
Полная версия:
Рәбиғаның махаббаты
Уәтай көзімен ішіп-жеп, сам-соз боп әр жерде сексиіп-сексиіп тұрып қалған мұғалімдерді жағалай бір сүзіп шығады.
Оны өлтірген мына тұрған сіздердің теріс тәрбиелеріңіз бен Есенбайдың мансапқор ұлы Мадрид!
Мадрид / даусы дірілдеп, ерніндегі жылымшы қанды сүртіп жатып/. Сен бала тіліңді тарта сөйле!
Уәтай /Мадридке кектене қадалып/. О, бейшара!.. Ал бірақ бар ғой, мен сені бір оңдырмаймын!..
Қалаубай /Уәтайға/. Шырағым , сен осы мұнда неменеге келдің? Соны айтшы!..
Уәтай /мысқылдап/ А-а, мен бе? Айтайын-айтайын!.. Білгіңіз келсе, мен мына шындықты айту үшін, мына Сіздердің көздеріңізді ашу үшін келдім!..
/Уәтай бұлқынып/ . Қәне, онда мына менің қолымды босатыңдар.
Ұлықпан мен Қалаубай оның қолын босатып жібереді.
Уәтай /мырс етіп, көпшілікке қарап басын шайқап/. Мен бір нәрсеге таң қалам, мен секілді шала сауатты тракторшы емес, бәріңіз де жоғары білімді , мәдениетті кісісіздер. Бірақ тергеушілерің бар, инспекторларың бар – күлліңіз жиналып бір Рәбиғаны кім өлтіргенін таппай-ақ қойдыңыздар! Жо-жоқ, сіздер бәрін білесіздер! Тек Рәбиғаның ана қой соңында жүрген момын әке-шешесінің қолынан ештеңе келмейтінін біліп, барлық істі осылайша із-түзсіз тып-типыл етіп, жапқалы жатырсыздар. Қадірлі ұстаздар-ау, ұят қайда, ұят!?..
Қалаубай. Әй, шырағым!.. Сен айналайын бәріміздің жер-жебірімізге жетіп біттің ғой. Білетін болсаң, кінәліміз қайсы, күнәһарымыз қайсы, нақтылап айтсаңшы, өтіміз жарылып кетсе де. О несі-ей, тіпті! Және өзі тойып алыпты.
Уәтай. Ішкенім рас, бірақ мен ақылымды ішкем жоқ. Айт-айт дейсіз, айттым ғой жаңа: оны өлтірген – мына Мадрид! Басынан баяндайын. Мен мұны бала күнінен білем. Мектепте ол бізден екі-үш класс бұрын оқыды. Рас, біздей емес, тырысып, жақсы оқыды. Тырысып жүріп, оныншыны бітіре сала , институтқа түсті. Былтырдан бері мектепте мұғалім болып жүр.
Мадрид. Оны бұндағылар сенсіз де жақсы біледі.
Қалаубай. Мадрид, Мадрид… шырағым, сөзді бөлмесеңші. Саған да кейін кезек келеді.
Уәтай. Иә, жаңағы айтқандарымды бұ кісілердің менсіз де жақсы білуі мүмкін. Бірақ сенің бұл кісілер білмейтін жақтарың бар. Мен соны айтқалы тұрмын.
Пауза.
Иә, мұғалім деген – жақсы атақ. Бірақ мен мұғалім болған екен деп Мадридті өтірік мақтай алмаймын – ол мектепте оқып жүргенде-ақ атаққұмар еді, титтей бір артықшылығын құр жібермей, жұрттың көзіне түсуді ойлайтын. Әлі – сонысы, түк өзгерген жоқ.
Мадрид. Сен өйтіп кісінің жеке басына тиіспе.
Уәтай. / Мадридке мүлде көңіл бөлмей/. Бұл жігіт қазір совхоздың көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып жүр. Жұрттың көпшілігі оны «ұйымдастырғыш, іскер» деп мақтайды. Мысалы, сондайлардың бірі – менің әкем Сартай. Ол маған Мадридті өмірбойы үлгі қылумен келеді. Рас, өткенде, көркемөнерпаздардың аудандық байқауында, біздің совхоз бірінші орын алды. Совхозымыздың директоры, «Жарайсың, совхоздың абыройын бір көтердің» деп, Мадридті арқасынан қақты. Айта кету керек,Мадрид секілді біздің совхоздың директоры да бірінші деген сөзді өте тәуір көретін адам. Құдай біледі, сол күн – Мадридтің өмірінің ең бір бақытты сәті болар.
Қысқасы, Есенбаев – мансап үшін жаратылған адам. Күні ертең оның мына біздерді басқаратын әкімшіліктердің бірінен жылы орын табатынына еш шүбәланбаймын. Өздеріңіз-ақ айтыңыздаршы, егер ол Рәбиғаның хатын ешкімге көрсетпей, қоя салғанда ештеңе де болмайтын еді ғой. Ендеше мен күлтелектетпей, ашығын айтайын, Рәбиғаны өлтірген – сен!… Егер мен заң қызметкері болсам, мұны сонысы үшін түрмеде шірітер едім. Әттең, ондай билік менде жоқ.
Мадрид. Жолдастар, оның айтып отырғанының бәрі – жала!
Қалаубай. Мадрид, сен енді отыра тұршы, айналайын. Айттым ғой жаңа, бәріңе де сөз береміз деп.
Мадрид. Жоқ, маған тап қазір сөз беруіңізді сұраймын!
Қалаубай. /жұртқа бір қарап алып/. Жарайт-жарайт, сөйле, тек қысқа болсын.
Мадрид. Жолдастар, мен бұл арада бір нәрсені айта кетуім керек. Жаңағы Уәтайдың маған жала жауып тұрғаны тегін емес, оның Рәбиғада көңілі болған…
Уәтай. Рас, жасырмаймын, болған.
Мадрид. Ал Рәбиға мені жақсы көрді, сондықтан оның маған бұрыннан қаны қас. Рәбиғаны менен қызғанады. Иә, мен хатты мектептегі қыздар советінің төрағасы – Розаға бердім. Мен педагогпын, ұстазбын! Ондай бейморальдық әрекеттерге бара алмаймын. Ал хатты бергенім – мәселе одан әрі ушықпасын дедім.
Уәтай /мысқылдап/. Өйтіп, жалтармай-ақ қой, сен Рәбиғаның өзіңді сүйетінін біреу-міреу біліп қалып, содан өз атыңа, дәлірек айтқанда, болашақ мансабыңа бір кір жұғып қала ма деп қорықтың ғой. Неге ең болмаса, бір рет шыныңды айтпайсың?
Мадрид те, қалған мұғалімдер де тым-тырыс тына қалады. Бір сәттік үнсіздік. Уәтай есікке қарай беттейді.
Уәтай. /сыртқы есіктің тұтқасын бір қолымен ұстап тұрып, артына бұрылып/. Ал, хош болыңыздар, қадірлі ұстаздар!.. /мысқылдап/. Мен ертең әскерге кетем, сүйтіп сіздерді сыртқы жаулардан қорғайтын болам. Бірақ бір нәрсе мықтап естеріңізде болсын: Рәбиғаның жоқтаушысы жоқ деп қалмаңдар. Ол – мына мен, мен, мен!…/Айқайлап жылап жібереді./ Сіздер ұмытсаңыздар да, Уәтай оны өмір бойы ұмыта алмайды!… Білесіңдер ме, өздеріңнің не істегендеріңді – сендер тек қана Рәбиғаны өлтірген жоқсыңдар, онымен бірге менің кінәсіз махаббатымды мәңгілік жерге көмдіңдер! Мадрид, естіп тұрсың ба!… Сен бәрібір түптің түбінде менен аман кетпейсің!…
Уәтай еңіз-теңіз боп жылаған күйі есіктен шығып кетеді. Әр жерде сексиіп-сексиіп тұрып қалған педсовет мүшелері үн-түнсіз қала береді.
Қалаубай /шаршаңқы түрмен/. Жолдастар, онда мына жиналысымызды аяқтайық. Куәлерді босатсақ та болады-ау деймін енді. Алаттын куәлігімізді алып болған сияқтымыз ғой. /Жамал мен Айжанға бұрылып./ Ал онда сіздер боссыздар. Келгендеріңізге рақмет.
Жамал мен Айжан орындарынан тұрып, есікке беттейді.
Жамал /кетіп бара жатып/. Үйбай, белім!.. Құдай-ай, әйтеуір қартайған соң кісіге не болса, сол үйір бола береді екен. Міне бір құяң деген де бәле болды, көктігілгір!..
Екеуі кетеді.
Қалаубай. Ал, сонымен тағы кім бар сөйлейтін? Ұлықпан ,сенің бірдеңе дегенің дұрыс болатын шығыр. Жанұзақованың класс жетекшісісің ғой қанша айтқанмен.
Ұлықпан /Орнынан тұрып/. Шынымды айтсам, не айтарымды білмей тұрмын…
Қамқа. Әйтеуір, не айтсақ та, шындықты айтайық та. Ауруын жасырған өледі дейді ғой, осы өтіріктен, жалғандықтан өліп болдық қой.
Ұлықпан. Иә, шындықты айтуымыз керек. Жалпы, бізге ғана емес, осы біздің бүткіл қоғамымызға да жетпейтін ең басты нәрсе осы шындық пен адалдық-ау деймін. Жаңа Уәтай дұрыс айтты, Рәбиғаның қазасына біріміз де кінәлі екенбіз. Бұрын мен ішімнен, сіздерден жасырмай-ақ қояйын, осы өлімге Мадрид пен Розаны кінәлап келген едім. Сөйтсем, бәріміз де сол күнәге ортақ екенбіз. Тіпті одан да гөрі жинақтап айтсам, Рәбиғаның қазасына күллі қазақ қауымы, қала берді біздің барша қоғамдық жүйеміз кінәлі.
Пауза. Жұрттың бәрі демдерін іштерінен алып, Ұлықпаннан көз алмай, қатады да қалады.
Бұған менің бүгін ғана көзім жетіп отыр, осы жиналыстың үстінде.
1-мұғалима. Рас-рас…
2-мұғалима. Иә-иә, алды-артымызға қарамай, босқа да далақтап жүре беріппіз ғой.
Қалаубай. Жолдастар, сөзді бөлмейік…
Ұлықпан. Байқап қараңыздаршы, осы уақытқа дейін біздің өкіметіміз бүткіл қоғамның тәрбиешілері – мұғалімдер қауымына не материалдық жағынан, рухани жағынан мемлекеттік қолдау көрсетті ме? Жоқ, сандаған жылдар бойы бюрократиялық аппарат бізді игілік атаулының бәрінен кейін ысырып тастады. Олар бізге ұлтымыздың ар-ұжданы, имани тәрбиешілері ретінде емес, бар болғаны өздерінің идеологиялық қызметшілері ретінде ғана қарады. Сондай жүдеу, көтерем тәрбиенің біздің Рәбиғаны апатқа жетелемеуі мүмкін емес еді. Жолдастар, біз талқылап отырған өлім –нағыз қазақы өлім, артта қалған осындай қоғамдық құрылыста ғана ұшырасатын қайғылы феномен. Мен болдым…
1-мұғалима.Оның рас. Езілудей-ақ езілдік қой.
2-мұғалима. Әйтеуір, осындай ойымызды еркін айтатын болғанымызға да шүкір.
Қамқа. Рас-ау, осы біз бәріміз жабылып Рәбиғаның махаббатынан неменеге шошындық?! Неменесіне құбыжық көргендей ат-тонымызды ала қаштық?
Біздің, адамзат баласының, ең ділгір дүниеміз, әрдайым шөлдеп, аңсап табысатынымыз, жоқ болса, шарқ ұрып іздейтініміз сол махаббат деп аталатын іңкәрлік емес пе еді?! Өмірдің күн нұрынан кейінгі қызуы сонда жатқан жоқ па? Абай «Махаббатсыз дүние – бос» демейтін бе еді? Ендеше қорықпайтын нәрседен қорқып, үрікпейтін нәрседен үріккеніміз не?!
Қалаубай. Әй, Қамқа-ай, қорықпай қайтейік, үш ғасыр бойы бодан болған халықта қайбір ақыл-ес, батырлық қалды дейсің?
Роза. /орнынан ұшып тұрып, мас адамша сенделіп, олай-бұлай жүріп кетеді./Жолдастар-ау, сондағы біздің кінәміз не? Сонда енді бәріміз жабылып сол қыздан кешірім сұрауымыз керек пе? /басын шайқап/ Түк түсінсем, бұйырмасын…
Қамқа. Роза, Рәбиға біздің бәрімізді де баяғыда-ақ кешірген. «Егер мен осыдан өле кетсем, бұған ешкім кінәлі емес» деген жоқ па ол. Бірақ ол өлген жоқ. Уәтайдың жүрегі соғып тұрғанда ол бұ дүниеде жасай береді. Пәктікті, адалдықты өлтіру мүмкін емес екен. Алайда, күлліміз жабылып, былай қойғанда, бір қарғадай қыздың, Рәбиғаның махаббатын қорғай алмаппыз ғой кеше!.. Осы ма елдігіміз?! Қараңыздаршы ана шәкірттеріңіздің бейкүнә, періште бейнесіне, не деп тұр ол?!
Бәрі Рәбиғаның бейнесін тұңғыш рет көріп тұрғандай шкафтың үстіндегі қызыл лентамен көмкерілген фотосуретке аңтарылып қарап қалады.
Қамқа. Дұрыстап қараңыздар…
/Шымылдық/
e-mail: serik051@mail.ru