Читать книгу Желтоқсан желі (Серік Асылбекұлы) онлайн бесплатно на Bookz (3-ая страница книги)
bannerbanner
Желтоқсан желі
Желтоқсан желіПолная версия
Оценить:
Желтоқсан желі

4

Полная версия:

Желтоқсан желі

Мария Петровна: Оқасы жоқ. Кімнің басында болмайтын жай. Кейде қыдыру да, көңілдену де керек.

Тимур Қалдыбаевич (риза болғаннан орнынан атып тұрып): О-о-о!.. Міне, түсінетін кісі!.. «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, сондықтан да оны кейін өкінбестей етіп өткізу керек». Маржанка… То есть, кешіріңіз-з, Мария Петровна, осылай деп кім айтқан, а, айтыңызшы?!

Мария Петровна: Меніңше, Николай Островский болу керек.

Тимур Қалдыбаевич: О-о-о! Айтып отырмын ғой – түсінетін кісі деп. Менің манадан бері іздеп жүргенім осындай кісілер ғой. Да, ну, к черту этого Алика!.. Кешіріңіз, Мария, бұл сізге емес… Айтпақшы, басыңызды не ғып таңып алғансыз, жараланып қалғансыз ба?..

Мария Петровна: Жо-жрқ. Түстен кейіннен бері, басым солқылдап сынып барады. Осы үйден енді жатқан-тұрған анальгин табылмас па екен деп, сұрай келіп едім. (Ақмаралға мойнын созып). Қызым, тілеуіңді берсін, анальгин бар ма екен жатқан-тұрған, қарай қойшы, а… Табылса, кетейін. Мен сол үшін ғана келгем.

Ақмарал: Қазір-р…

Тимур Қалдыбаевич (Мария Петровнаға): Түһ, Сіз де қызық екенсіз. При чем тут анальгин?! Бас аурудың бірден-бір дәрісі – мынау ғой!..

Ол костюмнің қойын қалтасынан аузы бұрандалы, төртбұрышты шетелдік ықшам шишаны суырып алады да, оның ішіндегі арақты лықылдатып алдында тұрған екі кесеге құяды.

Мінекейіңіз!.. Таңданбай-ақ қойыңыз. (Шишаны көрсетіп) Это мой – ДП. Дополнительный паек дегенім ғой. (Екі алақанын бір-біріне шабыттана ысқылап). Ал, қане!..

Мария Петровна (басын шайқап): Мені одан сайын ауырсын дегеніңіз бе…

Тимур Қалдыбаевич: Қымбаттым!.. Мария Петровна. Мен ғылым кандидатымын. Білмесем айтып нем бар, дүние жүзіндегі дәрінің атасы – осы! Нанбасаңыз, медиктерден сұрап көріңізші, не дер екен. Дәрі атаулының бәрі осыдан, спирттен жасалады.

Мария Петровна (манағыдай емес, босаңсып): Қойыңызшы…

Тимур Қалдыбаевич (өзеуреп): Қоятын түгі жоқ. Кәне, таныстық үшін…

Арақ құйылған кесенің біреуін қағып салады.

Мария Петровна: Менің осыған онша зауқым соқпай тұрғаны. Жарайт, сіздің көңіліңіз үшін…

Мария Птеровна мұрнын тыржитыңқырап, екінші кесені төңкереді. Тимур Қалдыбаевич бәйек болып, оған салаттан шанышқымен бір түйреп, басытқы ұсынады.

У-х!.. (Шанышқыны алып жатып). Рахмет!..

Тимур Қалдыбаевич: Ничего-ничего!.. Қазір бес минуттан кейін көзіңіз шырадай жанып шыға келмесе, маған келіңіз.

Мария Петровна: Айтпақшы, Сіз өзіңізді таныстырмадыңыз да ғой.

Тимур Қалдыбаевич (маңаздана қалып): Тимур Қа-л-ды-баевич-ч… Доцент Алматинского зооветеринарного института!.. Так что, сіз мені көшедегі шәлей-бәлейлердің бірі екен деп қалмаңыз.

Мария Петровна: Қойыңызшы!.. Мен сіздің зиялы адам екеніңізді бір көргенде-ақ байқағам.

Тимур Қалдыбаевич орнынан теңселе түрегеледі де, бір қолымен Мария Петровнаның ту жауырынынан құшкқтап, оның бетінен жабыса екі-үш рет қайтара сүйеді.

Тимур Қалдыбаевич: Осындай       адамдардан айналып кетпейсің бе, ішіндегіні айтқызбай ұғатын. (Алдындағы салатан шанышқымен көсіп-көсіп, бір-екі қарбыта асайды. Сонан- соң салат салынған тарелканы Мария Петровнаның алдына қарай ысырып, екі ұрты қомпаңдап) Ал… Алың-ы-ыз-з, қымбатты Мария… Ауыз тиіңізші енді тым болмаса… Жалпы, мен өзіңіз секілді блондинкаларды ұнатам. Мнің әйелім – полячка. Ол да блондинка. Айта кетуім керек, мен өзім… жалпы… жаратылысымнан интер-нац-иноалист-т жанмын. Жаратылысым сондай!.. Ұлтшылдар мен… әлгі кім еді… Иә-иә… империалистерді иттің етінен жек көрем-м!.Я коммуни-и-ст-т со стажем!.. Партияға жиырма бір жасымда өткем. (Сұқ сайсағын шошайтып) Жиырма бір-і-ір жаста!.. Так что, біздермен, коммунистермен ойнауға болмайды!.. Қажет болса. Біз әлгі жолымызға кесе-көлденең тұрып көрсін! Табамыз біз оларды құртым жіберудің айласын!.. (Костюмнің ішкі қалтасынан бір қызыл книжканы суырып алып) Нанбасаңыз, міне партбилет!.. Партбилетпен ойнап көрсін олар!.. Әлгі ұлтшылдар мен… кім еді… империалистерді, экстремистерді айтам. (Партбилетті қайтадан орнына салып жатып) Мен мұны жанымнан өлсем де тастамаймын. Түмінесіз бе, өлсем де… Бәрібір партбилет аман қалуы керек!.. Ал, кәне, Мария, алып жіберелік… Денсаулық үшін…

Мария Петровна: Жиілеп кеткен жоқ па…

Тимур Қалдыбаевич: Ничего-ничего!..

Мария Петровна (қылымсып): Жарайды, болмадыңыз ғой… Кесені босатады.

Тимур Қалдыбаевич: Міне-міне!.. Мен мұндайды түсінем. Мария Петровна, мен бүгін банкеттен шыққам. Менің досым Алик кандидаттық диссертация қорғады. Эх, Алик, Ал-и-и-к-к-к!..

Асүйдегі бұлардың жанына Ақмарал келеді.

Ақмарал (Мария Петровнаға): Таптым. Мінекейіңіз…

Мария Петровна: Анальгин бе? Түу, жақсы болды ғой. Рахмет.

Тимур Қалдыбаевич (Мария Петровнаның дәріні алуына қарсылық білдіріп): Мария, керегі жоқ дейім… Айттым ғой, түкке қажеті жоқ деп (саусағымен шишаның ішін көрсетіп) Сіз маған сеніңізші: дәрінің атасы – мынау!.. Остальное все чепуха!.. Ей Богу, ничего не могу понять – при чем тут анальгин?! Ерунда какая-то…

Мария Петровна (дәріні халатының қалтасына салып жатып): Дегенмен бір керегі болар.

Тимур Қалдыбаевич (жуасыған үнмен): Мейлі, өзіңіз біліңіз. Менікі жай. Өзіңіз…

Шишаны қолына алып, екі кесеге арақтан қайта құя бастайды.

Ал, кәне, Мария Петровна… Алып жіберейік.

Мария Петровна (иегімен қонақ бөлме жақты нұсқап): Айтпақшы, біз мына ортақ дәмге жастарды шақырмадық қой.

Тимур Қалдыбаевич (қолын көңілсіздеу бір сілтеп): Әй, қойш-ш, соларды! Өздері шіп-шикі бірдеңелер… Эх, Мария Петровна, Мария!.. Алтын адамсың ғой сен, алтын-н… Ал, кәне, кеттік!..

Екеуі тағы да алып жібереді.

Тимур Қалдыбаевич (Қолын Мария Петровнаның иығына салып, өзінің орындығын оған қарай жақындата түсіп): Мария, ән салып жіберейікші, а… Білесің бе, мен студент кезімде институттың сводный хорына қатысқам…

Мария Петровна: Онда тыңдап көрелік үніңізді.

Тимур Қалдыбаевич: Жоқ, сіздің де қосылуыңыз керек. Мен вокалист емеспін. Мен тек хормен ғана айтам.

Мария Петровна (күліп): Жарайт-жарайт, ондай болса…

Тимур Қалдыбаевич: Кәне, онда… Кеттік!..

Екеуі әндете жөнеледі.

«Широка страна моя родная,

Много в ней лесов, полей и рек.

Я другой такой страны не знаю

Где так вольно дышит человек…»

Мария Петровна: Шынында да даусыңыз ғажап. Сондай бір… Қалай айтсам екен… Иә-иә, сондай бір жанға жайлы, астарлы сырға толы дауыс…

Тимур Қалдыбаевич: Міне-міне!.. Осындай түсінігі мол адамдардан айналмайсың ба!..

Орнынан ұшып тұрып, тағыда Мария Петровнаға жабыса қалады. Бұл жолы оның тамағынан сүйеді.

Мария Петровна: Қойыңызшы, сіз тіпті тереңдетіп бара жатырсыз ғой.

Тимур Қалдыбаевич (екі қолын көтеріп): Қойдым-қойдым!.. Я пас, дорогая.

Мария Петровна (алдындағы көкөніс салатына шынышқысын сала беріп): Айтпақшы, сіз кандидаттығыңызды қандай тақырыптан қорғап едіңіз. Егер құпия болмаса…

Тимур Қалдыбаевич (қайтадан көңілденіп): Түк құпиясы жоқ. О-о, біле білсеңіз, бұл бір қызықты тақырып!.. Менің тақырыбым қазақтың ақ бас сиырларын костромалық әріптестеріммен будандастыру хақында болатын.

Мария Петровна: Аха-ха!.. Ха-ха!.. Қойыңызшы!.. Шыныңыз ба бұл?..

Тимур Қалдыбаевич: Мария Петровна, сіз мені өйтіп ренжітпеңіз…

Мария Петровна: Кешіріңіз. Сізді ренжітіп маған не болыпты.

Тимур Қалдыбаевич: Онда – әңгіме басқа. Кезінде менің диссертациямды ғылыми совет единогласно қолдаған. Понимаете, единогласно!… Бұл ғылыми өмірде өте сирек кететін жағдай. Әрине, кертартпа ұлтшылдар да болмай қалған жоқ. «Бәрібір мұндай буданнан пайда болған мал Қазақстанның континенталды климаттық жағдайына үйренбейді, әр тұқымның өзінің табиғи бейімделген географиялық қонысы, ландшафы болады, бұл – жаратылыстың ғасырлар бойы қалыптасқан заңына жасалған қиянат» деп те соқты бір білгіштер. Бірақ ғылыми советтің мүшелері олардың ауыздарын аштырмай тастады. Мен единогласно қорғап шықтым.

Мария Петровна: Браво-браво!… Айтпақшы, ұлтшылдық демекші, бүткіл Алматы қазақ жастары Брежнев алаңына жиналып алып, ұлтшылдық, экстремистік ұрандар көтеріп, көтеріліс ашқалы жатыр деп шулап жүр ғой кешеден бері, одан не хабарыңыз бар?

Тимур Қалдыбаевич: (өрекпіп) тамағы тойған соң құтырады өңшең сілімтіктер!… Совет үкіметінің, Компартияның арқасында осындай жетістіктерге жеткендерімен жұмыстары жоқ. Кеше кім еді олар, ал, бүгін кім – жан-жақтарына қараулары керек қой. Арттарында арандатушылары бар!… Мен білем!… Маған билік берсе, баяғы Сталиннің кезіндегідей шеттерінен түрмеде шірітер едім, шеттерінен!… Білсін үкімет пен партияның саясатына қарсы шығудың қандай болатынын!…

Мария Петровна: Қойыңызшы, бұныңыз тым қаталдық қой.

Тимур Қалдыбаевич: Қоятын ештеңесі жоқІ Қазақта «Айуанға намаз үйреткен – таяқ» деген мақал бар. Бұ секілді жабайыларды солайша тәрбиелемесең, басқасын түсінбейді. Так что…

Кенет терезенің алдынан тағы да біреулерді қуып келе жатқан жазалаушы отряд солдаттарының аяқ дүсірі естіледі. Көшеден: «Апа!… Апажан!… бауыларым-ау, құтқартсаңдаршы, мыналардан! Құртты ғой Бә-рі міз-з-ді!», деп құлындағы даусы шығып щырқыраған қыз баланың үні түн тыныштығын тіліп өтеді. Овчаркалардың абалап үргені, біреулердің жанталаса ысқырған ащы ысқырықтары, солдат етіктерінің дүсірі бірте-бірте ұзай береді.

Тимур Қалдыбаевич: Ә, бәлем, жандарың қысылды ма?!

Мария Петровна: (оны онша қоштай қоймай) Қойыңызшы, сіз де… Орнынан ауырлау тұрып, сыртқы есікке қарай беттейді.

Жарайт, сау болыңыз. Мен кеттім.

Тимур Қалдыбаевич: (Мария Петровнаның ту сыртынан аңтарылып) Мария Птровна… Мария… Тым болмаса бірер минут аялдай тұрыңызшы. Мен әлі әңгімемді аяқтағам жоқ… Артында онан да гөрі қызықтары бар.

Мария Петровна: (бұрылмастан) Кейінге де бірдеңелер қалсын да. Жақсы енді… Ендігіміз артықтау болар.

Кетеді.

Тимур Қалдыбаевич тәлтіректей басып, оның соңынан біраз ере түсіп, алакөлеңке коридордың қақ ортасына жете бере мәңгіріп тұрып қалады.

Тимур Қалдыбаевич: (әлсіздеу, жалыншты дауыспен) Мар-ри-ия-я Пет-ров-на-а!

Дәл осы кезде қонақ бөлмеден Қайсар шыға келіп, доценттің алқымынан ала кетеді. Оның түрі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен.

Қайсар: (Тимур Қалдыбаевичке тістеніп) Жауыз! Нағыз жау-у-ыз екен-сің-ң ғой!… Мен сені қазір өлтірем!… Сілімтік алаңға шыққан жастар емес, мына сенің өзің!… Өзі-ің-ң! Өзі-ің-ң!

Тимур Қалдыбаевич: (шамасының келгенінше қарсыласып) Әй-й, жын-ды-мы-сың-ң?! Мен не қыл-дым-м.. сағ-а-ан-н?…

Қайсар: (одан сайын оны қылғындыра түсіп) Не қылғанды көрсетем қаз-з-ір-р!… Сатқын!… Бүткіл ғасырлар бойғы қазақ халқының аққан көз жасы сендей сатқындардың мойнында, білдің бе?! Бізді құртқан жоңғар да, қытай да, орыс та емес – мына сендерсіңдер!… Егер қазақ халқы шын мәнінде келер күнін ойлайтын болса, ең алдымен мына сендерден құтылулары керек. Сендер тұрғанда бізге келешек те, бақ та, бақыт та жоқ!… Сондықтан да мен сенің қазір қаныңды ішем-м!…

Қайсар Тимур Қалдыбаевичті қабырғаға сыға түседі.

Тимур Қалдыбаевич: (қырылдап)Жі-іб-бер-р!

Ақмарал: (шыңғыра айқайлап, Қайсарға ұмтылады) Қа-ай-са-ар-р!… Тоқта-ат-т дей-ім-м!… Тоқташы!…

Қайсар: (ызаланып) Былай кет-т!

Ақмарал: Бұны өлтірсең екеуіміз де құримыз! Не-еғып-п түсінбейсің соны?!

Қайсар: Мейлі!… Өзім өлтірем – өзім жауап берем! Сенің жұмысың болмасын!…

Ақмарал: (еңіз-теңіз болып) Қайса-ар-р, жаным-м… өлтіре көрмеші!… Жалынам!… Тым болмаса мына менің ішімдегі жеті жарым айлық нәрестені куә қылмашы ондай сұмдыққа!… Қа-ай-сар-р!

Қайсар: Әне!… Сендердің бәріңнің өсітіп сатқындарға жандарың ашып шыға келеді. Ал бұлар бізді ешқашан аяп көрген жоқ. Өйткені бұларда жүрек жоқ, тойымсыз өңеш пен қарын ғана бар!… Жаңа естіген жоқсың ба өз құлағыңмен Марияға не айтқанын!?… Бұлар бізді бүгін ғана сатумен шектелмейді, реті келсе, ертең де, арғы күні де, тіпті жүз жылдан кейін де сата береді. Бұлар тұрғанда, қарапайым халықтың басынан соры арылмағаны – арылмағаны!… Сендер осыны қашан түсінесіңдер!?

Тимур Қалдыбаевич: (үні әзер шығып) Кеші-і-ірр!

Ақмарал: Құдай-ай, кешірім сұрап жатыр ғой сенен, жіберші енді…

Қайсар: (тістеніп) Осының айтқанына сеніп тұрсың ба?! Сен де бір-р… Бұларда ант деген болушы ма еді? Қазір есіктің алдына шығысымен бәрін ұмытады.

Тимур Қалдыбаевич: Іні-ш-шек-к… ұмыт-па-йы-м… Өллә-біл-л лә.

Қайсар: Жоқ, сен ұмытасың-ң! Қане, айт жаныңның барында, – осы кезге дейін қанша қазақты саттың?! Білем мен: сату мен сатылу – сендердің ата кәсіптерің!… Сендер секілділер сатпаған қазақтың қандай қасиеті қалды?!… Уақыт пен заманның атын жамылып, тілін де, дінін де, ар-ожданын да – бәріе де сатып бітуге таядыңдар!… Және қит етсе, біз қайтейік, ол кезде заман солай еді ғой, білмей қалыппыз деп мүләйімсисіңдер! Енді, міне, бүгін де сол баяғы тойымсыз өңештерің мен жанға жайлы жұмсақ креслоларың үшін ел намысын қорғап алаңға шыққан ұл-қыздарыңды да сатып жібермексіңдер!… Бұл өздеріңнің болашақтарыңды сату екенін түсінемісіңдер өздерің?!

Тимур Қалдыбаевич: (өлімсіреп) Түс-с…

Ақмарал: Қайсар-р, өлтір-дің-ң! өллә-біллә деп антын берді ғой жаңа!

Қайсар міз бақпайды.

Егер сен осыны өлтірсең, ең алдымен біз қысылғанда қанатының астына алған Баймырза ағаны құртамыз!… (Ақмарал бар күшімен жан ұшырып Қайсарды жұлқылай бастайды) Естимі-сі-ің?! Түсінесің бе өзің, Бай-мыр-зза ағамды құтасың!…

Қайсар: (өзіне-өзі келгендей болып) Баймырза ағамды?!

Ақмарал: (Аппақ тістерін Қайсардың доценттің алқымындағы қарулы қолына салып) Иә-иә-иә-ә! Қайсар доценттің алқымын босатып жібереді. Ол жерге жансыз кісіше сылқ етіп, сұлап түседі.

Ақмарал: (еңіз-теңіз жылап қоя береді) Ақыры құр-т-тың-ң!.. Мынау уже-е… (Ықылық атып) Өліп қалды-ы…

Қайсар: (самарқау) Қорықпа. Мұндайлар ит жанды келеді. Қазір тірілет…

Ақмарал: (қимылсыз жатқан доценттің бетіне үңіліп) Тіріл-лме-йт-т.

Қайсар: Тірілет. Тірілет… Бетіне мұздай су бүрік…

Ақмарал жанұшырып асханаға жүгіріп барып, ол жақтан бір кесе мұздай су алып шығады да, жаутаңдап Қайсарға қарайды.

Қайсар: (кеседегі суды көрсетіп) Қорықпа , шашып жібер бетіне…

Ақмарал доценттің бетіне бір кесе мұздай суды ақтара салады. Бес-алты секундтай уақыт өткенде Тимур Қалдыбаевич әуелі көзін ашып, шамалы жатады да, сонан соң бір қолымен еденді таянып, орнынан сүйретіліп тұра бастайды.

Ақмарал: (жыламсырап) Құдай-ай, тірілді-ау, әйтеуір-р…

Қайсар: (доцентке) Енді көзіңді жоғалт. (Сонан соң оған жақындай түсіп) Бірақ кетеріңнің алдында бір сауалға жауап бер, сілімтік кім – сен бе, әлде ана алаңға шққан жастар ма?…

Тимур Қалдыбаевич: (ықылық атып) Ме-е-ен!…

Ақмарал: (киімілгіштен Тимур Қалдыбаевичтің киімдерін алып беріп жатып, оған) Енді тездетіп жоғалыңыз. Мә, мыналарды қолтығыңызға қысып алыңыз, сыртқа шыққан соң-ақ киінерсіз…

Тимур Қалдыбаевич сыртқы киімдерін қолтығына қысқан күйі тәлтіректеп, сыртқы есікке қарай беттейді.

Ақмарал: Болыңыз, болыңыз енді…

Есіктің тұтқасына қолын соза бергенде, Қайсар оны есіктің көзінде соңғы рет тоқтатады.

Қайсар: (доцентпен бетпе-бет келіп) Сен ертең біреулерге бірдеңелерді көңірсітіп жүрме, білдің бе?! Ал көңірсітсең бар ғой, айтпады деме – ана қазақтың ақ бас сиырларын костромалықтармен будандастыратын лабораторияның ішіндегі колбалардың түбіне кіріп кетесің де, аяғыңнан сүйреп шығарып, өз қолыммен бауыздаймын!… Сен мұны жай қоқан-лоқы деп түсінбе!… Мен сенің тіліңмен айтқанда, «афганецпын», қазақша айтқанда, ауған соғысына қатысушымын. Ұқтың ба?!

Тимур Қалдыбаевич: (басын изеп) Інішек, ұқтым-м…

Ақмарал: (бір қолымен Қайсарды қапсыра құшақтап, екінші қолымен Тимур Қалдыбаевичке есік ашып жатып «ауғандық» жігітке) Ұқты-ұқты, қойшы енді. Айтып тұр ғой. (Сонан соң есіктен шығып бара жатқан доцентке) Қайсар шнын айтып тұр, ауған соғысына қатысқан… Бұның сондықтан қаны бұзық, байқаңыз…

Тимур Қалдыбаевич кетеді. Ол кетісімен Ақмарал қонақ бөлмеге жүгіріп кіреді де, есікті тарс жауып, бір қолымен ішін басып, диванның үстіне бүктетіліп құлай кетеді. Коридорда қалған Қайсарға оның ауырсына ыңыранған даусы жетеді.

Ақмарал: (қонақ бөлмеден) Ой, Алла-ай!… Жаным-ай!…

Қайсар оның ауырсынған үніне сәл-пәл құлақ салып тұрады да, есікті ашып, бөлмеге кіреді. Сәл-пәл әлденеге таңырқаған пішінмен диванның үстінде сегіздік секілді бүктетіліп жатқан Ақмаралдың жанына келеді.

Қайсар: Саған не болған?

Ақмарал: (алқынып) Өй, жаным-ай-й!

(Қайсарға қолымен ымдап, ішін көрсетіп ) Іші-м…

Қайсар: (таңданып) Ішім?..

Ақмарал: (ауысына ыңырсып) Иә-ә.

Қайсар: Онда қазір дәрі іздейін…

Ақмарал: (басын шайқап) Керегі жоқ…

Қайсар: Неге?!

Ақмарал: (зорлана жымиып) Қалай түсінбейсің?…Мана айтқан жоқ па едім – екіқабатпын деп…

Қайсар: Оу, оған ерте емес пе? Жеті жарым ай болды дегенің қайда?

Ақмарал: (ыңқылдап) Сірә, мана мені солдаттар ұрғанда бұл да шошыды-ау деймін. Бұ жолы айым – күнім жетпей, шала босанатын шығармын. Бұл – менің екіншім ғой. Үлкеніміз ауылда… Кемпір-шалдың қолында. Түу, Қайсар, жаңа кісіні жаман шошыттың ғой… Мен анау өліп қалған шығар деп, зәрем ұшты.

Қайсар: (кінәлі үнмен) Ақмарал, мен сенің екіқабат екеніңді ұмытып кетіппін, кешір…

Ақмарал: (анаға тән мейірлі үнмен) Қайсар, бері келші… маған таман… Еңкей…

Қайсар Ақмаралға қарай еңкейеді. Ақмарал жігіттің бетінен бір сүйеді де, оған қарап зорлана жымияды.

Қайсар, сен нағыз ер жігітсің!… Шіркін менің күйеуім де сендей болса ғой. Ал енді сен… ана… асүй жаққа бар…

Қайсар: Сен жалғыз өзің… Қиналасың ғой…

Ақмарал: (ауырсына ыңқылдап) Бір жөні болар. Әйтеуір бірінші рет босануым емес қой.

Қайсар: (бөлмеден қипақтап шыға қоймай) Сонда да…

Ақмарал: Бар дедім ғой енді… Мен қазір… былай… аяқ астынан нетіп қалсам, қайтесің… Ұялмайсың ба?! Бар-р…

Қайсар: Жарайт, ондай болса…

Қайсар бөлменің есігін жауып, коридорға шығады да, олай-бұлай бөлмені мақсатсыз кезіп кетеді. Пауза. Арада бірер минуттай уақыт өтеді. Шыдамы таусылған Қайсар қонақ бөлмесінің есігінің сыртынан тың тыңдайды. Іштен Ақмаралдың ауырсына ыңырсыған үні естіледі.

Қайсар: (есіктің сыртынан дауыстап) Ақмара-ал, а Ақмарал!…Роддомнан дәрігер шақырсам қайтеді? Телефонмен…

Ақмарал: (бөлмеден) Керегі жоқ…

Қайсар: Неге?

Ақмарал: Манағы жендеттер ұстап алып… мені түрмеге қамалсын дегенің бе?

Қайсар: Не үшін?…

Ақмарал: Демонстрацияға қатысқаным үшін.

Қайсар: Оны олар қайдан біледі? Дәрігерлерді айтам…

Ақмарал: Мен кеше естігем… Қазір барлық ауруханаларда КГБ мен прокуратураның өкілдері жүрген көрінеді дейді тексеріп. Сен білмейсің ғой. Менің бүткіл денем – көк ала торғайдай…

Қайсар тағы да алакөлеңке коридорды мақсатсыз кезіп, олай-бұлай сенделіп жүріп кетеді. Ауық-ауық бөлмеден Ақмаралдың ауырсына ыңырсыған үні келеді. Арада тағы екі-үш минуттайуақыт өткенде сыртқы есіктің қоңырауы шылдырайды. Қайсар қуанғаннан жалма-жан жүгіріп барып, есікті ашады. Ішек Баймырза мен Талшын енеді.

Талшын: Амансыңдар ма, қарақтарым?… Уһ, біз де жеттік әйтеуір.

Сыртқы киімдерін шеше бастайды.

Қайсар: Өздеріңіздер де амансызар ма… Маратты таптыңыздр ма?

Байырза: Таптық қой. Жаман немені әйтеуір алдап-сулап әзер көндірдік.

Талшын: Тұқымына тартпасын ба, қырсықтығы – тура мына шалдың тап өзі.

Баймырза: Жә, болды, енді, балалардың көзінше…

Талшын: Мына күн де бүгін құтырып кеткен екен. Көшеде аяз жаланып тұр. Уф-ф!… Үсіп қалдым ғой, жүдә…

Баймырза: Оның рас. Алматыда, жалпы, қыс бүйтіп ерте түспейтін. Дегенмен желтоқсан деген де бір ызғарлы ай ғой. (Қайсарға) Айтпақшы, әлгі Ақмарал балам қайда?…

Қайсар: (күмілжіңкіреп, иегінің ұшымен зал бөлмесін құпиялай нұсқап) Анда… Кешіріңіздер, ол нетіп… қиналып жатыр.

Талшын: (ернін сылп еткізіп) Нетіп?!… Неткен деген неменесі еді, жаным-ау?

Қайсар: (ақыры шындықты айтуға бел буып) Ол толғатып жатыр…

Талшын: Ойбай, бетім-м!.. Мына бала не дейд тағы?! Толғағы несі?..

Қайсар: (батылданып) Апа, мен шын айтып тұрмын.

Талшын: Ойбай-ау, о бала екіқабат па еді? Мана осы сыптай еді ғой.

Баймырза: Түһ, мына кемпірдің мылжыңын-ай. Енді осы Қайсаржан сенен алдап бірдеңе алғалы тұр деп пе едің. (Иегімен қонақ бөлмесін нұсқап) Одан да барып… былай… көмектессеңші.

Бөлмеден Ақмаралдың «Мама!..» деп, шыңғырып қалған үрейлі, оқыс үні естіледі де, артынша тым-тырыс тына қалады.

Талшын: (абыр-сабыр болып) Ойбай, бетім-ау, мынау шынымен-ақ толғатып жатыр ғой. Енді қайттім?!

Бөлмеге еніп кетеді.

Өйбөй, балам-ай… Кәне-кәне, кішкене шыда, жаным… Қазір-қазір… Бәкесі-ау, ана шәугімге жылы су құйып, есіктің алдына әкеп қойыңдар, өзім барып алам. Сонан соң ана легенді де сол жерге… Тездетіңдер!…

Баймырза: (коридордан) Қазір-қазір…

Баймырза мен Қайсар бірі пластмасса легенді іздеп, бірі шәугімге су құйып, абыр-сабыр болады да қалады бір сәтке. Осы кезде шар ете қалған сәби даусы естіледі.

Талшын: (бөлмеден) Е, Алла, бере гөр тілегімді!.. Әйтеуір аман босанды-ау бейшара!.. Өй, тырбаңдаған күшік!..

Әй, жаңағы шәугім мен легенді айтқан жерге әкеп қойдыңдар ма?..

Қайсар: (коридордан дауыстап) Әкелдік, апа, сол өзіңіздің айтқан жеріңізде тұр.

Талшын: (бөлмеден) Е-е, онда болды…

Бөлмеден тағы да шырылдай жылаған сәби үні келеді құлаққа.

bannerbanner