Читать книгу Күзгі романс (Серік Асылбекұлы) онлайн бесплатно на Bookz (2-ая страница книги)
bannerbanner
Күзгі романс
Күзгі романсПолная версия
Оценить:
Күзгі романс

3

Полная версия:

Күзгі романс

Назым. Жақыны жақсы болған екен. Әйтеуір кейде кешке қарай ізім-қайым жоғалып кететінің бар еді-ау…

Сайлау. Түу, сен бар ғой, бірдеңе болса оны міндетті түрде жаман нәрсеге жорисың. Нансаң…

Назым. Нансаң-нансаң!.. Нанбаймын мен саған ешқашан! Сен сол екеуміздің арамызда ештеңе болған жоқ демексің ғой. Сондай ертегіге мен ақымақ болып сене қалсам, иә?!. Әй, бірақ тек шыныңды айтшы. Егер шыныңды айтсаң бар ғой, менің бәрін кешіріп жіберуім мүмкін тіпті.

Сайлау. Шынымды айтсам, бірде Сюзанна екеуміз оның пәтерінде ептеп шарап ішіп, музыка тыңдап отырғанбыз.

Назым. Тағы да әлгі Пугачеваны ма?

Сайлау. Иә.

Назым. Со қатын сендердің миларыңды мүлде айналдырып жіберген ғой деймін. Ия, айта бер…

Сайлау. Бір кезде музыкаға елтіп кеткен ол менің мойнымнан құшақтады да, ернімнен әлсіздеу, солғын ғана сүйді. Нансаң, бар болғаны – осы.

Назым. Тым аз екен. Солғын ғана деймісің?..

Сайлау. Иә.

Назым. О, тоба, сондай да сүйіс болады екен!?.

Сайлау. (Күмілжіп). Қалай десем екен… Бәрібір сен оны түсінбейсің.

Назым. (Тұншығып). Әрине-әрине!.. Мен оны қайдан түсінейін. Сен секілді ерігіп, көрінгенмен сүйісіп жүр деп пе ең мені!.. Менің… менің ана екі бала мен сені қайтсем адам қылам, қайтсем ішіндірем-киіндірем деп жарғақ құлағым жастыққа тимей келе жатқан жоқ па өмір бойы. О, күйдіргі-күйдіргі! Ана Сәулеш пен Арман келмей тұрғанда қараңды батыр бұл үйден!

Назым жау қуғандай шалт-шалт басып, келесі бөлмеге кетеді де, көп ұзамай Сайлау көптен күткен польшалық қара чемоданды оның алдына лақтырып тастайды.

Мә, чемоданың!.. Енді менің көзіме көрінуші болма! Бар!..

Сайлау апыл-ғұпыл заттарын чемоданға салып алып, сырт есікке қарай беттейді.

Сайлау.(Костюмінің қалтасынан қарманып). Так… Паспорт – қалтада, заттар – чемоданда.

(Назымға бұрылып). Ал, жақсы… Бірақ есіңде болсын: енді қайтып мен осы үйдің есігін қайта ашады деп ойлама!..

Назым. Бар-бар!.. Жоғал! О-о-о, бүлдіргі-бүлдіргі!..

Сайлау сыртқы есікті тарс жауып, шығып кетеді. Назым екі қолымен бетін басып, залдағы диванға сыоқ етіп отырып қалады. Оның құлағына алыстан сыңсып осы жанжалға себепші болған Алла Пугачеваның «Күзгі сүйіс» әні талып жеткендей болады.

Екінші бөлім

Шымылдық қайта ашылғанда біз Сюзаннаның есігінің қоңырауын басып тұрған Сайлауды көреміз. Үстінде – өзімізге бұрыннан таныс жұқа ақ сұр плащ, басында – сол түстес кепкасы. Аздан соң есік ашылып, Ар жағынан Сюзаннаның басы қылтияды. Оның үстінде – үй ішіне киетін бояуы оңыңқырап кеткен ескілеу бомази халат.

Екі бөлмелі қалалық жайлы пәтердің дәлізінде екеуі бір-біріне қарап, әуелі сәл-пәл үнсіз тұрып қалды. Есігі ашық тұрған ас үй жақтан музыка үні естіледі. Қазақ радиосы халық әндерінен концерт беріп жатыр.

Сюзанна. (Сәл-пәл таңырқап). Сайлау?!

Сайлау. Кіруге бола ма?

Сюзанна есікті шалқайтыңқырап ашып, Сайлауға жол береді.

Сюзанна. Әрине.

Сайлау ішке енуін енгенмен, кіре берісте бір сәтке состиып тұрып қалды. Сюзаннаның көзі оның қолындағы чемоданға түседі.

Сайлау.Сюзанна, егер сен қарсы болмасаң, мен бүгін саған біржолата келіп тұрмын.

Сюзанна. Біржолата?!.

Сайлау. Иә.

Сюзанна. Немене, әйеліңмен ренжісіп қалдың ба? Чемоданыңды жерге қойсаңшы.

Сайлау чемоданын еденге қояды.

Сайлау. Мәселе тіпті онда да емес. Қалай десем екен… Мен одан баяғыда суынып біткенмін. Саған соны айтуға талай оқталғам, бірақ реті келмеген болуы керек. Міне, бүгін басыма азаттық алып, саған біржолата келіп тұрмын. Мына чемодандағы бар дүие мүкәммалым.

Сюзанна. Вот это сюрприз!.. Екеуміз қанша бірге жүргенде сен әйелің туралы бір рет те болса, мұндай сөз айтып көрмеген болатынсың. Қайта әңгімелеріңнен оны қимайтының байқалып тұратын.

Сайлау. Білесің бе… Енді…

Сюзанна. Жо-жоқ!.. Қайта маған сенің осы қасиетің ұнайтын. Көп жұрт үнемі бірін-бірі жамандауға даяр тұрады. Ал сен оларға ұқсамайтынсың.

Сайлау. Рақмет. Сюзанна. Сонымен сен мені қабылдайсың ба? Әлде…

Сюзанна. (Абдырап). О не дегенің!.. Әрине, жаным, әрине. Мен тіпті саған сенер-сенбесімді білмей тұр емеспін бе? Кәне, шешінсеңші!..

Сюзанна Сайлаудың плащын шешіндіруге ұмтылды. Сюзанна Сайлаудың плащы мен кепкасын киім ілгішке іліп болған соң, халатының түймесін шұқылып, төмен қарап қысыла күлімсірейді.

Кешір… Үйде ешкім жоқ болған соң, ескі халатыммен айдап жүргем. Мен қазір… Ал сен анда, ас үйге бара бер. (Қуақыланып). Мен тез-тез: Айнн момент!.. Жарай ма?

Сюзанна шапшаң басып, төргі бөлмеге өтіп кетеді де, Сайлау ас үйге қарай өтеді. Арада екі-үш минут өткенде манағы ескі халатты мойны ашық әдемі қынама көйлекпен ауыстырған Сюзанна көрінеді.

Сюзанна.(Күлімсіреп). Қайырлы кеш, қадірлі Сайлау Біләлұлы!.. Сіз мені көп күтіп қалған жоқсыз ба?

Сайлау. Қайырлы кеш, ханым!.. Оқасы жоқ, ондай-ондай бола береді.

Сюзанна. Мерси.

Сюзанна жайнаңдап, Сайлауға қарама-қарсы орындыққа келіп отырады. Ас үйдегі шағын үстелдің үстінде – шайға қажетті тәттілер, әр түрлі тамақтар, ас-сулар. Сюзанна екеуіне шай құя бастайды.

Ал енді мен өзімнің тікелей міндетіме кірісейін. Сайлау, сен мені мақтап жүреді екенсің: кешкі шайды алдыма алып жатқаным осы жаңа ғана болатын.

Сайлау. Енді сені мақтамағанда… шындығына келсем, бұ дүниеде екі балам мен сенен өзге жақын кімім бар менің.

Сюзанна. Рақмет, жаным, рақмет!.. Ой-й, өзі басыңы бақыт қонайын десе, аяқ астынан екен ғой!.. Шынымды айтсам, кей-кейде өзіммен-өзім оңаша қалғанда: «Шіркін, Сайлау менің заңды күйеуім болып, екеуміз бірге тұрсақ қой!..» деп армандайтынмын. Және сол арман ешқашан орындалмайтындай тәрізді болып көрінетін. Сонан соң, сенсең, көзімнен жас шұбырып, жалғыздықтан жаным жабығып, үнсіз жылайтынмын.

Сюзаннаның көзіне жас келеді.

Сайлау. Қойшы, жыламашы Сюзанна!.. Әй, сенің осы тым әсершілдігің-ай…

(Сайлау орнынан тұрып, Сюзаннаның жанына барады да, оның көздерін сүйеді).

Енді болды ма? Сабаңа түстің бе?..

Сюзанна. (Көзін саусақтарының ұшымен сүртіп жатып). Болды-болды!.. Жарайды, кешір мені. Орныңа барып, тамағыңды іш.

Сайлау. (Орнына отырып жатып). Шынымды айтсам, Сюзанна, мен сені бәрінен бұрын осындай риясыз адалдығың үшін жақсы көретін болуым керек. Жалпы, сен жер жүзіндегі ең адал, ең қайырымды, ең сұлу әйелсің!..

Сюзанна. (Күлімсіреп). Ал сен мен үшін дүниедегі ең талантты, ең ақылды еркексің!

Сайлау. Айтпақшы. Жаңа мен жолшыбай бір бөтелке шарап ала салып едім, на всякий случай. Осы кездесуімізді сонымен атап жіберсек қайтеді.

Сюзанна. Менің түк қарсылығым жоқ. Жалпы есіңде болсын: сен не айтсаң, сол – мен үшін бұлжымас заң.

Сайлау. Онда қазір…

(Сайлау кетеді. Сәлден соң ол чемоданнан шарап алып, өз орнына қайта оралады да, бөтелкенің тығынын аша бастайды. Тығыны ашылған шараптан бокалдарға толтыра құйылады).

Сайлау. Иссыкский рислинг… Сенің жақсы көретін шарабың. Сюзанна. (Бокалдардың бірін қолына алып). Онда, кәне, екеуміздің денсаулығымыз, бақытымыз үшін! Кеттік пе?!.

Сайлау. Кеттік!

(Екеуі де бокалдарындағы шарапты алып тастайды).

Сюзанна. (дастарқандағы палау салынған тарелканы нұсқап). Сайлау, мынадан ыстықтай жеші, қазір біраздан соң суып қалады. Жалпы, білесің бе, сенің тамақ жегенің маған қатты ұнайды. Сен тамақты сондай бір… Қалай айтсам екен… Иә, сондай бір керемет аппетитпен жейсің!..

Сайлау. (Палауға шанышқысын салып жатып). Одан да керемет бір ашқарақтықпен десейші. Есіңде болсын, еркектердің бәрі ашқарақ келеді.

Сюзанна. Не-ет, это не то слово. Сен тамақ жеген кезде өте сүйкімді болып кетесің.

Сайлау. (Күліп.) Ха-ха-ха!.. Сүйкімді?!.

Сюзанна. Иә-иә. Шын айтам.

Сайлау. Қызық екен. Онда саған ұнау үшін маған тамақты көп жеуге тура келетін болды ғой.

Сюзанна. Дәл солай. Ендігі менің ең негізгі жұмысым саған тәтті-тәтті тамақтар әзірлеу болады.

Сайлау. Рақмет! Айтпақшы, Әділ көрінбейді ғой.

Сюзанна. Ол кеше ауылға кеткен. Папамдардікіне. Ертең келеді.

Сайлау. Осы Әділдің жасы нешеде?

Сюзанна. Биыл он төртке шықты ғой. Құдайға шүкір, адам болып қалды. Айтпақшы, өткенде «Көшеден Сайлау ағаны көрдім» деп келді. Екеуің біраз әңгімелесіпсіңдер ғой.

Сайлау. Иә, шамалы сөйлестік. Оны-мұны туралы. Сюзанна, ол екеуміздің заңды түрде қосылуымызға қалай қарайды деп ойлайсың?

Сюзанна. Менің байқауымша, оң қарайды. Білесің бе, ол сені жақсы көреді. Жуырда мынадай бір қызық болды. Мен неге екенін білмеймін, кешқұрым өз-өзімнен көңіл-күйім бұзылып, терезеден сыртқа көз салып тұрғам. Кенет біреу келіп, сыртымнан жаймен құшақтап алды. Қарасам, Әділім. «Мама, құлағыңа бірдеңе сыбырлайын ба?» дейді. Мен: «Сыбырлай ғой, жаным» дедім. Сөйтсем: Жоқ, сыбырламай-ақ айта берейін. Мама, күйеуге шығып алмайсың ба, папаның үйленіп кеткеніне үш жыл болды, енді саған ол оралмайды» дейді. Мен ұлымның мына қылығына аяқ астынан жадырап, күліп жібердім. «Балам-ау, кімге шығам күйеуге, сенің жаман шешең кімге дәріЮ» дедім ол не дер екен деп. Сөйтсем, ол екеуміздің арамыздағы жағдайды жақсы білетін сияқты, сәл-пәл ойланып барып: «Сайлау ағаға» деп қарап тұр. Мен де тағы қарап тұрмай: « Сайлау ағаңның өзінің семьясы бар ғой» дедім. Ол: «Онда сол кісі секілді басы бос бір жақсы адам тауып ал» дейді. Ал керек болса! Мен не дерімді білмей, тосылып қалдым. Тіпті баламның алдында ұялғаннан қызарып кетсем керек. Ничего не скажешь, ныне вот такая молодежь пошла!

Сайлау. Оны түсінуге болады. ХХ ғасыр, акселерация. Сонда «Сайлау ағаға тұрмысқа шығып ал» деді деймісің?

Сюзанна. Шын айтам.

Сайлау. Жалпы, Әділ бар ғой, өте қайырымды, ақылды бала. Саған тартқан.

Сюзанна. Оның рас.

Сайлау. Сюзанна, енді менің балам екеу емес, үшеу. Сәуле, Арман, Әділ… Мен бай адаммын.

Сюзанна. Әрине байсың. Үш баласы, екі әйелі бар адамды кедейлердің тобына жатқызу қиын шығар.

Сайлау. Ха-ха!.. Осы жолы тауып кеттің!

Сюзанна. Между прочим, қажет десең балаларыңның саы төртеу де, бесеу де, тіпті алтай да болады. Менің жасым қазір 35-те. 45-ке дейін екі-үш қарадомалақты тауып беруіме болады өзіңе ұқсаған.

Сайлау. Келістік. Жалпы, ата-анадан қарындасым екеуміз ғана болғасын ба, мен отбасында баланың көп болғанын жақсы көрем.

Сюзанна. Мен де. Осы Әділден кейін бір жылдан соң тағы бір бала көтерейін деп едім, Әлібек: «Хватить разводить нищету!..» деп, үзілді-кесілді қарсы болды. Ол кезде басымызда баспанамыз жоқ, бір кемпір-шалдың үш бөлмелі үйінің бір бөлмесін жалдап тұратынбыз. Жалпы, ол, Әлібекті айтам, жаратылысынан прагматик адам. Үнемі заманның алдында жүргісі келеді. Осы қайта құру басталғаннан бұрынғы қызметін тастап – ол да мен секілді ғылым кандидаты болатын, биология ғылымдарының – бірден бизнеске кірісті. Мені де: «Ғылымды ғой, ол сені енді асырамайды» деп, азғырып көрген, бірақ мен өзімнің сүйікті ісімді тастап кете алмадым. Ал ол заман ыңғайын тез байқап, бұрынғы қызметіне қолын бір сілтеді де, жүре берді. Ақмола астана боларда да жұрттан бұрын солай қарай ауысып алды. Сол жақта жүріп институтты жаңадан бітірген бір қызға үйленді. Үйленгенін маған бар болғаны телеграммамен білдірді ғой.

Сайлау. Қазір ең болмаса Әділмен хабарласып тұра ма енді? Сюзанна. Осыдан бір жарты жыл бұрын бір рет телефон шалған. Содан кейін хабар жоқ. Қойшы, мейлі, не болса да аман болсын. Одан да өзіміздің жайымызға көшейікші. Сайлау, сенің маған біржолата келгенің рас па? Әбден ойланып-толғанып алдың ба өзі бәрін?

Сайлау. Сюзанна, бұл – ақи-тақи шешілген мәселе.

Сюзанна. Менің күтпеген бақыттан басым айналып отыр. Шарабыңнан құйшы тағы.

(Сайлау шараптан құяды).

Сюзанна. Ендігі тост кезегі – сенікі.

Сайлау. Менікі болса… (Сәл-пәл ойланып алып). Сюзанн, мен бұл тосты тек сен үшін көтергім келеді. Неге десең, қарап отырсам, осы кезге дейін сен өз бақытыңды өзгелердің жолына құрбандыққа қиюмен келіпсің. Сол үшін және ешкімді же жазғырмапсың. Жұрттың өзіңе деген әлімжеттіктерін, жаманшылықтарын үнсіз кешіре беріпсің. Өзіңді тастап кеткен бірінші күйеуіңнің де, одан кейін жолыққан менің де қателіктерімді де осылайша үн-түнсіз мойныңа ала беріпсің. Ендігі кезек, ендігі бақыт сондықтан сенікі болуға тиіс. Шын айтам, сен соған лайықсың. Кәне, сол үшін!.. Сонымен кеттік пе?

Сюзанна. (Жүзі бал-бұл жанып). Кеттік!.. Айттым ғой әлгінде, сенің айтқаның мен үшін бұлжымайтын заң деп.

(Екеуі де бокалдарын жартылай алып тастайды).

Сайлау. (Әндетіп). Бүгінгі күн тамаша…

Сюзанна. Бүгін нұрлы аймақ…

Сайлау. Бүгін міне қосылды…

Сюзанна. Арманменен арман… Ой, Сайлау, осының бәрі өң бе, түс пе? Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екенмін ғой, түс демекші, осыдан он шақты күн бұрын мен бір керемет түс көрдім. Алтын күз екен деймін. Сап-сары жапырақтар сауылдай төгіліп жатқан атшаптырым үлкен бір бақтың ішімен қол ұстасып жүріп келеміз, жүріп келеміз. Күзгі күннің жанға жайлы шуағы тұла бойымды балқытып барады. Төңірек тым-тырыс-ау, тым-тырыс: бейне мына әлемде бір сәтке екеуміз-ақ қалған сияқтымыз. Алыстан ұшар бастарын алтын күннің сәулесі шалған тау жарқырайды. Біз жұтқан ауа да, төбемізден мейірлене төнген шайдай ашық аспан да бейне тамып кеткісі келгендей мөлдіреп тұр. Ал біз сол үн-түнсіз күйімізде жүріп келеміз, жүріп келеміз…

Білесің бе, қазір менің басыма мынадай біржақсы идея келіп отыр: күздің дәл сондай жайма-шуақ күнінде екеуміз бір сары ала бақтың ішінде қол ұстасып суретке түсейік те, соны өзіміздің жатын бөлмеміздің қабырғасына үлкейтіп іліп қояйықшы, ә?!. Бір жақсы ырым болсын.

Сайлау. Оригинальная идея!.. Я за.

Сюзанна. Жалпы екеуміздің өткен өмірімізге қарап отырсам, біз үшін күз айлары үнемі қуанышты болыпты. Екеуміз күзде танысып, күзде табысыппыз. Тіпті біздің танысуымызға себепші болған Пугачеваның әні де күзгі сүйіспеншілік жайында екен. Сонымен бірге, міне, күздің жайма-шуақ күндерінің бірінде сен маған біржолата келіп отырсың.

Сайлау. Оның рас.

Сюзанна. Қазір мен Алла Борисовнаның сол әнін қосып қояйыншы магнитофонды осында әкеп. Сонан соң әлемдегі теңдессіз сол бір ғажайып музыка үшін бір тост көтерейік.

(Сюзанна төргі бөлмеден магнитофонды алып шығып, ас үйдегі шкафтың сөресіне қояды да, оның іске қосу тетігін басып қалады. Бөлме ішін музыка үні кернеп жүре береді. Екеуі де әнге арбалып қалғандай бірер минуттай үнсіз қалады. Біраздан соң Сайлау орнынан тұрып, шалбарының қалтасын қармана бастайды.).

Сюзанна. Қайда барасың?

Сайлау. Балконға. Темекі тартқым келіп тұр. Сюзанна. Осы жерде отырып тарта бер.

Сайлау. Сенің басың ауырады ғой.

Сюзанна. Ауырмайды. Сен барда менің еш жерім ауырмайды. Маған тек сен болсаң болды, жаным. Қасымнан ешқайда кетпеші.

(Сайлау қалтасынан оттық алып, шылымын тұтатады да, орнына қайтып отырады).

Сюзанна. Сайлау, тыңдашы. Неткен дауыс, неткен ғажайып үн!.. Мен бар ғой, егер еркек болсам, тек осы әйелге ғана ғашық болар едім.

Сайлау. (Шылымының түтінін бұрқыратып). Әр еркектің талғамы әр түрлі ғой.

Сюзанна. Сайлау, менің жаныма келіп, бірауық құшақтап отыршы.

(Сайлау оның жанына келіп құшақтап отырады).

Міне, осылай отыра берейік. Бір-бірімізді құшақтап. Қашан әбден қараңғы түскенше.

Сайлау. Жарайды. Бүгін – біздің күніміз. Енді не істесек те бәрі де өз еркімізде.

Сюзанна. Как хорошо мне с тобой в этом чарующем мире!..

Сайлау. Маған да.

Сюзанна. Шын ба?

Сайлау. Құдайақы.

Сюзанна. Мен саған сенем. Сен өтірік айта алмайсың. Сайлау, осы саған менің қай жерім ұнайды?

Сайлау. Барлық жерің.

Сюзанна. Ну, сонда да. Айрықша ұнайтын біор жерім бар шығар?

Сайлау. Көздерің. Сенің көздерің терең, біртүрлі сырға толы…

Сюзанна. Ал сенің маған тамақ жеп жатқан кезің ұнайды. Сол кезде сен біртүрлі күнәсіз жас бала секілді болып көрініп кетесің.

Сайлау. Қызық екен…

Сюзанна. Рас. Сайлау, давай, екеуміз жаймен қосылып ән салайықшы.

Сайлау. Давай…

(Дәл осы кезде есіктің қоңырауы шырылдап қоя береді).

Сюзанна. Әділ ауылда, ол ертең кешкілік келеді. Кім болса да, есікті ашпаймыз.

Сайлау. Дұрыс айтасың, ашпаймыз. Бүгін – біздің күніміз.

Сюзанна. Бүгін бізден басқа ешкім жоқ бұл әлемде. Сайлау, мен біраз қызып қалған сияқтымын: шараптан ба, әлде сен сыйлаған тосын бақыттан ба – өзім де білмеймін.

Сайлау. Басқалар секілді біздің де бір мезгіл бақытты болуға хақымыз бар шығар.

Сюзанна. Дұрыс айтасың, алтыным.

(Қоңырау қайтадан шырылдайды).

Сайлау. Бұл кім өзі? Көршілердің бірі емес пе?

Сюзанна. Біздің көршілердің ішінде мұндай бейбастағы жоқ секілді еді. Жарайды, отыра бер. Айттық емес пе жаңа, бүгін бұл әлемде тек екеуміз ғана деп. Бұл шамасы ғарыштың бір түкпірінен НЛО-мен ұшып келген басқа планеталықтардың біреуі болуы керек адасып жүрген. Адасса, адаса берсін. Біздің ондағы шаруамыз қанша?

(Қоңырау тағы да бір шыр етіп барып басылады).

Сайлау. Дегенмен кім болса да, мынау менің нервіме тие бастады.

Сюзанна. Успокойся. Ты уже у меня такой славный.

Сайлау. Сонда да…

Сюзанна. Кәне, жаңа жайымен ыңылдап ән айтамыз дегеніміз қайда?

Сайлау. (Сәл-пәл көңілденіп). Іһм… Қай әннен бастаймыз?

Сюзанна. Білмеймін, өзің әйтеуір бастасайшы, мен қосылайын.

Сайлау. Алматының гүл бағын аралаймыз ұзақ…

Сюзанна. Қиялменен кетеміз кейде алысқа ұзап…

(Осы кезде сырттағы кісі қоңырауды қойып, есікті қолымен дүңкілдетіп ұрғылай бастайды).

Сайлау. Ну, это же слишком!.. Сюзанна, есікті не де болса ашайық. Мен білсем, мынау бәрібір бізге жуық арада тыныштық бермейді.

Сюзанна. Солай ма?

Сайлау. Солай. Кім болса да, бұл қадалған жерінен қан алмай қоймайтын настырный бір пәле секілді.

Сюзанна. Олай болса, есікті мен ашам. Сен отыра бер.

Сюзанна барып есікті ашады. Ішке оның бұрынғы күйеуі Әлібек келіп енеді.

Әлібек. Туһ, немене, кеш батпай ұйықтап қалғансың ба? Сәлем!..

Сюзанна. (Селқос). Сәлем… Сен бұл үйді баяғыда ұмытқан сияқты едің ғой. Неғып жүрсің?

Әлібек. Самолеттен жаңа ғана түстім. Ақмоладан. Сонан соң… Ну, сендерге соғайын деп… Енді өз үйіме келуге хақым бар шығар?

Сюзанна. Қателесіп тұрсың. Дегенмен келіп қалған екенсің, аяқ киіміңді шешіп, ас үйге өт. Біз тамақ ішіп отырғанбыз.

Әлібек. (Аяқ киімін шешіп жатып). Бізің кім?

Сюзанна. (Ас үйден). Қазір көресің…

Аяқ киімін шешіп, ас үйге бет алған Әлібек төрдегі орындықта отырған Сайлауды көргенде, есіктің кіре беріс көзінде бір сәтке состиып тұрып қалады.

Жоғарылай бер. Бұл – менің болашақ күйеуім Сайлау.

Әлібек аң-таң қалыппен Сюзанна нұсқаған есік жақтағы орындыққа келіп отырады.

Сайлау, сен де танысып отыр. Бұл – менің бұрынғы күйеуім. Аты – Әлібек.

Әлібек. (Өзін-өзі әзер билеп, Сайлауға оқты көздерімен сынай қадалып). Імм, солай де!..

Сюзанна. (Әлібекке шай құйылған кесені ұсынып жатып). Иә, солай…

Әлібек. (Мырс етіп). Тұрмысқа шыққалы жатырмын де…

Сюзанна. Шықса, несі бар екен. Сайлау, кәне кесеңді берші, ыстықтай құйып жіберейін.

Әлібек. Сонымен бұл кісі нешіншің?

Сюзанна. Қай нешіншіні айтып отырсың?

Әлібек. Мен осы үйден кеткелі бергі нешінші күйеуің дегенім ғой.

Сайлау. Жігітім, тіліңді тарта сөйлегенің жөн болар. Бұл үйде сенен басқа адамдардың отырғанын ұмытпағайсың.

Әлібек. (Ызалана мырс етіп). Адам сонда сен бе?!.

Сайлау. Иә, мен!..

Әлібек. Ал онда, Адам, сенің бұл үйден шыға тұруыңа тура келеді. Менің әйеліммен оңаша сөзім бар.

Сайлау. Ол енді сенің әйелің емес.

Әлібек. Сюзанна, мына Адам не деп тұр?

Сюзанна. Сайлаудікі дұрыс.

Әлібек. (Шарасыз қалыппен саусақтарының ұшымен үстелдің үстін тықылдатып). Так-так… Солай де. Дегенмен, Сюзанна, менің сенімен бес-он минут сөйлесетін сөзім бар. Мына Адамың есік алдына шығып, кішкене серуендеп келсін.

Сайлау. Мен ешқайда шықпаймын. Және дәл қазір серуендегім келіп тұрған жоқ.

Сюзанна.(Сәл-пәл ойланып). Сайлау, өтінем, есік алдына бір он шақты минут шығып келші.

Сайлау.Мен ешқайда да шықпаймын дедім ғой.

Сюзанна. (Табанды түрде). Сайлау, мен сенен өтініп тұрмын ғой.

Сюзанна Сайлауға жалынышты жүзбен қарайды.

Сайлау. (Әрі-сәрі бір сәттік күйден кейін). Жарайды онда. Тек естеріңде болсын, тек он минутқа ғана…

Сюзанна. Иә, он минутқа…

Сайлау сыртқа шығып кетеді.

Ал… бірақ бәрін қысқаша айт.

Әлібек. Әділ қайда?

Сюзанна. Демалысқа папамдардікіне кеткен. Ертең келеді.

Әлібек. Імм, баланы әке-шешемдікіне жіберіп, өзім еркектермен оңаша сауық-сайран құрып жүрмін де.

Сюзанна. Әлібек, егер сен сөзіңнің тонын өзгертпейтін болсаң, онда әңгіме қысқа – мен сенімен сөйлеспеймін.

Әлібек. Кешір. Сюзанна, егер мен шынымды айтсам… осы жолы бар ғой… Осы жолы… өзіңе біржола келіп отырмын.

Сюзанна. Біржола?! Келіншегіңді қайтпексің?

Әлібек. Құрып кетсін келіншегі де, басқасы да!.. Ол аферистка біреу болып шықты. Жап-жас болып… Түсінесің бе, бір сөзбен айтқанда, ол мені сазға отырғызып кетті. Сен мені кешірші, жаным. Міне, алдыңа басымды иіп келіп отырмын. Ақымақ болыппын. Саған ешкім жетпейді екен!.. Құрысын, өткеннің бәрін ұмытайықшы… Бәрін қайтадан бастайықшы. (жалынышты үнмен). Сюзанна!..

Сюзанна. Жоқ. Әлібек, енді бәрі кеш.

Әлібек. Неге кеш?!.

Сюзанна үнсіз.

Әлде сен жаңағымен болып қойдың ба?

Сюзанна. (Басын шайқап). Әлі түк өзгермепсің.

Әлібек. Неменеге өзгеруім керек?

Сюзанна. Жоқ, біз екеуміз мүлде қарама-қарсы типтің адамдарымыз. Сондықтан да біз ешқашан келісе алмаймыз. Кезінде мен сенің жолыңа кесе-көлденең тұрғам жоқ, еркек болсаң, бұл жолы сен де маған кедергі жасама.

Әлібек. Сюзанна, кешірші мені!.. Менде басқа барар жер, басар тау қалған жоқ!..

(Әлібек жалма-жан Сюзаннаның алдына тізерлей отырып, оның қолын ерніне тигізеді. Сюзанна сыпайы ғана қолын тартып алады.).

Сюзанна. Тұр орныңнан!.. Мұның не?.. Не болып кеткенсің өзің?

bannerbanner