
Полная версия:
Екі таңдау

Тимур Мустафаев
Екі таңдау
1-бөлім
Жан-жағы тіршіліктің шәрбаті таусылған жалаңаш ағаштар, қос аяқ жолмен ақырын аяндап келем. Қайда? Не үшін? Кім білсін, маңыздысы ол емес. Кейде ғана қытыр етіп табанымның астындағы құрақ, сары-қызыл күзгі жапырақтарының паршасы шыққан дауысы естіледі. Биыл тағдырымның көңіліме жара қалдырған ісіне міне 11 жылдан асса да, мен әлі де сол күндерге ойша көп сапар шегіп келем…
Оның сыңғыр күлкісі… Қысқа, әдемі қоңырқай шашы… Па, шіркін, оның ыстық әм соңғы құшағы… Ол сөйлегенде өзге әйелдер секілді шұбартпай, нығыз, аз әрі түсінікті сөйлейтін… Өмірінен сыр аша бермейтін құпия һәм айқын жан еді… Бір кеште ол маған жасаураған көздерімен қарап:
– Тимур, мына сұм жазмыштың қылғаны көп, соның үшін мен бүршік атпаған шиедей, бөгдеге ашылуым неғайбыл… Суықпын мен, суық! Сыртым жылымық болғанымен, ішім мұз… – Ол аз үнсіздіктен соң: – Оны ерітер құдірет сенде де, менде де жоқ… – деді.
***
2007 оқу жылының басы, мен жоғарғы оқу орнына түстім. Баспалдақпен жоғарылап жатып Сараны алғаш рет көрдім. Қысқа қоңырқай шаш, орта бойлы, ағылшын тілі мұғалімдерінше сәнді киінген. Менің қарап қалғанымды байқады ма, жоқ па, оны анық білмеймін, ол құшағында бір бума қағазбен шұғыл төмен түсіп кетті.
Аптаның үшінші күні шет тілінде ол кіріп келді. Ауызым ашылып – sit down please – дегенін құлағымның жанынан өткізіп, состиып қалыппын. Бір кезде барып есім кіріп, отыра қалдым. Қыздар сыбыр-сыбыр шүйкілдесе кетті. Сабақтың ақырына шейін екі құлағым ду қызылға боялып, ұяттан кірерге тесік таппай, мазам қашты.
Аптадан апта, күннен соң күн уақыт зырғып жатты. Менің оған деген рұқсатсыз сезімім күннен күнге өршіп, ақыры аяғы күні бүгінге дейін толық жазыла қоймаған дертке айналған-ды. Толстойдың мыңға татар бетке айналған дерті “Анна Каренина” болса, менің ауруым – Сара болды… Мендегі ықыласты ол ертерек сезген, алайда мен оған тым қызық емес едім.
27 жасыңа дейін оның неге әлі де тұрмыс құрмағанын, басқалары секілді біреудің етегінен ұстап, тағдырын сеніп тапсырмағанын… Ол кезде түсінуім екіталай, бірақ осы күндері оның жан дүниесін тым жақсы түсінгендеймін. Алайда, қырық сырлы әйел затын әзелден кәміл түсінген кісі жоқ шығар…
***
Сенбі күні ауылға қайтуым керек-тін. Аялдамаға келгенімде, жүзінде ауыр зілі бар, майысқан садақша, жалғыз отырған Сараның үстінен түстім. Аз кідіріп жанына отырдым, ол көзінің қиығымен бір қарап алды да, жым қалпынан айнымады. Арамыздағы ыңғайсыздық пердесі сәт санап салмақ басып жатты. Болмаған соң терең күрсініп:
– Сәлеметсіз бе, апай. – деп қойып қалдым.
– Сәлеметсіз! Иә, қайда жол тарттыңыз?
– Ауылға.
– …
– Сіз ше? Қайда? Әлде қайдан келесіз? – ол аз үнсіздіктен кейін, нәзік алақандарын орындық жиектеріне тіреп, көзін тебіс темірге тастап:
– Шаттық аралына кеткім келеді… – деді. Артынша бұзықтық қылған баладай дауысы өзгеріп: – Қаперіңе алма! Жақсы, сәт сапар! – деп қосып, орнынан жылдам тұрып, көзден ғайып болды.
***
Дүйсенбі, күн ашық, алайда күзгі салқын самал аздап тоңдырады. Университетке барар жолда бұрнағы күнгі Сараның “Шаттық аралына кеткім келеді…” деген сөзін көп ойладым. Неге шаттық? Неге бақыт немесе арман-қиял аралы емес??? Осы шат деген не өзі..?
Сабақ басталғанда апай маған басқаша көздерімен бір қарады да, кейін пара аяқталғанша сұлу жүзін мен тарапқа бұрған емес. Бұл ісінде бір қымсыну яки ыңғайсыздықтың зайыр нышаны бар еді.
Көзім әйнекке түсті, біздің ауланың нақ ортасында діңі қалың, көлеңкесі кең, алып емен ағашы бар. Ол ағаштың осылайынан көкке бойын тіктеп тұрғанына екі жүз жылдан асыпты. Жалпы емен ағашы бес ғасырдай өмір сүреді екен. Он бес буынның ауысқанына куә болатын бұл ағаш. Әлемнің тез келген хәкімi жинай алмайтын даналықты бір бойына жиып, аузы буылған, еш ашылмаған, іші тола қазына қапшық секілді мына фәнимен ләм-мим деместен қош айтыспақ.
Осы керемет ағашқа қараған сайын тұла бойымды өзгеше толқыныс билейді, етегіне жайғасып бар сырымды ақтарып, енді бұл құпияны өзіңмен бірге көрге ала кет дегім келеді. Неге олай? Тоба, адам ағашқа сыр шағушы ме еді..? Мүмкін, ішімдегі әңгіменің салмағы тым ауыр болғандықтан, оны бір көтерсе осынау қасқайып тұрған алып емен көтерер деп ойлаған шығармын…
***
Универ асханасында түстеніп отырғанымда жаныма қолында тамақ салынған подносымен орта бойлы, аққұба, шашы белінен келген, қара көз қыз келіп:
– Қасына отырсам рұқсат па? – деді жартылай дауыспен. Келіскенімді білдіріп, басымды изедім.
– Сен профессор Анаровтың саясаттану пәні бойынша лекциясында үнемі артыңғы қатарда шұқшиып кітап оқып отыратын бала емессің бе?
– Ммм.
– Мен Аружанмын, параллель топта оқимын. – Мен жауаптың орнына сорпамды жоюға кірістім. Ол шанышқымен екі түйіп макаронды іліп, қолын баяу қозғап еріндеріне дейін тақап кеп, есіне бір нәрсе сап ете қалғандай шанышқыны тарелкаға тастай салды да:
– Сен осы демалыста боссың ба? – деп қойып қалды.
– Ымм, жалпы иә?
– Менімен бірге тауға шықсаң?
– Жақсы…
Аружан жүзіндегі айқын қуанышпен түскі асын жей бастады. Сорпаны әлдеқашан тауысқан мен оның алдында ыңғайсыздық сезімі үшін орнымнан тұрып кете алмадым. Оның шиедей қызыл еріндерін мыжырайта макарондарды жоқ қылып жатқанын қозғалыссыз бақылап отырдым.
***
Жексенбі, күн салқын. Қалың қызыл күртешелерімізді киіп алған Аружан екеуміз Түрген тауындағы Аю сарқырамасына көтеріліп келеміз. Ол алдымда жол бастап келеді.
– Тимур, саған осы табиғатта не ұнайды?
– Бұлттар! – Ол жалт бұрылып, орнында аз кідіріп:
– Бұлттар…!? – деп сұрады таңғалған пішіммен.
– Иә, бұлттар! Себебі олар алыс әрі тылсым…
– Қызық екен… Ал маған сарқырамалар ұнайды. Сол үшін де жексенбіде сені сүйреп осында алып келдім. Білесің бе, Тимур, сарқыраманың толассыз аққан суық суына қарап жаным ерекше байыз табады. Сол сәт ойым толықтай тыным тауып, өзгеше рақат сезімін сезем, тіпті солайынан мүсін болып қатып қалуға бармын.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «Литрес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на Литрес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.
Вы ознакомились с фрагментом книги.
Для бесплатного чтения открыта только часть текста.
Приобретайте полный текст книги у нашего партнера:
Полная версия книги
Всего 10 форматов

