
Полная версия:
Барби Бану
– Қазір түсемін ғой, күте тұрыңызшы. Шиқылдатқанды қойыңыз, ел – жұрттан ұятты, – деп қайта жоғалды. Ал қызды көрген шал онан сайын құрақ ұшты. Тіпті ұят жоқ, қысылу, тартыну жоқ. Жарығым, күнім осы, жаным осы деп балпылдап жатыр. Алайда, бұл екеуінің әңімесі ұзаққа бармады. Балам ұйықтап жатыр сосын күйеуім келетін уақыты боп қалды деген қыз, тез оралды. Әккі шалдың аракідік айтқан сөздерін құлаққа да аспады. Бірақ, келесі күн сол шал тағы да келді. Өйткені, Банудың телефонымды сындырып алдым содан хабарсызбын дегеніне сенген сорлы жаңа телефон сыйға тартты. Ал құлқынның құлы болған сорлы қыз тағы да жоқ дей алмады. Алғысын жаудырып жаңа телефонды қалтаға басты. Осылайша екеуінің тышқан – мысық өмірі жалғасып жатты. Ол аздай дәуқара да бір күні төбе көрсетті. Бірақ шым – шытырман мынандай өмір қашанғы жалғаса бермек. Үйдегі еркек үн қатты, қысқасы күңкіл шығып, шаңырақ шайқала бастады. Міне, мұның соңы белгілі, жәйбасар сорлы деп жүрген жігіті жалт берді. Осылайша, не қолында неке қағазы жоқ, не құжаты жоқ қыз, үйден айрылды. Ал оны даулап арыз жазуға абыройынан қорықты. Қысқасы, ұрыны қарақшы басты дегені осы болды. Бас аяғы бір жылда жылпос жігіт үйлі боп қыз далада қалды…
11 – бөлім
Жөргектегі баланы жерге түсіргенде қылышын сүйреп қыс жетті. Ал Бану қыз баяғы тірлігін жалғастырып еріккен екі шалдың ермегіне айналды. Тек үйіне ғана кіргізбейді, оған себептер де жоқ емес. Басты себеп күйеуі жоқ екенін білсе, тыным бермес деп қорқады. Шықпай қалуға ақшаның қажетігі тағы бар. Ал бай деп тапқан байсымақтан айрылғалы қашан. Тап қазір басты
проблемаға айналғаны да сол байсымағы болып жүр. Өйткені кеше ғана қоңырау соққан анасы біраз жерге барған.
– Қызым, ауылдағы ағайынан ұятты . Коллективім тағы бар, той жайлы айтып көрмедің бе күйеубалаға, жыл болды ғой деген. Сорлы ана сұрамай қайтсін жалғыз қызының тойын ол да көргісі келеді. Дүркіреп өткен той көз алдына елестейді. Соны жасап дос-дұшпаннан құтылсам дейді. Ел қатарлы құдағи атанып марқайып қалсам дейді. Бірақ ол күйеу баланың кеткеніне екі айдай
болды. Онан бері бала еңбектеуге жетті. Тіпті тәй – тәй басып тәнтіректеп жүріп кетуі де ғажап емес. Өйткені күндер зулап өтіп жатыр. Уақыт деген сағым, қолыңмен ұстап, көзіңмен көрмесең де алға түсіп сырғып барады. Міне Бануды да тап осы ой мазалайды. Қайтсем екен, бар шындықты анама айтып салсам ба екен деп оқталады. Бірақ жарымжан ана көңілін қимайды. Ал екі шалға керегі тек бала ғана. Әшейінде Шанхайдан шықпайтын дәуқара да соңғы күндері Бануға үйір боп алған. Аптаның екі күнінде әдейі ат басын осында бұрады. Сондағысы көлікте отырып баласымен ойнап мәз болады. Ессіз еркекті қой мұны, есіл ғана ерлерім дерсің. Ақшаның буына бұрқырап қаршадай қызға ұл таптырдым деп ойлайды. Мұншама да көрсоқыр, қуыс кеуде болар ма еді. Әй, шәй жоқ бала сенікі десе сене қалатын сорлы қабақтар-ай. Түптеп келгенде мұның бәрі қыздың қулығы емес, екі есалаңның ессіздігінде жатыр. Мейлі, кәрі көкжалды ғой түсінсе болады, өйткені үш қыздан соң жалғыз ұлы бар дейік. Ал мына дәуқараныкі не жүріс? Айтуынша мұның ұлы да қызы да жеткілікті, анау сияқты жалғыз тұяқты емес. Қысқасы, Бану қыз көп ойланып көп толғанды. Сонан болар бар шындықты бастан аяқ анасына айтуға бел буды. Себебі бір күн болмаса бір күні шындықтың беті ашылары сөзсіз. Демек ештен кеш жақсы айту керек деп, айтып салды. Түк түсінбеген ана байғұс еңіреп тұрып жылап берді. Әрине, қанша күбірлесе де шындықтың түбіне жете алмады. Өйткені қу қыз ақиқатын айтпай бүгіп қалды. Сорлы қыз қайтсін қолындағы бала кімнің баласы екенін өзі де білмейді. Тек құжат бойынша кеткен жігіттікі боп қала берді. Ал сынықтай сырды өзіммен бірге о дүниеге ала кетемін, ешкім білмейді деп ант ішті.
Бірақ тағдырдың тәлкегі әлі де алда еді. Сөйтіп жүргенде көп өтпей кәрі шал сап тыйылып жоқ болып кетті. Арадан біраз күндер өтті, тіпті ай өтсе де шалдан хабар болмады. Осымен қыздың үміті үзілді. Соңында «керек едің» деп қолды бір сілтеп дәуқараға жүгінді. Ал оның да көктем шыға бизнесі төмен домалады. Бұрынғыдай аста төк ақша болмады. Сауда дегенің карта ойыны ғой бірде бар, бірде жоқ нәрсе. Сонан болар ұрын келгенді бұл да азайтты. Тіпті ол сорлыға өз арендасының ақшасын төлеу мұңға айналды. Міне, сонда ғана Бану үшін сын сағаты туып, нағыз өмір басталды. Енді бұрынғыдай еркелеп жатып ақша табатын заман өтті. Өйткені, Астана сондай қала, жүгіре жортып күн көретін қала. Ал Бану сияқты қолында баласы бар созылғандарға жол жабық. Ол үшін не біреудің тоқалы боласың, не екі – үш жұмысты қатар алып жүресің. Сонда ғана бұл қалада толыққанды өмір сүресің. Демек таңдау өзіңнен. Бірақ бұл жолы көпті көріп тісқаққан қыз дұрыс таңдау жасады. Әупірімдеп жүріп вокзал маңындағы пәтерді толықтай атына өтірді. Енді бұл үйге ешкімнің таласы жоқ, аузы күйгеннен үрлеп ішті. Сонан соң ана сөзіне құлақ асып жалға беріп өзі ауылға тартты. Осылайша Бану қыздың бас қалада өткен бес жылы бітті. Бірақ бұл тағдырдың тосын сыйы бәрібір соңынан қалмады. Себебі, ауылға келген соң күңкіл шыға бастады. Айымкүл апайдың жалғыз қызы ажырасып кепті, деген өсек гу ете қалды. Тіпті біреулері өзі мұғалім ғой, оқушыларға қандай тәрбие береді, қызының жүрісі анау деп соқты. Енді біреулері тоба десе біреулері таба деді. Осылайша ел құрметтеген ұстаз ұлтараққа айналды. Тіпті бұрынғыдай бас көтеріп жүруден қалып бұқпантайлай бастады. Осылайша, қыз қылығы ана байғұсты есеңгіретіп тастады. Бірақ бауыр еті жалғыз қызға не десін бармағын шапсын ба, бәріне төзіп бақты. Ал уақыт деген емші бар екені рас. Сол уақыт өте келе қыз өмірі бір арнаға түсе бастады, белгісіз бала көше баласына айналды. Қысқасы күн соңынан күндер, ай соңынан айлар жалғасып жылдар өтті. Осылайша өткеннің бәрі ұмыт болып Бану қыз да алаңсыз өмір сүріп жатты. Бірақ, бір күні тыныштықты, ауылға келген қымбат көлік иесі бұзды. Көрші – қолаңнан сұрап білген көлік иесі, қыз үйінің алдына кеп тоқтады.
12 – бөлім
Кішігірім ауыл болған соң күндізгі күн келген кеткен көліктер көзден таса қалмайды. Оның үстіне мынандай дәу көлік бұл ауыл түгі, ауданда бірен – саран. Сондай – ақ шаңқай түсте кеп есік алдына тоқтаған көлікті ауыл балалары қоршап алған. Кім болса да, алыстан келгені белгілі құдалардан хабар болмасын деп Айымкүл апай қарсы жүрді. Ал көліктен түскен бала құдаға ұқсамайды. Күйеу бала дегенге тіпті де келмейтін сияқты. Бірақ жақындай келе көзі жетті, мүлдем бейтаныс біреу. Сонда да қонақ келсе құшақ жая қарсы алатын қазақпыз ғой, Банудың үйіме екен деп сұраған балаға «тап өзі» деп жақындай түсті. Бұл кезде есік алдындағы дыбысқа елеңдеген Бануда сыртқа шыққан. Сонда ғана таныс көлікті көргенде құты қалмаған қыз қатты да қалды. Бірақ бұлай тұра беруге болмайды, сыртта дос көзі бар, дұшпан бар мамасын ішке тартқылай түсті. Ал ештеңеден хабары жоқ ана байғұс ес жия алмай әлек. Тек аузына түскені ішке кіріңіз деп айту ғана болды. Әрине мұнан соңғы әңгіме өткен тарихтан өрбіді.
– Апа ешқандай алаң болмаңыз, қорықпаңыз. Менің де өзіңіздей анам бар. Кеше біраз жұмыстарым шығып Алматыға келгенмін. Сонан әкемнің өсиеті деп ат басын бұрғаным еді, айыпқа бұйырмаңыз, атым Марлен болады, деп барып тоқтап қалды. Өйткені анасының артында тұрған Бануды көргенде ішкі сырын ұққандай болды. Бірақ айтарын айтып бастаған жігіт сөз соңын басқа арнаға бұрып әкете алмады. Ал сөз төркінін түсінгендей болған Айым апай төтелей түсіп бірінен кейін бірін сұрақ жаудырды.
– Қайдан боласың балам? Жалпы сен кімсің, кімнің баласы? Сонан соң әкемнің өсиеті дегенің не сөз, әкең кім еді, түк түсінсем бұйырмасын, деп қызына қарады. Қыз не десін, көлікті көргеннен – ақ шалдан хабар келгенін түсініп қойған. Тіпті өзінен біраз жас үлкендігі бар мына баланың да Марлен екенін айтпаса да сезіп тұр. Бірақ әкемнің өсиеті дейді, демек, шал сорлының бақилық болғаныны ғой. Енді маған онан қауіп жоқ, деп топшылағанша болмады ана сөзі ойын бөліп кетті.
– Сен бала неге жалтақтап отырсың, не айтсаң да ашып айтшы осында. Мен ештеңе түсіне алар емеспін. Сенімен менің қызымның арасында не бар. Сонша жерден ат басын бұруыңа не себеп?! Сосын әкең кім, айт енді, айт бәрін деп алқымнан ала түсті. Мына сөзден қысылған бала қатты састы. Көзі жалтақтап анаға бір қызға бір қарады. Ал ашу қысқан ана оныменде тоқтамады.
– Шеш аяқ киіміңді, төрге шық. Мән – жайды бастан аяқ баяндап бермегенше кетпейсің. Егер сен екеуіңнің араңда әңгіме болса мына көлігіңе өзім салайын қызымды. Сонан соң өлігі келсін, ризамын. Ал сен қаншық, бар да шәй қойып қазанға қара деп қызына бұрылды. Осылайша ойда жоқта қыз қулығының беті ашылды. Бауырымды іздеп келдім деген бала тіпті көлікте қалған келіншегін шақырды. Қысқасы осыдан соң ғана Айымкүл апай мән жайға қанық болды. Бірақ өз бармағын өзі шапсын ба, алыстан келгендерге оғаш мінез көрсетпей сыйлап бақты. Ал Марлен де әкелген сыйлықтарын бауырына ұстатып жас бүлдіршін мәз боп жатты. Тіпті болар емес таудай тарту әкеліпті. Ол аздай бала қолына бір уыс ақша ұстатты. Міне, осымен әкесіз балаға бауыр табылды. Бауыр болғанда да жәй емес Астананың бір ауданын уысында ұстап тұрған бауыры боп шықты. Қысқасы құдай жоқтан бар жасап, Бану қыздың бағы жанды. Бірақ ана көңілі құлазып қызына деген құлшынысы құлап бара жатты. Өйткені, ауыл ішін тағы да күңкіл жайлады. Біреулер Айымкүл апайдың қызы Астана әкімінің көңілдесі екен деп шықты. Тіпті кейбір құмалақшылар құмалақ сап той жасап тастады. Кейбір балгерлер бал айын шет елде өтіріп тастады. Міне, мұның соңы апайды төмен қаратты. Осылайша отыз жылдық өтілі бар ұлағатты ұстаз жұмысын тастап қалаға көшті. Әрине әкім бауыры аянбай көмектесті. Оның үстіне мұнда үйі бар Бануға бұл көш қиындық тудырмады. Өйткені, о бастан ақ арманы қала болған қыз қалалық болды. Енді міне Бану қыздың қаладағы күні қайта басталды. Ұлды анаға тастап бизнес -жоспарын жүзеге асырды. Бұрынғыдай бейсауат жүрісті қойып, белді бекем буды. Қысқасы қолдаушысы барда қоныштан басты. Қаланың қақ ортасын жер алып кішігірім дүкен соқты. Қозғалғанға құдайдың қазынасы көп деген, бизнесі өрге домалап шыға келді. Осылайша, арадан үш жыл өткенде Астананың бизнес ледилері қатарына қосылды. Бұл кезде белгісіз балапан да мектепке барды. Әрине жәй қатардағы мектеп емес, бай балалары мектебіне барды. Осылайша Банудың арманы орындалғандай болды. Бірақ ес кіріп есейген бала, ағасынан алшақ кетті. Өйткені әкіммен де, әкім баласымен де Бану баласында ешқандай ұқсастық көрінбеді. Әрине бұл Банудың көңіліне кірбің түсірді. Енді мұны бауыры деп жүрген әкім әйелі де аңғарып сөз қылды. Тіпті өз анасы Айымкүл де ұқсастық таппады. Қу қыз енді тығырыққа қайта тірелді. Өйткені бәрінен бұрын анасы Айымкүлден қорықты. Енді ешқашан кешірмейтінін ойлап қу басымен құрдай жорғалады. Бірақ сол аралықта ешкім күтпеген жағдай болды…
13 – бөлім
Соңғы күндері Бану қыздан күй кетіп жүр. Оған өзі ғана білетін бір емес бірнеше себептері бар. Өйткені, күні кеше жұмыстан келгенде анасы Айымгүл әкімдіктен келген қағазды қолына ұстатқан. Әрине, ештеңеден хабары жоқ ана байғұстың қуанышында шек жоқ. Немересін үздік оқушы деп мараппаттап жолдама бергеніне қай ана қуанбасын. Бірақ, бұл жолдамаға Бану қыз қуана қоймады. Себебі мына шақырту қағазының астарында үлкен бір жұмбақ жатқан болуы мүмкін. Әйтпесе әкім ағасымен араның алшақтай бастағанына жарты жылдың жүзі болған. Бұрынғыдай көп қоңырау соға бермейді. Баланың да жағдайын осы жарты жылда екі үш рет қана сұраған. Сонда қалай, ойда жоқта жасөспірімдер ойын – сауық орталығына тегін шақыртудың сыры неде?! Бұл әрине сол ауданның білім саласын басқарып отырған Гүлшаттың жоспары болса керек. (Айта кетейін Гүлшат дегенің бұл Марленнің әйелі). Пайымдауынша баланы алдап алып, соңын тексермек қой яғни, тегін тексермек. Міне, мұны ойлаған Банудың қалайша жүзі қуансын. Ойда жоқта ұрлығы ашылып жатса жүзіқара болмасына кім кепіл? Қысқасы шақшадай басы шарадай болған сорлы қыз сөзге көшті.
– Мен жалғыз ұлымды ешқайда жібермеймін. Баратын жеріне өзім – ақ апарамын, өкіметке қарап қалған күнім жоқ, деп шорт кесті. Қызының мінезіне таң қалған анасы не десін, өз еркің білсін қызым деп әрі қарай үнсіз қалған. Алайда арадан апта өткенде сау ете қалған қонақты көргенде Бану қыз шынымен де сасайын деді. Екі ұлын соңына ертіп босағадан аттаған Гүлшатпен әкім ағасы баланы құшақтай алған. Көз үйренген балалар ғой бірі – бірімен шүйіркелесіп үй ішін басына көтерген. Бәрі қуаныштың үстінде, бәрінде көтеріңкі көңіл – күй. Тек үнсіз ғана іштен тынып отырған Банудың өзі ғана. Тыныштықты әкімнің әйелі бұзды.
– Алдағы жексенбі атамыз қайтқан күн еді. Соған арнап қалалық мешітте Құран бағыштасақ деп едік. Сіздерді шақыра келгеніміз, ішінде бәріміз де болсақ. Қу тіршілік біткен бе сол күні бір төбеге жиналсақ. Сонан соң балалардың басын қосып саяжайға жіберсек деп едік дейді. Мына сөзді ойында түк жоқ Айымкүл құптай жөнелді. Ал әкім ағасы телефонын алып терезеге беттеген. Жұмыс басты адам ғой енді, шұғыл шаруасы болып біреумен сөйлескеніне ешкім де көңіл бөлмес. Оған көңіл бөлген тек Бану ғана. Өйткені осы адамның қас қабағына қарайды. Бірақ оғаш мінезді ештеңе таппады. Ал әңгімесін айта кеп, әкім бала қайта отырды. Содан өзара ақылдасу басталды. – Алдағы жексенбі сол айтқан садақамызды жасап жіберсек. Сосын мына үш балапанды лагерге жібереміз. Ол біткенде менің демалысым келеді. Гүлекеңмен шет елге кетеміз. Сосын апа, сізге де 55 жасыңызға жолдама әперсем, шет елді көріп қайтсаңыз. Оған дейін мұндағы құжаттар дайын болса, бір мәнісі болар деп барып тоқтады. Мына сөзге енді Банудың жүрегі зырқ ете қалды. Құдай-ау ол қандай құжат сонда. Айттым ғой, бұлар менен баланы алдап алып, жасырын сараптама жүргізбекші. Ал анам сорлыны шет елге жолдама беріп, сонда ұстай тұрмақшы. Не істесем екен. Негізі мұның бәрі мына Гүлшат қатыннан келді. Осы қатын қақшаңдап алып бәленің бәрін бастап жүрген. Өйткені екі балада ұқсастық жоқпа деп, о баста сыбырлап сұраған да осы қатын. Бірақ ол жайлы Марленнің өзі маған жақ ашқан емес. Тіпті, жақ ашпаса да аяғын алыс алғанынан белгілі. Гүлшат оған айтпады емес, айтты. Сол үшін де арамызды алшақ ұстады. Бұрынғыдай қоңырау соғуды қойды. Енді қандайда бір жолын тауып мыналардан құтылу керек. Сол үшін де мына Марленнің өзімен жеке сөйлеспесем болмайды. Ал тап қазір ол не құжат деп сұраудың қажеті жоқ. Анау отырған анам естімесін, ол естісе бұл менің анық құрыған жерім деп ойлаған қыз әңгімені басқа арнаға бұрып жіберіп шәй қояйын, қазан асайынға басты. Бірақ нан ауыз тиген қымбат қонақ көп отырмады. Шақыруға арнайы келгендерін айтып есікке беттеді. Міне, бұл негізі Бану қыздың тағы бір адасуы болды. Өйткені оның ойындағының бірде-бірі не Марленнің, не Гүлшаттың ойында жоқ еді. Ал араның алшақтауы ол қалада үйреншікті жағдай. Өйткені қала ауыл емес үй арасы алыс әрі жұмысбасты адамдар. Мұнда ауылдағыдай көлеңкеге жиналып карта ойнаған еркектерді көрмейсің. Немесе көшеде кездейсоқ кездесіп қап өсек соққан қатындарды да көрмейсің. Мұнда әркімнің өз тірлігі бар, бет бұратын шама жоқ, тыным таппайсың. Ал Марленнің құжат дегені ол негізі Банудың дүкенінің құжаты. Енді сол құжаттарды бұл жөндеуі керек. Ол құжат жайлы Бану білмесе де сауатты жігіт әкім біледі. Есінде бәрі. Өйткені Банудың кішігірім минимаркет соққанына биыл үш жыл. Осы үш жылдан не салықшылар, не басқа басқасы есігін қаққан емес. Заң бойынша бұл сондай. Кәсіпкерді үш жылға дейін ешкім мазаламауы тиіс. Сол үш жыл жақында бітеді, демек Бануға біраз құжаттарды жөндеуі керек. Әйтпесе, бұл әкімнің соңына сөз боп ереді. Не көп әкімдерде, дұшпан көп. Бәрі де аяқтан шалуға дайын тұрады. Намысы бар гой бірақ бұл биліктің көлеңкесінде жүргендердің бұрыннан әдеті. Аяғыңды шалт бассаң болды, қит етсе қағып түседі. Соңғы әкім болған бес жылда Марлен мұндайдың талайын көрген. Оның құжат деп жүргені де сол. Ал оны түсінетін Бану қайда, құжат дегенді естігенде құдай ұрғандай құтыра кетті. Көңіл күйдің жоғы да міне, осында. Қысқасы, арадан көп өтпей, жексенбі жеткенде шалдың ұрпағы бір төбеге жиналып ұлан – асыр ас берілді. Сонда ғана Бануға әкім баламен тілдесудің сәті түсіп сөзге тартты.
– Не ойлағаныңыз бар айтыңыз. Пайымдауымша, әңгіме менің балам жайында сияқты. Қалай болғанда да, бұл менің балам. Мен баламды өз еркімнен тыс ешқайда жібермеймін. Ешкімге бермеймін. Керек емес санаториге апарып, өзіммен бірге қалады. Әуре болмаңыздар деп қатты кетті. Мына сөзден түк түсінбеген әкім, аң-таң күйде қалды. Осылайша ақымақ қыз жоқ жерден жік шығарды. Әрине, қыз ойлағанды әкім ойламағаны анық. Балалардың бірі -біріне ұқсамайтынын сөз қылған тек Гүлшат қана еді. Онда да әкеден қалған жалғыз тұяқ деп Марленге бұл жайында жақ ашпаған. Демек мына Гүлшат Бану ойлағандай ақымақ емес еді. Айтса бұл оның өз ойы, сол үшін де сөздің шетін Бануға ғана айтқан. Ал Бану болса бәрінің басына су құйды. Құймай қайтсін, арты қуыс қой бұл қылығы әкім баламен Бану арасына сызат түсірді. Қысқасы құжаттарды дайындап, оған қоса қала сыртынан да жер берген әкім, «бауырыма ес кіргенде өзі іздеп келер» деп аяғын жинады. Осылайша бейбақ Бану жалғыз қалды. Бірақ бұл өмірдің қуанышымен қайғысы қатар жүретіні белгілі, бұл қызға күтпеген жерден тағы да тағдырдың тосын сыйы кезікті.
Ол былай болған. Бұл Астанада ақшалы адамдар қаланың қақ ортасына емес қала сыртына қоныс тебеді. Сол үшін де әкім берген жерге үй соғуды көздеген қыз көктем шыға жұмысшылар іздей бастаған. Себебі, жекеменшік коттеджің болмаса басқа байлығың бір тиын, бұл сондай бәсекелестер қаласы. Соған бригадам бар деп хабарласқан бейтаныс жігітпен телефонда тілдесіп мекен жайын айтқан. Ертесіне түс ауа сол жігіт қоңырау соқты.
– Мен кеше қоңырау соққан едім, айтқан мекен жайыңызға келіп тұрмын, шығып кетсеңіз дейді. Дүкен ішінде ұсақ түйекпен әуре болған қыз көп күттірмей жүгіріп шықты. Сонымен үй кескінін қолдарына ұстап екеуара саудаласуға көшті. Соңында қала сыртындағы жерді көретін боп көлігімен сонда тартты. Әрине, жол жөнекей әңгімеге бас қойды, сұрасу басталды.
– Есімім Бану болады деп таныстырды қыз өзін.
– Менің есімім Асқар болады. Жасым 27 де. Осында құрылыс саласында бригадам бар. Өзіңіз сияқты үй соққысы келетіндердің үйін соғып береміз. Әрине ақшасына келіссек деді жігіт.
– Түйдей құрдас екенбіз деді қыз. Осылайша жас жігітпен жас қыз тезде тіл табысып кетті. Содан барып жерді көрді, қолындағы қағазға қарап қазығын қақты, ақшасын келісіп қол берісті, сөз берісті. Қысқасы Наурыз мерекесі өткен соң бастайтын боп жігіт кете барды. Бірақ қандай да бір тылсым күш қызбен жігітті бірі-біріне тарта түсті. Тіпті Әз наурызбен құттықтап жігіт бірінші қоңырау соқты. Онан Бану да қалыс қалмады. Қоңырауға қоңыраумен жауап қатты. Ал соңғы кездері аралары тіпті де жақындай түсті. Наурызға шығып бірге қыдырды. Араларында махаббат ұшқыны пайда болды. Бұл кезде Бану қыз өзін бақытты сезінді. Күтпеген жерден бақыттың кілтін тапқанына қуанды. Жігіт те кет әрі болмады. Таңның атысымен күн ұясына батқанша тыным таппай екеуі сөйлесумен болды. Сөйтіп жүргенде асыға күткен наурыз да өте шықты. Уыстап ақша алған жігіт қыз үйінің құрылысын бастап жіберді. Ал араларының жақындай түскенін анасына айтпаса да Бану қыз көрсін дегендей болды. Қит етсе жігітті үйіне шақырып, ақшасын беретін болды. Әрине, құрылыста жүргенде кез келген ұсақ – түйек үшін үй иесіне хабарласасың. Соның бәрінде қыз жігітті үйіне тартты. Енді бұған үйдегі ананыңда көзі үйрене бастады. Тіпті қызымның теңі деп, тілеуін тілеп жүрді. Осылайша қызбен жігіт жақындай түсті. Бір қарағанда екі жасқа ешқандай кедергі жоқтай көрінді. Алайда… Бану қызды тағдырдың тартқылауы мұнымен де бітпеген еді…
14 – бөлім
Соңғы күндері үйге келгіштеп кеткен балаға Айымкүл де зер салып қарай бастады. Өйткені қызының қыңыр мінезін біледі ғой ойда жоқта аяғын тағы да шалыс баса ма деп қорқады. Бірақ тап қазір Бану қыз ақыл тоқтатқан, бұрынғыдай еркек десе емешегі езіліп тұратын жаста емес. Әне міне дегенше отызға толады. Оның үстіне ақшадан проблемасы жоқ. Өз тапқаны өз өзінен асып жатыр. Дегенмен мына бала қызымен бас қосып жатса құба – құп екен. Себебі жас шамалары қарайлас, өзі де сыр сымбаты келіскен жігіт. Былайша айтқанда Банудың нағыз сыңары болатын жігіт. Сөзді нақтап сөйлейді, артық күлкі қиғаш оғашы жоқ. Тіпті анда – санда оң қабағын қаққаны әлдекімді еске түсіреді екен. Енді жұмыр жүрек секем алған соң қайтсін Айымкүл апай келесі келгенде осы баламен ашық сөйлесем деп шешкен. Өйткені қазақ бұрыннан да болашақ құдалары жайлы ұзынқұлақтан болса да біліп отырған. Ал мына жігіттің келгіштеуіне қарағанда қызының сенімді өкіліне айналған сияқты. Себебі соңғы күндері бұл жігітті дүкен тауарына да жұмсап алады. Тіпті телефонда ананы ала салшы, мынаны төлей салшы деп бұйрық беріп, Бану отырады. Мұның бәрін байқап жүрген анасы екеуінің арасында бір құпияның барын айтпасада түсінген еді. Міне сорлы ананың сол ойы шындыққа айналғалы қашан. Өйткені жігіт қызды, қыз жігітті ұнатып араларында ұшқын пайда болғанды. Әрине екеуінің де бастары бос адамдар. Қыз ғой біраз еркекке қылығын көрсетіп үлгірген. Ал жігіт әлі сүрбойдақ, үйленбеген. Өткенде ол бір сөзінде Бануға ақтарылғаны бар.
– Үйде әкем бар, сосын аурушаң анам бар. Өзімнен кейін бір қарындасым бар. Әкем анамнан алыстап шыға алмайды, сол үшінде жұмыста жоқ. Ал қарындасым студент оның оқу ақысы бар. Қысқасы осының бәрі менің мойнымда деп мұңын шаққан. Әне сол әңгімеден кейін екеуі сырлас боп аралары онан сайын жақындай түскен. Тек көпті көрген қу қыз құшағына құлай кетуден қорқып ойланып біраз жүрді. Бұл дегенің аузы күйген үрлеп ішедінің кебі. Қашан ақ некеден өтіп, ақ босағаны аттамағанша жігітке жоламаймын деп ант су ішкен. Оның сыры белгілі ғой тап осы жүрісте қарны қампайып шыға келсе анасы Айымкүл күйіктен өлер. Сол үшін де мына жігітті үгіттей бастаған.
– Егер де әке шешең қарсы болмаса, мен саған кет әрі емеспін. Қазақтың азаматы есебінде маған ұнайтының рас. Айттым ғой бұрын тұрмыста болғанмын, тұз несібеміз жараспаған соң қазір басым бос. Жалпы мен өткен өмірімді есіме алғым келмейді. Ол жайлы жақ ашпаймын десең мен ойланайын деп үміт берген. Бұл сөзге жігіт не десін, әрине деп қоштай кеткені бар. Себебі өзі жас, өзі сұлу әрі жеке бизнесі бар Банудай қызға қай еркек болмасын есі кетері анық. Ал қыздың ары қыз пәктігі деген ол бұрында болған. Қазір ол жайлы ойлайтын заман емес. Қазір досың да дұшпаның да қолыңмен қалтаңа қарайтын заман. Міне осыны білетін жігіт Бану қызға онан сайын ынталана түскен. Осылайша екеуінің арасында махабат пайда болған. Сонымен бәрін қойып сөз соңын үй құрылысы біткенде үйленетін боп шешкен. Бірақ мұны Айымкүл апай білмейді. Жүрегі ғана секем беріп жүр. Ал неден секем алады оны өзіде түсінбейді. Әйтеуір мына жігіт біреуге ұқсатты да тұрды. Қас қаққаны енді онан сайын үрейлендіре түсті. Сонымен міне, есіктен кірген жігітті шәйға шақырып үстелге отырғызды. Сонан соң жәй басып жүріп ананы, мынаны сұрай бастады.
– Балам сен өзің қай жақтың баласысың, елің не. Әке шешең барма, жасың қаншада шәй қайнағанша әңгіме болсыншы? Жалғыз өзіме шәй батпай отыр еді деп қасына келіп қисая кетті. Бала не десін, елімен жерін қоса айтып сал боп қалған шешесінде сөз қылды. Тіпті анасына қарап үйінде отырған әкесінің аты жөнін айтып телефондағы отбасылық суретін көрсетті. Мұны көргенде ана жүрегі тоқтап қала жаздады. Ал телефонына шұғыл қоңырау келген жігіт шәйға қарамады. Кешіріңіз, кетуім керек деп нан ауыз тидіде сыртқа жүгірді. Оған тоқта деп айтуға ана жүрегі дауаламады. Осылайша Айымкүл ана ширек ғасыр өткенде өз күйеуін көрді. Көргенде де бір ұл, бір қызы бар бақытты отбасын көрді. Жүрек құрғыр қан жылап тұрды. Өмірінде өшпестей із қалдырған еркекті әлі де ұмыта алмағанын түсінді. Сол сәтте көз алдынан студенттік жылдары жүгіріп өтті. Өз группаласы болған осы Мұхтарға өлердей ғашық болғанын есіне алды. Соңынан тұрмысқа шығып, екі жас маман қол ұстасып сол кездегі Жамбылға аттанды. Соңынан тұз несібесі жараспай жолдары қақ айырылды. Оған себеп сымбатты жігіт Мұхтарға ауданнан бір хатшы қыздың көңілдес болуы себепші еді. Қызғаныш деген қызыл ит жанын жеп тыным бермеді. Ақырында айқай – шу, ұрыс – керіс көбейді. Оның үстіне ішкілікке бір табан жақын еркектен ертерек құтылсам деп те ойлады. Тіпті бұл еркек үшін жастық дәуреннің бір елесі екенін де ескермеді. Қайран жиырма бестің жұмбағы боп қаларын білмеді. Сол үшін де сөмкесін арқалап көшеге шыққан еркекке қайт демеді. Мені шын сүйеді, қашан болмасын қайтып келеді, деп нық сеніммен жүрді. Бірақ қатыннан қатты көңілі қалған еркек қайтып есік ашпады. Тіпті хабарын алмады, іздемеді, қоңырау да соқпады. Ал сағыныштан сарғайған ана Мұхтарсыз өмір сүре берді. Қайта тұрмысқа шығуды ойламады. Осылайша жалғыз қызды құшақтап жүріп ширек ғасыр өткенін білмей қалды. Бұл енді Айымкүл үшін өмір бастамасы ғана еді. Өйткені бәрінен бұрын бұл жайлы Бануға айту мұң болды. Қалай айтсын не деп айтсын. Мына бала сенің бауырың десін бе? Араларында жақындық барын байқаған, құрсын құшағына құлап үлгірген болса ше. Бұл дегенің енді сұмдық қой, Құдай кешірмес күнә. Егер солай болған болса осының бәріне жүзіқара Айымкүл кінәлі. Қайран дүние, қай қайдағымен табыстырып сұм тағдырдың бұл не сыйы маған? Өкініштен өзегі өртенді. Е, Алла, абыройымнан айыра көрме, деп жалғыз қалып еңіреп жатты.