыз. Мүлде түсінген жоқсыз! Мен Сіздің әрі адуынды, әрі арынды, әрі шыншыл, әрі кемеңгер адам екеніңізді айтқым келген. Мен… мен…

Сұлтанбек. Өшір үніңді! Мен сенің мына сәт сайын құбылып тұратын жәдігөй үніңді есіткім де келмейт! Мен сен секілді бір кеште екі ойын ойнай алмаймын. Түсіндің бе енді?!.

Тойболды. Сұлтанбек Ертуғанович! Сұлтеке дейім…

Екеуі кетеді. Айдар үстел басындағы манағы орнында біреу оны сол араға шегелеп кеткендей міз бақпастан отыр. Шылым шегіп отыр.

Айдар (ызаланып, тістеніп) Бейшара!..

Фараби үстелдің үстіндегі қалған ыдыс-аяқтарды ішке таси бастайды.

Айдар. Ыдыс-аяқ жуатын әлгі қыз бар емес пе ед?.. Әлгі кім еді…

Фараби. Дариғаш…

Айдар. Иә-иә…

Фараби. Ол аулына екі күнге сұранып кетіп еді ғой… Өзіңізден…

Айдар. Ә-ә, солай екен ғой. Жарайт, шақыршы әлгі Сәнияны.

Фараби. Қазір…

Фараби кетеді. Сәлден соң іштен алдына алжапқыш байлап алған Сәния шығады.

Сәния (Айдарға жақындап). Ағай, шақырдыңыз ба?

Айдар. Иә… Отырш қасыма!..

Сәния. Ағай, мен ыдыс-аяқтарды жуып жатырмын…

Айдар (бір қолымен Сәнияны өзіне қарай тартпақ болып). Кейін жуасың…

Сәния (икемге көнбей). Қойыңызшы… Әне, Ұлжалғас Көпбаевна келе жатыр…

Айдар (көше жаққа бұрылып). Қане?..

Сәния. Әне, қасында сіздің ауылдан келген ініңіз бар…

Айдар (былдырлап). Мейлі, келе берсін, Не… мен солардан қорқам ба?..

Сәния. Жарайт, Айдар Сейтқалиевич, мен кеттім.

Сәния кетеді. Ұлжалғас пен Берікбол келіп, Айдардың жанына тоқтайды.

Айдар. Отырыңдар! Немене, қақиып тұрсыңдар?.. Кісі көрмегендей…

Берікбол мен Ұлжалғас Айдарға қарама-қарсы орындықтарға жайғасады.

Айдар (Ұлжалғасқа үстелдегі арақтың шөлмегін нұсқап, әмірлі үнмен). Құй анадан!..

Ұлжалғас. Манадан бері ішкенің аз болған шығар?!.

Айдар (көзін ажырайтып). Мен саған құй дедім ғой!..

Берікбол. Жеңеше, әкеліңіз, мен құяйын.

Айдар. Жоқ өзі құйсын!

Берікбол. Ой, енді кім құйғанда тұрған не бар?!

Айдар (Берікболға). Әй-әй!.. Енді сен де мыналарға қосылып маған қарсы шығайын дедің бе?! А-а?!.

Берікбол. Енді қарсы шықпайық десек…

Айдар (Берікболға сұқ саусағын кезеп). Ты смотри у меня!.. Бала кезіңде мына көкеңнен қалай таяқ жегеніңді ұмытайын деген еекнсің!..

Ұлжалғас. Енді қарап отырған Берікболға тиісейін дедің бе? Жаңағың анау – енді Сұлтекеңнің бетін қалай көреміз?

Айдар (үстелді жұдырығымен қойып қалып). Көрмейміз!.. Әй-әй, осы сен сол шалды «Сұлтекең – Сұлтекең» деп, неге осы аузыңнан тастамайсың? Қайдағы біреуді әлдеқандай қылып!.. Сен осы «Жуастан жуан шығады» демекші, үндемей жүріп сол шалмен бірге бірдеңені бүлдіріп жүрген жоқсың ба?! Ты смотри у меня!..

Ұлжалғас (ыршып түсіп). Былжырамаш!.. Ұят-аят дегеннен жұрдай адамсың ғой бір?.. Ең болмаса, мына балдардан ұялу дегенді де білмейсің! (Жыламсырап, орнынан атып тұрып). Мен кеттім үйге!.. Қал өзің рестораныңда! Тойла!.. Ана атауыңды кеңірдегіңнен келгенше іш!..

Айдар. Кетсең, кете бер!.. Бар!..

Берікбол да орнынан ұшып тұрады.

Әй, сен қайда барасың?!.

Берікбол. Мен де кетем!

Айдар. Қайда кетесің?

Берікбол. Қазір жеңешемді шығарып салам да , қонақ үйге кетем. Сонда барып қонам да, таңертеңгі пойызбен аулыма қарай қарамды батырам!..

Айдар (тілі күрметіліп). Әй-әй!.. Ертең… таңертең-ң… екеуміз «автобарахолкаға» барамыз деп келіспеп пе едік, а-а?..

Берікбол (қолын бір сілтеп). Құрысын, автобарахолкасы» да, бәрі де!.. Алматыда ағам бар деп, арқамды тауға тіреп жүрсем, не боп кеткенсіз өзі?! Мына арақты өміріңізде бірінші рет көріп отырсыз ба?! Ақыңыз кеткенше ішіп соншама!..

Ұлжалғас. Берікбол-ау, осы ғой менің көрген күнім!..

Айдар. Әй, сен өйтіп кісіге жала жаппа!

Ұлжалғас. Өтірік пе айтып тұрғаным?!.

Айдар ((Ұлжалғастың сөзіне мән бермей,

Берікболды қолынан тартып). Отыр!..

Берікбол. Отырмайм! Қолымды жіберіңіз!

Айдар. Мынау маған қалай-қалай сөйлейді? Әбден өзің жатбауыр болып алыпсың ғой.

Берікбол. Жатбауыр мен емес, мына өзіңіз!..Ауылға, елге келмегеніңізге міне, бес жыл болды. Маған келмесеңіз де, ең болмаса, әке-шешеңіздің басына барып, Құран оқытып кетпейсіз бе екі-үш жылда бір рет! Сіздің өйткен байлығыңыз кімге керек?!

Айдар. Мынаның тілі шығайын депті-әй!.. Сен өзіңнің туған ағаңа қалай-қалай сөйлейсің а-а?! Онда сен де кет!

Берікбол. Кетем!.. Енді қайтып келмейім!

Айдар. Келмей-ақ қой.

Ұлжалғас пен Берікбол кетеді.

Айдар (өзіне-өзі сөйлеп). Мейлі, кетсе, кете берсін. Бүгін осы иә маған, иә аналарға бірдеңе көрінді… Туған күнімде бұлардың бәрі маған қарсы шығып, поддержка жасаудың орнына… Мейлі, шықсын қарсы! Көрсетем мен оларға!.. Білмей жүр екен олар Айдар Сейтқалиұлының кім екенін!.. Әлі-ақ білгізем, білмей жүрсе!..

Фарап, Сәния!.. Қайда кеттіңдер-әй?..

Террассаға Болат келіп енеді. Әкесінің жанына келіп, аялдайды.

Әй, бұл кім-әй?..

Болат. Пап, бұл мен… Қонақтар қайда? Мамамдар қайда?

Айдар. Кетті бәрі. (қолын бір сілтеп) Қойш соларды!.. Отыр. Айтатын әңгіме бар.

Болат отырады .

Сен ертеңнен бастап жинала бер. Америкаға… Гарвард университетіне… Түсіндің бе?

Болат. Пап, Америкада мен не істейім?

Айдар.Не істейміні несі-әй мынаның!?. Оқисың!..

Болат. Пап, мен ешқайда бармайым. Өзіміздің осы Алматыдағы «Политехта» оқиым.

Айдар. Сен әкеңмен қалай-қалай сөйлесесің-әй?! Әлден – мынау, сонда бара-бара не болад, а-а?.. Барасың!..

Пауза.

Ә-ә, сен ана Жалғасбайдың ұзын сирақ қара қызын қимай тұр екенсің ғой!.. Түсіндім, түсіндім… Бүкіл өмірің – алда, аманшылық болса, ондай шөпжелкелердің талайын көресің… Ал Гарвардқа өлсең де, тірілсең де барасың! Ана жаман Жанбайдың Асқары Кембриджде оқып жатыр. Бақандай үшінші курста… Сенің содан нең кем, а-а? Аяғың кем бе, қолың кем бе, әлде басың кем бе?.. Барасың… Білсін, Айдардың кім екенін ана біреудің жетістігін көре алмайтын, іштеріне шынашақ айналмайтын қызғаншақтар…

Болат. Папа, мен ағылшын тілін жөнді білмеймін ғой. Гарвардта қалай оқымақпын? Түсінсеңізші!..

Айдар. Сылтауының түрін!.. Немене, сол ағылшын тілі деген де проблема болып па?! Жалдаймыз репетиторды!.. Жұрттың баласы адам болатын жаққа ұмтылад… Ал бұл болса…

Пауза.

Айтпақшы, жуырда екеуміз әлгі интернеттен әлемдегі ең мықты жоғары оқу орындарының рейтингін қарамап па едік?..

Болат. Иә…

Айдар. Иә болса, сонда бірінші орында қайсысы тұрып еді – Оксфорд па, Гарвард па?.. Әлде Кембридж де?

Болат (жақтырмай). Гарвард-Гарвард!..

Айдар. Ендеше сен тек қана сол Гарвардқа барасың. Бітті! Нүкте!..

Болаттың қалта телефоны қоңыраулатып қоя береді.

Болат (телефонды құлағына тосып). Иә, тыңдап тұрмын. Жарайт-жарайт… Мама, мен қазір барам. Иә, тап қазір… Жақсы, айттым ғой енді барам деп…

Орнынан тұрады.

Пап, мен кеттім. Мамам тез кел деп шақырып жатыр.

Айдар. Е-е, не боп қапты?..

Болат. Жай болу керек. Барған соң айтатын шығар.

Пауза.

Айдар. Жарайт… Бірақ сен қалайда тек Гарвардта оқитын боласың. Осыны ұмытпа!..

Болат кетеді. Айдар үстелдің үстіндегі ыдыс-аяқтарды алып кетуге келген Фарабиге бұрылады.

Айдар (әзер-әзер сөйлеп, тілі күрметіліп, Фарабиге). Фарап!. Фар-а-апжан-н!.. Кел… Мында келш-ш… менің қасыма.

Фараби Айдардың жанына келеді.

Отырсаңшы…

Фараби отырады. Айдар сұқ саусағын шошайтып, оған арақтың шөлмегін көрсетеді.

Құй анадан!.. Толтырып!..

Фараби (құйып жатып). Аға, көп болып кетпей ме?

Айдар. Жо-жоқ, көп болмайт… Ал тіпті көп болса да мейлі… Айналайын, сен жақсы жігітсің. Мен сені ана Болатымнан, Ботигімнен кем көрмейм. Бірдей көрем… Осы сенің қазір айлығың қанша?

Фараби. «Выручкаға», істегенімізге байланысты ғой.

Айдар. Сонда да… Шамамен.

Фараби. Орташа отыз-қырық мың теңгедей бар ғой.

Айдар. Жарайт… Мына «ремонт» бітсін. Сосын бар ғой… айлығыңды бірден елу-алпыс мыңға көтерем! Өйткені сен жақсы баласың. Адалсың… Біреулер секілді ішіне шынашақ айналмайтын қызғаншақ емессің.

Пауза.

Фарап, кел екеуміз қосылып бір ән айтайықшы. Бүгін менің туған күнім емес пе?..

Фарап. Аға, мен ән айта алмайым ғой.

Айдар. Ничего-ничего, айтасың… айтамыз. Кәне, бір-екі-үш!…

Тойыңа гүл алып,

Келдім-м м-мен қуанып.

Қарсы алдың-ң күлімде-де-п…

Кәне айта алмағанымыз? Тамаша айттық емес пе?!

Ресторанның ішінен, асхана жақтан ыдыс-аяқ жуып жатқан Сәнияның «Фарап. Фараби!.. Бері кел, қайда жоғалып кеттің?!» деп шыдамсыздана шақырған даусы естіледі.

Фараби (орнынан тұрып жатып). Аға, мені шақырып жатыр.

Айдар. Кі-і-мм!

Фараби. Сәния…

Айдар. Өй, тап енді-енді… жаңа қызып келе жатқан кезде… Жарайт, бар. Болған соң қайтып кел бірақ. Өлең… ән айтамыз.

Фараби. Жарайт…

Фараби кетеді. Пауза. Үстел басында жалғыз қалған Айдардың әбден шаруасы біте бастайды. Әуелі ықылық атып, сонан соң өзді өзі күбірлеп, бірдеңелерді былдырлайды.

Айдар. Қалай ет өзі?… Ә, білдім-білдім…

То-о-йыңа-а гүл алы-ып,

Кел-л-дім мен… қуа-а-нып,

Қарсы алдың…

Қарсы алдың…

Қарсы алдың…

Туһ-һ!..

Жұдырығымен үстелді қойып қалады.

Әй-әй-й, барасың Гарвардқа!.. Бармай көр осыдан!.. Гарвард-д…

Бұдан соң Айдардың сөйлеуге де шамасы келмей, басын үстелдің қырына сүйеп, қалғи бастайды да, бірер минуттан кейін мүлде қорылға басады. Ыдыс-аяқты жуып болған Сәния мен Фараби сыртқа шығып,екеулері би алаңының шетіндегі жуан еменнің түбіндегі скамейкаға келіп жайғасады.

Сәния (скамейкаға отырып жатып, иегімен қалың ұйқыға кеткен Айдарды нұсқап) Ағамыздың шаруасы бітіпті ғой…

Фараби. Жайырақ сөйле, оянып кетіп жүрер.

Сәния. Енді оны пушкамен атсаң да оята алмайсың. (Айдар Сейтқалиұлын пародиялап, Фарабиге) Барасың Гарвардқа! Осыдан бармай көр!.. Сенің атыңды ата-анаң о баста Фараби деп, бекер азан шақырып қойды деп пе ең? Сенің де Әбунасыр атаң секілді көп-көп білім алып, ғалым болуың керек!.. Бітті!. Нүкте!..

Фараби. Сен қыз құтырмай отырш. КазГУ-ден құлап жүрген бізге Гарвард қайда. Айтпақшы, сен Айдар Сейтқалиевичпен әмпей-жәмпей едің ғой, не ғып бүгін оны мазақтай қалдың?

Сәния. Немене, кейде өсітіп ойнауға да болмай ма бір сәт?! (Сыңқ етіп). Осы сен мені одан қызғанып жүрген жоқсың ба?

Фараби (қызырақтап). Мен бе?!. Қызғанатын адамды тапқан екенсің!

Сәния (қуланып) Қайдам-қайдам?!.

Фараби. Ешқандай қайдамы жоқ.

Сәния. Жә, ойнап айтам. Көңліңе алма… Мен сенің әпкеңмін ғой. Сенен бақандай бір жас үлкенмін. Фарап, шынында, осы біз, қазақтар, қызық халықпыз, ә? Мәңгі біреулерге жалпақтамасақ жүре алмаймыз. Үнемі өңешімізді созып біресе «О, Россия!.. О, Москва!..» біресе «О, атыңнан айналайын Америка, Нью-йорк, Гарвард!» деп жүргеніміз әйтеуір. Мысалы, мына маған бар ғой, Алматымнан артық ештеңе жоқ. Жо-жоқ, сен дұрыстап қараш мына Алатаудың тамылжыған кешіне! Жұлдыздары самаладай жарқыраған барқыт аспанына. Таудан елбіреп соққан самалына. Ғажап емес пе?! Ғажап қой!..

Фараби (есінеп).Иә, ғажап…

Сәния. Фарап, ән айтайықшы,ә?.. Жаймен сызылтып… Мына желпіп ескен қоңыр самал секілді етіп. Мен бүгін біртүрлі құтырып отырмын. Нансаң, күшім ішіме симай бара жатыр.

Фараби. Қайдағы ән?.. Есікті құлыптап, такси ұстап, үйге қайту керек. Ертең тағы жұмыс.

Сәния. Түһ, сен де бір… Шалдар секілді үйіңе асығасың да отырасың. Үлгереміз ғой. (Фарапты иығынан құшақтап). Кәне, қосылш… Бір, екі, үш!.. Кеттік!

Әндете бастайды.

Жұлдыздар жерге жақындап,

Байланып қалған секілді,

Қаз-қатар өскен тату бақ,

Ойланып қалған секілді.

Алматы түні, Алматы түні,

Ұйқымды менің ұрладың.

Алматы түні, Алматы түні,

Мен болып таңға жырладың…

(Қиялға беріліп). Шынында да, Алматы ғажап қой!.. Шіркін, егер осы қаладан бір екі бөлмелі пәтер сатып ала алсам, бұ дүниеде менен бақытты адам болмас еді. Ауылдан мамам мен інімді көшіріп алар ем. Сүйтіп үшеуміз қайғысыз, қамсыз күліп-ойнап тұрар ек сол пәтерде!.. Осыдан артық қандай бақ, бақыт керек адамға? Түсінбеймін!.. Айтшы, Фарап, дұрыс па менің айтып отырғаным?.. Енді бірдеңе деші!..

bannerbanner