Читать книгу Жалғызсыраған әткеншек (Тимур Мустафаев) онлайн бесплатно на Bookz
Жалғызсыраған әткеншек
Жалғызсыраған әткеншек
Оценить:

4

Полная версия:

Жалғызсыраған әткеншек

Тимур Мустафаев

Жалғызсыраған әткеншек

1

Сағат түнгі 02:35, айнала тас қараңғы, қала ұйқыда. Бірлі-жарым өтіп жатқан көліктердің дыбысы мен жарығы жалт-жұлт етеді. Мен ескі қаламен жаңа қаланы жалғап тұрған үлкен көпірге өзенге ағып өлмек болып келдім. Екіленіп тұрған осы сәтте көз алдымнан 35 жылдық ғұмырым бейне бір қысқа метражды фильмдей өтіп жатты.

Негізінде мен бұрын да өз-өзіме қол жұмсамақ болғам. Ол кезде мектеп оқушысымыз. Менің жақсы көретін қызым болатын. Мидори де мені сүйетін. Арамыздағы байланыс ерекше тылсым, махаббат деңгейінен биік, түсінік көгінде еді. Иә, мен оны, ол мені ешқандай сөз, эмоция, ишаратсыз жай ғана бір қарағаннан түсініп, ойымызды оқып қоятын едік. Бір көшеде үйлеріміз қатар орналасқасын, екеуміз бір-бірімізді бала күннен жақсы танитынбыз. Арамыздағы сезім 1990 жылдың күзінде, кешкісін қосымша сабақтан қайтар жолда, біздің үйден екі көше төменіректе, саябақта жалғыз өзі әткеншек теуіп отырған Мидориды кезіктіргенімде орнаған еді.

– Мидори? – Ол біраз бөгеліп, маған жылағаннан ісініп кеткен көздерін қадады.

– Неге жалғыз отырсың?

– Жәй, – кофтасының жеңімен кішкентай көздерін сүрте, – ештеңке де емес! – деп қосты. Мен үнсіз жанына жайғастым. Міне, дәл осы сәттен бастап бір-бірімізді бір қарағаннан түсінуіміз басталған-тын.


Мидори параллель сыныпта оқитын. Сондықтан да онымен кездесу үшін қоңырау арасында мектептің ұзын коридорын күнде кесіп өтуіме тура келетін. Бірде сабақтан кеш шығып қалдым, ол ендігі қайтып кеткен болуы керек деп ойлап, сыныбына соқпастан тура үйіне тарттым. Қасқарайған болатын.

– Әпкем әлі оралмады, – деп жауап берді кішкентай сіңлісі. Мен атып ұшып мектепке жетіп келдім. Иә, ол өз орнында отыр екен. Жақындап келсем, Осаму Дадзайдың шығармалар жинағын оқып отыр екен. Мені байқағанда нәзік қана жымиып, терезеге бір қарап:

– Идзуми, неге сонша кешіктің?

– Кеш шыққан соң, сені кетіп қалса керек деп үйіне бардым.

– Ммм, мен тіпті кітап қызығына кіріп кетіп, айналадағы әлемді ұмытыппын.


Мидори кітапты көп оқитын. Сөмкесінде үнемі бірнеше классика салып жүретін. Ол маған қызықты етіп түрлі хикаялар да тарқатып беретін. Бірақ сол күндері ол көп сөйлемей, терең ойға кететінді шығарды. Екеуміз мектептен кеш қайтқан күні ол маған жақындап кеп, көзіме ұзақ үнсіз қарады да теріс айналып, сол сұрақты алғаш әрі соңғы рет қойды:

– Идзуми? Сені өлім қызықтыра ма? Мен батыл емеспін. Мен… сені сүйем. Менімен бірге ажал құшқың келе ме?


Төбемнен тас түскендей болды. Состиып біраз үнсіз қалдым. Иә, мен оны сүйдім, тіпті қазір де қанша жыл өтсе де сезімім сол қалпы. Алайда мен оны сол сәтте оның таңдауын қолдайтындай, артынан тіпті өлімге де бас тігетіндей жақсы көрмегенімді бүгін анық білем… Менің үнсіздігімді күтпегендей Мидори жүзіне өтірік күлкі үйіріп, түк болмағандай:

– Жә, шынымен де сеніп қалдың ба? Қалжыңдаймын, көңіліңе жақын алма, – деді. Сол кезде ол жауап маған да ыңғайлы болғасын, жеңіл күлдім де қойдым.


Бір күні ол мені океанариумге шақырды. 1991 ж. маусымның ашық күні, аспанда шоқыдай бұлт жоқ. Мидори ерекше әдеміленіп алған. Ұзын қою қара шашын қуыршақ кеудесіне түсіріп алыпты. Әдемі ақшыл сұр көйлегі толықсыған мүсінін әшкерелеп тұр, көзіме ерекше түскені – самайына түскен шаштарын ұстап тұрған қызғалдақ пішіндес қыстырғышы. (Қызғалдақ қашанда нәзіктік пен пәктіктің, жақындық пен жаттықтың символы еді.) Демалыс күні болғасын көшелерде адам ығы-жығы, жамыраған бала-шаға мен оларға ұрысып жатқан аналарға толы.

Дегенмен океанариумде адам саусақпен санарлық қана. Ұзын дәлізбен жүріп келеміз, үстімізде, жан-жағымызда көк судың ішінде мұхит тұрғындарының неше түрлісі жүзіп жүр. Анадайда үлкен акула көрінеді, одан төменіректе түрлі түсті сәулелермен жарқылдаған медузалар, олардан төмен бізге жақын алып тасбақалар көздің жауын алады. Ішкі бөлмелерде бөлек аквариумдерде орналасқан сан түрлі сұлу балықтар бар. Мидори жүгіріп кеп «Жалғыздық тереңдігі» деп аталатын, күміс-көк балығы бар орташа біріне тоқтады. Ұзын, жіңішке, айнадай тегіс күміс терілі. Оның денесінде жалғыз, жарқылдаған көк жұлдыз сияқты дақ бар екен.

– Қарашы, қандай сұлу өзі, – деді ол саусағын балыққа нұсқап. Мен басымды изедім. Мидори: «Мені суретке түсірші», – деп ұялы телефонын созды.


Океанариумнан шығып кафеге кіріп түстендік. Мұнда адам лық толы екен, шеттен екі адамдық стол әзер таптық. Астан кейін Мидори құлпынай балмұздағына тапсырыс берді. Тапсырысын әдемілеп, асықпай ерекше бір тәбетпен жеп отырып, ол маған соңғы оқыған Брэм Стокердің «Дракуласын» әңгімелеп жөнелді. Оқиға желісі есімде еміс-еміс ғана қалды. Есесіне оның сол кездегі ерекше ықыласы мен шабыты һәм көздеріндегі отты қазір де көзімді жұмсам, ап-айқын көз алдыма келтіре алам. Түстіктен соң біз саябақта біраз серуендедік. Жолдың жиегінде әдемі жайқалып өскен әр алуан гүлдер арасымен Мидори алдымда, мен соңынан ілесіп келем.


Кенет ол тоқтап қалды. Жақындап келсем, жолда өлі қара мысық жатыр екен. Мидоридың түсі өзгеріп, жүзін мұң басты. Азғантай кідірістен кейін:

– Біз оны жерлеуіміз тиіс!

– Жарайды. Қайда?

– Сен күрек тауып кел, – деп кесті де, алаңдаулы күймен маған назар тастады.


Күрек алып келгенімде Мидори мысықты үлкен теректің түбіне көшіріп қойыпты.

– Мына жерді қаз, – деп ол теректің түбін нұсқады. Отыз сантиметрдей тереңдікке қара мысықты Мидори жақын маңдағы дүкеннен алып келген қызыл матаға орап қойдық. Топыраққа күректі батырғанымда ол тоқта дегендей қолымның білезігінен ұстады да өзі уыстап көме бастады. Шұңқыр тегістелгесін, Мидори қолдарын тізесіне қойып, жанарын жұмған халде тәңіріне сиынғандай біраз үнсіз отырды. Мен оны бөлгім келмей, осындай нәзік жүректің иесіне тамсанып қарап тұрдым.


Ауыр жұмыстан соң орындыққа жайғастық.

– Кофе ішесің бе? – деп сұрадым. Ол мақұлдады. Екі ыстық американо: маған қантпен, оған қантсыз әкелдім. Күн батуға ауған-ды. Біраз үнсіздіктен кейін ол басын иығыма сүйеді де:

– Идзуми?

– Иә.

– Сен жақсы жансың!

– Неге?

– Енді мен сияқты бір түрлі қызға анау-мынау шыдай алмас… – деді де бетімнен сүйіп алды. Мен ештеңке деп жауап қатпадым, тек ұясына батуға асыққан күнге көз тіктім.


Бірде Мидори мектептегі бір емтиханды сәтті тапсыра алмай уайымға салынып, өз-өзін жегідей жеді. Үйден шықпай қояды, жазған хабарламаларыма жауап таппағасын мен онымен жүздеспек болып көп оқталғанмын, бар әрекетім сәтсіз болды. Сол күндердің бірінде, түн ортасында оянып кеттім, аптығып дем алып жатыр екем, шамасы жаман түс көрген болармын. Бөлмемде ары қалуға мазам кетіп, тысқа шықтым. Қараңғы көшемен әлгі Мидори екеуміздің сезіміміз алғаш оянған саябаққа келдім. Анадайда әткеншек үстінде қарайып бір сұлба көрінеді. Жақындап келсем – Мидори. Ол мен көргенде біраз үнсіз қалды да кейін алақанымен екінші әткеншекті меңзеп ишарат етті. Жанына жайғасып, не айтарымды білмей сасып қалдым. Әңгімені ол бастады:

– Идзуми, білесің бе! Маған үнемі мына қараңғы әлемнің арғы жағында не бары қызық көрінеді, – деді ол жұлдызсыз қара түнек аспанға көз тіге.

– Сенің барлық хабарламаларыңды оқыдым, үйге сан мәрте келгеніңді де білем, рахмет саған. Алайда білесің бе, мен сыныпта үнемі үздік нәтиже көрсететінмін… Бұл менің алғаш рет емтиханнан құлауым болды… Содан болар, біразға дейін қабылдағым келмей, көңіл-күйім түсті. – Мен жәй ғана басымды изедім.

– Идзуми, ежелгі Вавилонда… – Мидори әткеншектен секіріп түсті де, саябақтан шығып қараңғы көшемен тіке жүріп кетті. – Иә, сол ежелгі қаланың патшасының Македониялық сұлу жары болған деседі. Патша оны құлай сүйіпті. Дегенмен бір шикілік бар еді: ол әйел елін, Македонияның жайқалған гүл бақтарын, жасыл ағаштарын аңсап құса болады. Патша шөл басқан Ассирия даласын Македонияға айналдыра алмасын біліп, қапа болған екен. – Мидори жол айырыққа келіп, аз кідіріп, жолдың жағажайға апаратын жағына қарай жүрді. – Әйелінің көңілсіз кейіпі жанына батқан патша Вавилонның барлық ғалымдарын жиып жарлық береді. Атына заты сай ғұламалар, инженер, математиктер жабылып бір шешімге келеді: төрт қабатты, жалпақтығы 100 метр алып қабырға тұрғызып, соңғы қабатына тез келген ағаштың тамыры тереңге баратындай қалың топырақ төсейді. Сөйтіп үстінде екі ат арба еркін қатар жүре алатын алып қабырғаның жиегіне ағаштар мен хош иісті гүлдер отырғызып, ортасынан жасанды өзен ағызады. Суды Ефрат өзенінен күнде құлдар таситын болған деседі. Осынау әлем кереметі атанған алып құрылысты жасауға патша қаншама зұлымдыққа барып, мыңдаған құлдың өліміне себепкер болған екен. Бірақ сол әсем бақтың үстінде шатыр тігіп, ағып жатқан судың сылдырын тыңдаса да әлгі македондық патшайымның жаны байыз таппай, ақыры өзіне қол жұмсап өлген деседі… – Біз жағажайға жеттік. Мидори тәпішкесін шешіп, жалаңаяқ құм үстімен дыбыссыз, өлі жатқан теңізге қарай ақырын жүре бастады. Мен біраз екіленіп артынан ердім. – Идзуми, білесің бе! Маған сенің соншама құрбандыққа барғаның керек емес. Маған – сен кетпе, мен сені шақырғанда артымнан көп күттірмей келсең болғаны. – деді ол тізесіне дейін суда, екі қолын артына байлап, шетсіз-шексіз қара теңізге қарап тұрып. Аспан ашылып, ай жарығы түсті. Сонда мен анық байқадым: оның денесі қалтырап тұр екен, оны бір тылсым үрей билеп алғандай тіпті. Жанына келіп үнсіз құшақтадым, арқасынан ақырын қаға бастап едім, ол жылап жіберді де: – Идзуми, мен қорқам… Сен мені жалғыз сол қара түнекте қалдырып кетесің бе деп қорқам…

– Уайымда ма, мен сені тіпті о дүниеде де іздеп табам! – Сол түні мен өзіме өмір бойына қарғыс болатын уәдені бергенімді осы күндері айқын білдім.


1992 ж. Қоңыр күз, дала аздап салқындаған-ды. Талдардың жапырақтары түсіп, жасыл жерден тіршілік кетіп, айнала күңіреніп кетті. “Табиғатты аялайық” мемлекеттік бағдарлама аясында біздің мектеп жоғарғы сынып оқушыларын жинап, бір тәуліктік сенбілік-саяхатқа, қала шетіне аттанды. Мектеп арнайы 3 жұлдызды қонақ үй жалдады. Қонақ үйге жақын алқапты орманды тазалау міндеті бізге бұйырды. Түсте біз шағын топтарға бөлініп ас әзірлеуге кірістік. Біріміз көкөніс турауға, біріміз дастарқан әзірлеуге, ал енді біріміз қазан астына қурай теруге бөліндік. Мидори екеуміз осы ағаш теретін топқа түстік. Қалың орманды бес адам болып аралап жүрдік. Мидоримен соңғы кезде көп кездесе алмадық. Соның орнын толтыратын орайы келді деп ойлап, біраз әңгімеге тартып көрдім, бірақ амалым айтарлықтай нәтижелі болмады.


Кенет ағаш арасы қышыр-қышыр ете қалды. Құйрығы үлпілдек, арқасы қоңырқай-қызғылт кішкентай тиін көрінді. Мидори балаша қуанды. Ақырын басып жанына жақындап қарады. – Идзуми, Идзуми, қарашы, аузы тола жаңғақ! – деді ол, екі езуі құлағына жетер-жетпес. Көп ұзамай тиін қашып кетті. Мидори балаша ернін түртитіп алды. Сонсоң алға қарай жүріп:

– Білесің бе, тиіндер бар-жоғы 6–7 жыл өмір сүреді, – ол біраз үнсіз қалды, тоқтап ұзын талдың шыңына телміріп қарап тұрды. – Керемет қой… Ал біз ше? Адамдар мына жер бетін 60, 70 тіпті 100 жыл шарлайды… Бұл мен үшін тым ұзақ көрінеді. Сен олай ойламайсың ба? – деп сұрады.

– Мен тіпті ол туралы ойламаппын.

– Түсінікті. Кеттік, бізді басқалары күтіп қалған болар!


Түнде қонақ үйдегі бөлмеде мазам кетіп, ұйықтай алмадым. Тысқа шықтым, ішкі аулада су бұрқағы бар еді. Сол есіме түсіп, соған қарай бет алдым. Аспан ашық, жұлдыздар анық, толған ай жарқырап тұр. Ішкі аулаға келсем, су бұрқақ қасында Мидори аспанға, айға телміріп отыр. Алғашында ойын бұзғым келмей, қонақ үйге кірдім. Алайда кейін қолыма плед алып қайта оралдым. Үнсіз пледті иықтарына жапқанымда Мидори маған тесіліп аз назар салды да, қайтадан жүзін жұлдызды аспанға бұрды.

– Неге әлі ұйықтамадың?

– Бөлмемдегі қыздардың гу-гу әңгімесі зеріктіріп жіберді.

– Мидори.

– Иә?

– Жә, ештеңе…

– ???


Біз біраз үнсіз қалдық. Тыныштық қамытын Мидори бұзды. Ол маған денесін бұрып, әлсін-әлсін ғана еңкейіп, көзіме үнсіз қарады. Бірақ көпке дәті жетпей, қызға тән ұяңдықпен көзін төмен салды. Мен сол қолымды оның суық бетіне ақырын тигіздім. Самайына түскен шашын құлағының артына қайырып, төніп кеп ернімді шиедей қызыл, бірақ сол түні ай жарығында көк түсті көрінген еріндеріне, жапырақтың жерге түскендей әлсіз ғана тигіздім…


Сол саяхаттан кейін Мидори мүлде өзгерді. Ол енді көп уақытын кітапханада өткізетінді шығарды. Біз тіпті сирек кездесетін болдық. Ал қыс келген соң ол көп ауыратын болды. Сабаққа тіпті аз келетін, келген күнде де көп уақыты кітапханада қалың томдардың арасында өтетін. Мен көп мәрте сөйлеспек болып оқталдым. Бұл әрекетіме ол тек қысқа күліп қоя салатын. Міне, осы кезден бастап менің көзім анық жеткен-ді: біз екеуміздің арамыздағы бір-бірімізді үнсіз ғана бір қарағанда түсініп қоятын қасиеттен айырылғанбыз. Мен тіпті ендігі ол қыздың санасында не барын таразылай алмайтындай күйге түстім.


Жаңа жылға жақын, кешкісін Мидоридан хабарлама келді: «Қарсы болмасаң, серуендеп қайтсақ? Мен біздің саябақтамын». Мен жауап жазып, дереу киініп, сыртқа шықтым. Саябаққа келгенімде сырғанақтың жанында сәл тоңып қалған Мидориды таптым. Қызыл шарфқа орап алған кішкентай мұрнынан бу шығып тұр екен.

– Кеш мазаласам, кешір.

– Ештеңе етпес, сен өзің қалайсың!?

– Ымм, жақсы.


Біз қаланың ойын-сауық көшелеріне беттедік. Мейрам қарсаңы, айнала аппақ қармен безендірілген шыршалар, адам қарасы тым көп. Екеуміз біраз жүрдік. Алайда ол да, мен де арамыздағы ыңғайсыз тыныштықты бұзғымыз жоқ.

Конец ознакомительного фрагмента.

Текст предоставлен ООО «Литрес».

Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на Литрес.

Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.

Вы ознакомились с фрагментом книги.

Для бесплатного чтения открыта только часть текста.

Приобретайте полный текст книги у нашего партнера:


Полная версия книги

Всего 10 форматов

bannerbanner